Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  185


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Тарихпен сырласу

Қанша қылыш салды ізін түр-өңіне,
Қанша мықты сенді күш-білегіне.
Жатыр солар қойныңда,
Кезінде олар
Қанша таңба түсірді жүрегіңе.
Өзің көрген күн де әлі сырғанайды,
Өзің көрген көрдік біз туған айды.
Уақыт пенен алдында кеңістіктің
Өзіңді де біреулер бұрмалайды.
Берді уақыт өлмейтін тұлға саған,
Болашақтан шашылған гүл де саған.
Алдыңда сәл артықтау кетсем кейде
Кешіре гөр, қария, мың жасаған.
Сен ақылды төреші,
Кең, данасың,
Шындықты да сүйетін сен ғанасың.
Қанша әжім басса да бет-аузыңды,
Жап-жас қана күйіңде сен қаласың.
Өзгертілсін,
Өңделсін өмір мейлі,
Сенің болат қабырғаң сөгілмейді.
Жердің бетін қанша шаң басса-дағы,
Сенің жүзің бәрібір көмілмейді.
Туып жатыр талайлар,
Өтіп жатыр,
Бәріне де жұмыр жер жетіп жатыр.
Ақымақ боп келгендер мына өмірге
Ақымақ боп сол күйі кетіп жатыр.
Баға беріп өзіңше әр ғұмырға,
Айтылады ең соңғы жарлығың да.
Тірліктегі жақсы мен жаманды да
Сұрыптайсың қайтадан барлығын да.
Бас ұрмаймын ешкімге, шағынбаймын,
Бір басыма шап-шағын уайым-қайғым.
Барлығын да солардың жиып қойып,
Сенің ғана сөзіңді мойындаймын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу