Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  80


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Тұтқында

Үш неміс батыр қыздың қолын байлап,
Бір үйге кешке жақын келді айдап,
Немістер осы үйде тұршы еді,
Көргенде кетті Зоя кегі қайнап.
Офицер сигар тартып жайланды əне,
Кірісті жендеттері – айуандары:
Зояны сұраққа алып ұрды, соқты,
«Партизан, партизан!» деп айғайлады.
Күлісті өлім – ажал жолын нұсқап,
Көрсетті нəзік қызға небір қыспақ.
Маңдайдан пистолетпен салып қалып,
Тұрғызды Зояны ол шаштан ұстап.
Бір үйді бір үйден соң аралатты,
Зояның əлі бітіп бара жатты.
Бет-аузы ісіп кеткен, маңдайы қан,
Жауыздар аямапты, жаралапты.
Нəзіктік, балалығы жырақ қалды,
Қызды аяп үй иесі жылап та алды.
Өзінше шатып-бұтып – орысшалап,
Офицер партизанды сұраққа алды.
Лəззат ап қызға түскен жарақаттан,
Офицер көк түтінін таратып паң:
- Қай жақтан келе жатсың?- деп сұрады,
Берді қыз нақты жауап:
- Саратовтан!
- Қай жаққа бет алып ең?
- Калугага.
- Жалғыз ба ең?
- Құрбым бар ед жанымда – Аня.
Екеу едік, немістер ұстап алды,
Досымды Кубинканың жағында, ана...
Əр сөзі жазылғандай ойып тасқа,
Бекінді жендеттерден қорықпасқа.
Жасқанбай кесіп жауап қайтарды ол,
Кеткендей табанасты болып басқа.
Неістер тағы соқты оны аямай,
Бет-аузы қызыл қанмен бояғандай.
Үдеріп амалсыздан тұрды жаулар,
«Жоқ!» дегеннен басқа ешбір жауап алмай.
Кешкісін алып шықты қар үсіне,
(Ақ қысы туған жердің таныс, міне!)
Қолдары тас байланған, жалаңаяқ,
Япыр-ай, киімі де жоқ үстінде.
Айдады қар үстімен алға қарай,
Ақ қарға жалаңаяқ салды аямай.
«Жүр-жүрлеп» түйіп-түйіп қояды жау
Құмары сабағанда қанбағандай.
Басқа үйде сұрау берді көп келісіп,
Жарадан бет-ауызы кеткен ісіп.
Қап-қара еріндері қанталаған,
Немістер түртпектейді тап берісіп.
Əр үйде фашистер жүр тергеуге алып,
Тамсанды қайсар қызды көрген халық.
Зояның қайтпас-қайсар өр мінезін
Жыр етті қайтпасына сенген халық.
Жаулардың əлсіретіп бұл сынағы,
Зоя қыз келген үйден су сұрады.
Бір неміс: су орнына ызаланып
Иегіне тақады үй шырағын...
Ажалдың жалаңдады алдаспаны,
Жалынып Зоя бірақ, жармаспады.
Бар жасар амалдары таусылған жау
Батырды алып шықты дарға асқалы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу