Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  156


Автор: Аманхан Əлімұлы

Көкжиек – көлге түсіп от шашқан күн...

Көкжиек – көлге түсіп от шашқан күн,
Желөкпе желікпесі жетті ақшамның.
Булығып бұлқынғанда бура бұлт,
Бұрымы тарқатылып кетті аспанның.
Түн қойнына тығылып сағым дала,
Тұрмын келіп аулыңа тағы ұрлана.
Егілмеген жүрегің – жүрек емес,
Сөгілмеген қабырғаң – қабырға ма?
Арамызды беретін достық бөле,
Көңілдерді көзсіздеу қостық келе, –
Сабылмаған сағыныш – сағыныш па,
Қағынбаған жастықты жастық деме.
Арыла алмай келемін ойдан мына,
Тілегіме тілегім байланды ма?
Қайшылайды құлағын қараңғыда, –
Қазығында айналған қайран құла.
Керқұла арқырады байлаудағы,
Байғұстың ашылмай-ақ қойды-ау бағы.
Түбінде үйеңкінің үкіленген,
Қосшы дос қос мұңлықты ойлауда əлі.
Аттандап көтерілер сағым дала,
Кетерміз тау-тас кезіп тағы ұрлана,
Қосқай, – деп, – қос мұңлықты жеңгең қалып,
Ашқай, – деп тілеп тұрар бағыңды ана.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу