Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  117


Автор: Аманхан Əлімұлы

Жолдар шығып алдыңнан сан бұрымдай...

Жолдар шығып алдыңнан сан бұрымдай,
Қанша жаның дауылға қалды ұрынбай.
Таңғы шықтай, Қарағым, тап-таза едiң,
Əдемi едiң жəне де таң нұрындай.
Керуендей келетiн күн көшкенге,
Жанымыздан сезбейтiн мұңды еш пенде, –
Көзiмiз бен көзiмiз сыр ауласып,
Сөзiмiз бен сөзiмiз үндескенде.
Көкжиекке күн құлай жалқынданып,
Танытатын кей-кейде салқын қалып.
Бiз жағада отырып, сылаң Сырда,
Ай жүзетiн секiлдi алтын балық.
О, жастық-ай, көңiлге түймедiң не,
Ерекшелеу берiлiп күйге мүлде, –
Қалыпты есте шашыңнан иiскегенiм,
Қалыпты есте батылдау сүйгенiм де.
Кигендей өтiп жылдар қыстың кебiн,
Көзiмнен бұлбұл болып ұштың менiң.
Баланың күйiн кешiп қала бердiм,
Таба алмай қапы қалған құстың жемiн.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу