Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  88


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Мен қоймаймын нүктені...

Мен қоймаймын өлеңге бұл... нүктені,
Оған қайта көп-көп арман жүктедім.
Бұқар, Дулат, Абайлардан басталды ол,
Мұқағали, Қасыммен де бітпеді!
Ол бар Адам, Хауа ана өмір сүргелі,
Мың-мың ақын көкірегінде – жыр кені.
Уайымнан құтқарады, құрғатып
Арулардың көзі жасын сүртеді.
Түндерде мен өлеңімді көрем де ес,
Ұшам көкке, көз салмаймын төменге еш.
Өтті алдымнан жасауы мол, жазы мол,
Мәңгілікке бет түзеген өлең-көш.
Мазалай да бермеймін ғой оны көп,
Соңына ердім, көкірегіме толып от.
Біздің өмір бес күндік қой, бес күндік...
Ал жыр көші бітпес, оның соңы жоқ!
Өлең – дертім, табылмады түк те емі,
Мейлі, бәрі, түске айналсын тіпті өңім...
Мен қоймаймын өлеңге бұл нүктені,
Өлең бітсе, өмірдің де біткені




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу