03.05.2022
  288


Автор: Нұрпейіс Байғанин

Төрехан батыр

Баяғыда Темірхан деген хан болыпты. Темірхан Нұрадын ханның Сəуле сұлу деген қызын алыпты. Сəуледен көпке дейін бала тумайды. Дүниеден перзентсіз өтемін бе деген қауіппен Темірхан түрікпеннің Қараман деген ханының Қарашаш деген қызын елшілікпен кішілікке алады. Қарашаштың нағашысы Қоңырбек деген хан бегісі қалмақ екен. Қарашаш түскен жылы төсегімен ұл туады. Артынан жалғасы бола ма екен деп, ұлының атын Егізбай қояды. Егізбай екіге келгенде, Қарашаш тағы ұл табады. Мұның аты Сегізбай болады. Темірхан Егізбай, Сегізбай мен Қарашашқа арнап салтанатты сарай салдырады да, өзі екі балаға айналып, Қарашаштың үйінде болады. Сəуленің ордасына айда, аптада бір келеді. Хан келмегесін, Сəуле: «Қарашаштың өзі өзімнен, тұқымы тұқымымнан артық емес еді, менің төркінім хан Нұрадын еді де, оның нағашысы Қоңырбек деген қалмақ еді. Менен ханды аударып кеткен екі баланың қызығы-ау» деп зарығады да қамығады. Сөйтіп жүріп, қырық тоғызға шыққан жылы Сəуле жүкті болып, бір ұл, бір қыз – егіз бала тапқан. Ұлдың атын Төрехан да, қыздың атын Ханбибі қойыпты. Қызық дəуірде жүріп, бір күні Темірхан ауырады. Сəуленің ордасында жатып Темірхан қайтыс болады.

Халықтың кəрі-жасы: «Ел тірегі хан еді. Хансыз тұру жөн болмас» деп, хан қою жөнін сөйлеседі. Бұл кезде Егізбай жиырма үште де, Сегізбай жиырма бірде еді, ал ханның кенжесі Төрехан он тоғыз жаста болатын. Əкесі өлген кезде, Егізбай мен Сегізбай дауға барса дауды алған, жауға барса, жауды алған белгілі ер азаматтар еді. Төрехан еркелікпен ештеңеге араласпаушы еді. Хандық жайын сөйлескенде, əрі жасы аға, əрі ісі аға, кемдігі жоқ, ер еш міні жоқ шешен Егізбайды таққа отырғызуды жастар қолдаған екен де, қариялар: «Хан болу Егізбайға жол емес, оның түп нағашысы қалмақ еді, Төреханның түп нағашысы хан Нұрадын текті еді, хан тағы Төреханға лайық еді» депті.
Қариялар жастардың тілін алмай, хан тағын Төреханға арнайды. Төрехан алтын таққа отырады. Айтқандары болмаған соң, жастар шамданып, ортасынан зерексінген біреуін Егізбай, Сегізбайға хабар салуға жібереді.

Сөзге шебер сұңғыла,
Елден шыққан бір залым
Астына мінді сұр құла.
Егізбаймен замандас
Жасы қатар құрбы да.
Сұр құламенен желеді,
Егізбай мен Сегізді
Азғыруға келеді.
Сөзге шебер неме еді,
Келе сөйлей береді:
– Егіз бен Сегіз, сен, – деді,
Бұзылған халық ел, – деді,
Хабарға келдім мен, – деді.
Туғаннан туға таласқан
Патша болды Төрехан,
Мұнда жатқан нең? – деді.
Халықтың үлкен, кəрісі
Жастарға билік бермеді,
Сендерге хабар келмеді.
Егізбай менен Сегіздің
Түп нағашысы қалмақтан,
Бір нəсібі кем, – деді.
Егізбай елге хан болса,
Ыңғайында болмасақ,
Еріксіз елді жер, – деді.
Төрехандай төренің
Нағашысы ер Нəсіп,
Екі жағы тең, – деді.
Төрехандай төрені
Хан қою болар жөн, – деді.
Тақ берді халық балаға,
Екеуің қалдың далада.
Өзің ойла, Егізбай,
Аға тұрып інісі
Төрден орын ала ма?!
Жас қорланар іс болды,
Туғаным деп аяма!
«Артымнан өскен інім» деп,
Дұшпан болған шіркінді
Туысқанға балама.
Ағаға ерік салмаған
Жаман іні оңа ма?!
Аға тұрып інісі
Халыққа тұлға бола ма?!
Арқызыл мен Сарқызыл
Қос тұлпарға мін, – деді.
Адырналы бек сауыт
Екі батыр, ки, – деді.
Көк сүңгіні қолға алып,
Беліңе алмас іл, – деді.
Туғаным деп аямай,
Сəуленің алтын ордаға
Жаушылықпенен ти, – деді.
Айбаттанып, шамданды,
Жаушылықпен баруға
Қаһарланып қамданды.
Қатты жедел ойға алды,
Ашу қысып долданды.
Жылқыдағы Сегізге
Ер Егізбай жолданды.
Жедел қуды батырды,
Тентек ісі өзіне
Егізбай ердің мақұл-ды.
Жылқыдағы Сегізді
«Бермен кел» деп шақырды.
Ажары кетіп қуарған,
Екі көзі қызарған,
Ашуын сыртқа шығарған.
– Туған інім сен едің,
Сенің ағаң мен едім.
Суық сөз естіп құлағым,
Ашу қысып келемін.
Ашуланған себебім:
Темірхан атам өлгесін,
Темірхан жиған халықты,
Өз аузына қаратып.
Атадан қалған алтын тақ
Параменен алыпты.
Бізге хабар берген жоқ,
Беруді мақұл көрген жоқ.
«Бірге туған ағам» деп,
Туыстыққа сенген жоқ.
Біз жүріппіз бекерге,
Туғаннан туға таласқан
Қорлығы естен кетер ме?
Мұның берген зəбірі
Көкіректен өшер ме?!
Арқызыл мен Сарқызыл
Тұлпарға мініп алалық.
Бірге тума десек те,
Төрехан еткен алалық,
Көкірегі қаралық.
Туысқан емес бұ да жау,
Дұшпан болып шабалық.
Басын кесіп арамның
Қанын ішіп қаналық.
Атадан қалған алтын тақ
Жалғыздан тартып алалық.
Сегізбай да долданды,
Солқылдақ құрық қолға алды.
Ағасының жауабын
Теріс демей жолға алды.
Арқызыл мен Сарқызыл
Тұлпарды ұстап алады.
Қарашаштың ордаға
Екі батыр барады.
Жау көргенде мінетін
Атқа ерді салады.
Береңгелі бек сауыт,
Шығыршықты көк сауыт
Беркіне киіп алады.
Алтын балдақ ақ алмас
Кəрленіп шапса, жан қалмас
Белге орай салады.
Жабылыңқы қабағы,
Төреханды өлтіру –
Екі залым талабы.
Алды-артына қарамай,
Қарулары жарқылдап,
Қос тұлпары аңқылдап,
Екеуі кетіп барады.
Қарашашқа бармады,
Сыр айтып, ақыл салмады.
Сапарынан қалмады,
Жеделінен танбады.
Білігі артық Қарашаш
Екеуінің жүрісін
Ақылмен байқап аңдады.
Қарашаш сонда ойлайды:
«Екі балам есер» деп,
«Отырмаймын бекер» деп.
«Түрі жаман бұлардың,
Ашу қысқан секілді.
Төрехандай төрені
Екеуі жазым етер деп,
Өзімнен туған бала-ды,
Өтінейін жалынып.
Білігі болса ашуын
Анам деп маған кешер» деп.
Егізбай мен Сегізбай
Қос тұлпармен жөнеді.
Кигені сауыт береңгі,
Рауан жолға кенелді.
Қырыққа келген Қарашаш
Артынан қуды сол енді.
– Егізбай, – деп ақырды,
Сегізбайжан, – деп шақырды.
Шақырды екі батырды,
«Балам» деп айқай салады.
Егіз, Сегіз ерлердің
Құлағына барады.
Айқайына тоқтамай,
Егіз бенен Сегізі
Қос тұлпарын сабады.
Қарашаш жылап еңірейді:
– Екі балам, сен, – дейді
Маған ақыл салмаған,
Шешеден ұлықсат алмаған
Екеуіңнің нең? – дейді.
Перзенттерім, шырағым,
Бір қайрылып кел, – дейді.
Қай сапарға барасың,
Жөніңді айтып бер, – дейді.
Сонда Егізбай сөйлейді:
– Ал, Сегізбай бауырым,
Артыңнан қуды анаң-ай.
«Қос балам» деп шақырған,
Дауысы құлақ жарады-ай,
Қайрылмай кетсек жаман-ай.
Қарғыс берер Қарашаш,
Қайта айналып баралы-ай.
Төрехандай ініге
Қорған бола барам, – деп,
Алдап кетіп қалалы-ай.
Егізбай менен Сегізбай
Қарашашқа келеді,
Келіп сəлем береді.
Дүзі жанбай анадан,
Өтірік дəлел тереді:
– Темірхан атам өлгесін,
Қалмақ деген көп халық
Ел шабуға келіпті,
Еңсеге дұшпан төніпті.
Ел қысылып көп жаудан,
Егіз бен Сегіз келсін, – деп,
Бізге хабар беріпті.
Əрі батыр, əрі данамын,
Əрі елге ағамын.
Қуырам жаудың заманын,
Тоқтатып дұшпан табанын.
Ел қорғаны батырмын,
Бірге туған бауырым
Төрехандай ініме
Қорған бола барамын.
– Ей, Егізбай, Сегізбай,
Өтірік айтып алдама,
Анаңды, шіркін, арбама.
Туған шешеңді алдайсың,
Мақшарға не деп барасың
Жаратқан Жаббар Аллаңа?
Шайтан кірді кеудеңе,
Жеделіңнен танбайсың.
Жаратпаймын түріңді
Екеуіңде он қару,
Төреханға арнайсың.
Шамаң келсе жалғыздың
Қанын ұрттап жалмайсың.
Өтірік айтпа анаңа,
Емізген ақ сүт мамаңа.
Темірхан атаң өлгесін,
Хан болған шығар Төрехан,
Байтақ елге жана да.
Кəрге мінген ажарың,
Не жүріске жүргенің
Танып тұр көңілім назарың.
Суытуға барасың
Сəуленің қызық базарын.
Қайыруға барасың
Жас тілектің қажарын.
Айтқан шығар бір залым
Төрехан бала хан болған
Азғырумен хабарын.
Тілімді алсаң, сындырма
Бауырыңның назарын.
Екі балам, сындырма
Шын тілегін сағымды,
Өшірдің бастан бағымды.
Ашуланып арлансаң,
Ініңнен алып берейін
Таласқан, балам, тағыңды.
Төреханжанға барайын,
Барып тілеп қарайын.
Арланғаның тақ болса,
Төреден сұрап алайын.
– Ей, Қарашаш, алжыған,
Жасы жетіп қажыған,
Сөзіңе құлақ салмаймын.
Қолымдағы көк алмас
Төреханға арнаймын.
Ол жалғыз да, біз екеу,
Қу бастың басын жалмаймын.
Айналдырма, Қарашаш,
Сапарымнан қалмаймын.
Жау жақыннан табылды,
Ажалды соған арнаймын.
Бұл қорлыққа көнгендей,
Қарашаш шешем, қандаймын?!
– Көзімнің жасын көр, балам,
Шын тілегім бер, балам.
Жығыла тілек тіледім,
Бермеген тілек нең, балам?
Ақ сүт берген мен едім,
Ішімнен шыққан сен едің.
Екі шырақ, керегім –
Төрехан бөтен кісі емес,
Мен үшін таста жеделің.
Екеуің үйде жата бер,
Төрехан мінген алтын тақ
Ініңнен алып келемін.
– Қалдырып жолдан былшылдап,
Сындыра берме сағымды.
Байлаймын деме бағымды,
Жеделге мінген шағым-ды.
Суығасын көңілім,
Елдікпен алман тағымды.
Шын қаһарға мінгесін
Келтірмей қайтпан жазымды.
– Жығыла тілек тіледім,
Тілегімді бермейсің,
Көзімнің жасын көрмейсің,
Қисық істі жөн дейсің.
Нағашысы Төрехан –
Хан сұлтан еді Нұрадын,
Айтулының өзі еді.
Төрехан жалғыз беренім
Соның нəсіл көзі еді.
Төрехан бала хан болса,
Жаман менен жақсының
Бəрін бірдей көреді.
Қара қылды қақ жарып,
Əділ төре береді.
Пақыр менен міскінге
Төренің тиер себебі.
Егізбай егер хан болса,
Қазіргі сиқы мынау ғой,
Елді басып жер еді.
Тілек тілеп зарладым,
Тілекке құлақ салмадың,
Сөзімді қабыл алмадың.
Көзімнің жасын көрмесең,
Қолымды теріс жаяйын,
Теріс бата қағайын.
Пиғылың арам болған соң,
Балам деп неге аяйын?
Жеделің қабыл болмағыр,
Бұл дүниеде оңбағыр.
Төрехандай төрені
Əулиелер қолдағыр,
Бабалары қорғағыр!
Ер ашуы қызады,
Айтқан сөзі Қарашаш
Ерлердің жанын сығады.
Өзінің тапқан шешесін
Екі батыр қуады,
Қамшыменен сабады.
Шашынан алып шыңғыртып,
Қос бұрымын жұлады,
Табанда ұрып жығады.
Екі бала қамады,
Қамшылап қуып сабады.
«Батыр болсаң, сондай бол» –
Ананың басын жарады.
Қарашаш ана басынан
Сорғалап қан ағады.
Қатты таяқ зарпынан
Қарашаш сұлу талады.
Ұрып жығып шешесін,
Сəуленің алтын ордаға
Екеуі кетіп барады.
Қарашаш сонда жылады,
Көзінің жасын бұлады.
Көзден аққан ыстық жас
Омырауын жуады:
– Тоғыз ай, он күн көтерген
Еңбекті анаң мен едім.
Өзімнен туған перзентім
Ізгілік етер деп едім.
Қара жүрек арам ит,
Анаға жоқ керегің.
Ақ сүтімнің айы ұрсын,
Хазіреті баба ұрсын,
Еңсеңнен басып тағы ұрсын!
Осыны айтып Қарашаш,
Қос бүйірін сығады
Көзінің жасын бұлады,
Орнынан талып тұрады.
Ордасына өзінің
Асыға қадам ұрады.
Бір қайнысын тауып ап:
– Астыңа ат мін, – деді,
Қарыңа қамшы іл, – деді.
Төреханның ордаға
Шабарман боп жүр, – деді.
Төреханның ордаға
Шабарман боп бара көр,
Айтқан тілім ала көр.
Екі ағасы тақ жаулап,
Өлтіруге барады.
Қапыда төре қалмасын,
Құлағына сала көр!
Жеңгесінің бұ сөзін
Қайнысы мақұл алады,
Атына қамшы салады.
Төбеден жұлдыз ауғанда,
Таң сімері жауғанда,
Төрехан жатқан ақ орда
Ішіне кіріп барады:
– Төрехан, құлдық, алдияр,
Елдің ханы сен, – деді.
Қарашаштай анаңның
Хабаршысы мен, – деді,
Сөзге ұлықсат бер, – деді.
Хан болғаның есітіп,
Егізбай мен Сегізбай
Анаңа билік бермеді.
«Өлтіріп, басын алам» деп,
Жалаңдап сұмдар өрледі.
Келіп қалар ұзамай,
Абайсыз жатпай ордада,
Қамданып, ханым, көр, – деді.
Төсегінен Төрехан
Шошынып сонда тұрады.
Шешесі жатқан бөлмеге
Төрехан қадам ұрады.
Хабардың түрі тым жаман,
Баланың сағы сынады.
Есіткеннің баршасын
Сəулеге баян қылады:
– Сəуле, анам, сен, – деді,
Жалғыз балаң мен, – деді,
Əже, ақыл бер, – деді.
Хабардың түрі тым жаман,
Жалғыз балаң қысылды.
Бере ме деп ойлаймын
Дұшпан залым қысымды.
Жылы жаздың ішінде
Сары аязды қыс қой бұл.
Жаратпаймын пішінін,
Əжептеуір іс қой бұл.
Хабар жалған болмаса,
Қиындық басқа төніп тұр.
Осындай зауал жаман іс
Жалғыз ұлың көріп тұр.
Атадан қалған алтын тақ
Өлтіріп мені алам деп,
Егізбай мен Сегізбай
Жаушылықпен келіп тұр.
– Темірхан атаң өлгесін,
Халқың тақты бергесін,
Ел алдыңнан өргесін,
Сен падиша болғасын,
Басыңа бақыт қонғасын,
Егізбай мен Сегізге
Халқың хабар салмаған.
Екі тума ағаңды
Мəжіліске алмаған.
Хан боларда, қарағым,
Ағаңа хабар бармаған.
Өкпеменен екі ағаң
Тағыңды сенің арлаған.
Егізбай мен Сегізбай –
Бұлар да ердің данасы.
Азғыруға халқыңнан
Арам ниет бір залым
Айтқан шығар шамасы.
«Түбі бірге түтпек жоқ,
Жат болмайды деген сөз
Бір кісінің баласы».
Баланың қорған панасы –
Ата менен анасы.
Інінің қорған панасы –
Алдында өскен ағасы.
Бауырына шыдай ма
Бір кісінің баласы?
Араз болып адассаң,
Дұшпанның қанар табасы.
Туысқанға жаттық жоқ,
Өзің ойлап қарашы.
Егіз бен Сегіз екі ағаң
Көңілі сенен қалмасын,
Көңіліне қайғы алмасын.
Көзімнің ақ пен қарасы,
Тілімді алсаң, шырағым,
Екі ағаңа сене көр.
Аға – басшы, сен – қосшы,
Айтқанына көне бер.
Арланғаны тақ болса,
Өз қолыңнан бере көр!
– Ана, айтқан сөзіңе,
Мақұл деп жауап берейін.
Егізбай мен Сегізбай –
Бірге туған екі ағам
Сірə де бөтен демейін.
Елшілікпен келсе егер,
Атамнан қалған алтын тақ
Ықтиярыммен берейін.
Дұшпандықпен келсе егер,
Қорлыққа қалай көнейін?!
Сауыттан тон жамылған,
Қуарып беті қабынған.
Арамдық залым ниетке
Жүректері малынған.
Бес қаруын сайланған,
Алмас өткір қайралған,
Белге қылыш байланған.
Қолына жебе, найза алған,
Шамырқанған, шамданған,
Қаны қайнап арланған.
Ентіктіріп тұлпарын,
Егізбай мен Сегізбай –
Екі батыр желікті.
Қан құйылып көзіне,
Тарылып алқым демікті.
Желігіп те демігіп,
Сəуленің алтын ордаға
Екеуі жетіп келіпті.
Даярлаулы қаруы,
Қақпасына орданың
Емініп жетіп барулы.
«Орда ішінде кім бар?» деп,
Жынданып айқай салулы.
Айқайлаған дауысы
Төрехан менен Сəуленің
Құлағына барулы.
Құлаққа дауыс жеткесін,
Төрехан төре саналы
Терезеден қарады.
Көрді сонда жас дана
Егіз бен Сегіз ағаны.
– Ініге аға серік-ті,
Сəуледей асыл анамыз,
Екі балаң келіпті.
Ажар-түсі тым қату,
Бұлар неге желікті?
Атасы басқа жаттай-ақ
Үйіріп қолда найзасын,
Терезеге төніпті.
Тума болса екеуі,
Үйге неге келмейді?
«Жасы жеткен анам» деп,
Неге сəлем бермейді?
Қанша тума болса да,
Бұларға көңілім сенбейді.
Дұшпандықпен келсе олар,
Жалғыз да болса қарашың
Қорлығына көнбейді.
– Төрехан, шық! – деп Егізбай
Қақпадан айқай салып тұр.
Ақылмен байқап қараса,
Дұшпандығы анық-дүр.
Сонда Сəуле сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Алыстан емес жақыннан,
Жаттан емес туғаннан,
Жауың, балам, табылды.
Жауың жақын болғасын,
Тартпа, балам, қарыңды.
Кеудеден жаның кеткенше,
Қолдан берме арыңды.
«Туысқаным, інім» деп,
Түрі жоқ сені аяған.
Ол екеу де, сен жалғыз,
Сескеніп бойың баламан.
Жасық туған ұл болсаң,
Тегімнен бол садағам.
Ер жүректі болмақ жоқ,
Кекті жерде қарыспай,
Дұшпанмен қарсы алыспай.
Жақыннан дұшпан болғасын,
Қаса жасық болмасаң,
Жалғызым, қойма жанышпай.
Шешесінің бұл сөзі
Ерге қайрат береді,
Бойына жігер толады.
Булығып ыза-ашуға,
Теңізде асау толқындай
Жүрегі тулап соғады.
Қаһарға бала тынады,
Бой, денесі қызады,
Көзінен ұшқын шығады.
Бес қаруын асынып,
Қақпа аузында сұмдарға
Төрехан қадам ұрады.
Төрехан сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Туысқан ағам – сен, – дейді,
Туған інің – мен, – дейді.
Ат үстінен, қос батыр,
Түспегенің нең? – дейді.
Сəуледей асыл анаңа,
Түсіп сəлем бер, – дейді.
Тіл қатпады қос батыр,
Екі жақтан қамады.
Өлтірмекке ұмтылды
Төрехандай баланы.
Бірақ Төре қынаптан
Суырып қанжар алады.
Олар екеу, бұл жалғыз,
Қарсы келіп қалады,
Көздері оттай жанады.
Тоғысып қайта келгенде,
Жақындай тағы бергенде,
Сегізбайдың санына
Төрехан қанжар салады.
Бірге туған бауыры
Өлтіруге аяды.
Қанжар тиген Сегізбай
Санын басып құлады.
Кенет батыр Төрехан
Алыса кетіп Егізбен,
Астына бүктеп ұрады.
Таянғанда қанжары
Алқымына Егіздің,
Арасына бұлардың
Сəуле келіп құлады:
– Төрешім, балам, сен, – деді,
Сенің анаң мен, – деді.
Бөтен емес, өз ағаң –
Егізбай мен Сегізбай.
Ашумен бір іс істеген
Ағаңды жықтың күшпенен.
Бұрынғыдан нақыл бар
«Түбі бірге түтпеген,
Сауғаға жанын бер» деген.
– Бопса қылған аға еді,
Кешірейін, көнейін.
Анам, тілек тіледің,
Мұның бөтен демейін.
Өкпелеген ағамның
Жолына тағын берейін.
Туысқаным, екі ағам,
Ордаға түс те, қонақ бол,
Құрмет етіп көрейін!
Ордаға кілем салдырды,
Үстіне мақпал жайдырды,
Алуан тағам алдырды.
Қонақ етіп құрметпен,
Арақ пенен шарапқа
Екі ағасын қандырды.
Татулыққа той етіп,
Малды түрлеп сойдырды,
Халықты жиып той қылды.
Келген жанның бəріне
Тағам, шарап қойдырды.
«Достасқанды көрсін» деп,
Қарашашқа тезінен
Жіберді шабар «келсін» деп.
Егізбай мен Сегізбай
«Жалғызды жазым етті-ау» деп,
Отырған жылап еңкілдеп,
Көзінің жасы мөлтілдеп.
Шабар хабар бергесін,
Қуанып көңілі еркіндеп,
Үш баланың достығын
Қарашаш сұлу ойға алып,
Қуаныш ойын толқытып,
Ақылмен тоқсан толғанып,
Сəуленің мекен ордаға
Қарашаш жүрді жолданып.
«Қарашаш қашан келед» деп,
Сəуле менен Төрехан
Жолын күтіп қарады.
Күн еңкейіп келгенде,
Мінген аты Боз тұлпар,
Қамқадан асыл кигені,
Достасқан үш перзентін
Көруге көңілі боп іңкəр
Төрехандай ұлына
Шашуға деп қондырып
Иығына ақ сұңқар,
Астындағы Ақбозын,
Ескен желдей сулатып,
Қос танауын пырлатып,
Ел көңілін қуантып
Сарыжаның жебе оғындай
Қарашаш келіп қалады.
Сəуле менен Төрехан
Алдынан күтіп алады.
Қарашашқа құрметпен
Бел бүгіп, қолын жаяды.
Ақбоз аттан түсіріп,
Сүйемелдеп екеуі,
Ордаға алып барады.
Қарашаш кірер ордасын
Кілең қызға бақтырған.
Кілем жайып үстіне,
Хош иісті шаштырған.
«Ордасы көркем болсын» деп,
Ақ мақпалдан жаптырған,
Гауһардан шамдар жақтырған.
Үй ішіне келгесін,
Балаларын аман көргесін,
Төрехандай баланың
Саулығына сенгесін,
Егізбай мен Сегізбай,
Төреханмен үшеуін
Қарашаш сұлу шақырды:
– Егізбай мен Сегізбай,
Қара ниет неме едің,
Ақылсыз, мисыз кем едің.
Төрехандай баланың
Қанын төгіп өлтіріп,
Тағын алам деп едің.
Қайғылы мені еткенде,
Ұрып жығып кеткенде,
Екеуің де ер едің.
Төрехан жалғыз, сен екеу,
Айтқаныңа жетпедің.
Ақ сүт берген анаңды
Сыйлап құрмет етпедің.
Ақылсыз, мисыз жарымсың,
Анаңды сабап өктедің.
Тоғыз ай, он күн көтерген
Еңбегім босқа кеткенің.
Ісіне қарап іс қылмай,
Жаулық қылған жақынды
Төрехандай балам-ау,
Өлтірмегенің не еткенің?!
Сəуле сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Айтқаның жөн, Қарашаш,
Əзəзіл шайтан азғырса,
Бір-біріне тума қас,
Жастықпен артын ойламас.
Адасып азған күнінде
Араз болып кім тұрмас?!
Уа, Қарашаш, Қарашаш,
Татулық шегін шешейік.
Атадан қалған үш жетім –
Тілегінде өтейік.
Жастықпенен болған іс,
Кел, күнəсін кешейік.
– Күнəңді кештім, шырағым,
Үшеуің тату болғасын,
Болып та тұр, міне, мұратым.
Өмір, заман өткенше,
Татулық болсын тұрағың.
Осыменен, балаларым,
Батамды тамам қыламын!
Қарашаштың келген жер –
Татулыққа той етіп,
Халық қызық көрген жер.
Көп жиналған халқына
Қарашаш, Сəуле бəйбіше
Алтыннан шашу берген жер.
Жасы жеткен қариялар
Достығының ерлердің
Шашуы деп ат алды.
Шашу елге беруге
Қысырақ бөліп, мата алды.
Тізе бүгіп, қол жайып,
Балалар елден бата алды.
Алтын табақ атқан күн,
Ел қызыққа батқан күн.
Бірлігіне үш ердің
Қарашаш, Сəуле бас қосып,
Табақтап алтын шашқан күн.
Халық қызық көрген күн,
Тумаға тума сенген күн.
Достығына баллардың
Есепсіз шашу берген күн.
Егізбай мен Сегізбай
Тумасымен табысып,
Достасып құшақ жайған күн.
Екі тума ағасы
Сияпат, сыйлық алысып,
Ырзаласып қоштасып,
Екеуі қайтты аулына
Арқызыл мен Сарқызыл
Қос тұлпармен жарысып.
Дана Сəуле қасында
Қарашаш сол күн қалады.
Ерлігіне Төренің
Ана кеулі толады.
Шыққаннан соң аулаққа,
Егізге Сегіз сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Ай, Егізбай, басшымсың,
Батыр, сенің не еткенің?
Алдағанға алданып,
Қалай болды кеткенің?
Серт ойлаған ағасың,
Сынық болды ерлікке,
Мақсатты тамам етпедің.
– Тұлпар міндік баптаулы,
Ұшқырлы найза саптаулы,
Өткір алмас таптаулы,
Қынапқа қылыш қаптаулы.
Алдап едім, Сегізжан,
Дұшпандығым сақтаулы.
Ат басын кейін бұралық,
Ат – жігіттің қанаты.
Ұрлап алып Қара атын,
Қос қанатын қиялық.
Жедел еткен жігітке
Осы болар лайық.
Бұ секілді зəбірге
Не себепті шыдайық.
Ойлаған ойға жетейік,
Бірге туған бауыры
Қарындасы Ханбибі
Ұрлап алып шіркінді,
Шын қайғылы етейік.
Көрген қорлық баршасын
Қараманға баяндап,
Іштегі сырды шешейік.
Сонда Сегіз сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Су тасады сағадан,
Ақыл өсер ағадан.
Айтқаныңның бəрі жөн,
Қара көркей Төрені
Туысқа тіпті санаман.
Сенің айтқан сөзіңді
Егізбай, көңілім қалаған.
Қара ат пенен Ханбибі
Ұрлап алып екеуін,
Бүгін-ақ шығып кетейік
Сəуленің сəнді қаладан.
Елдің шығып шетіне,
Осы ақылды ойлады.
Арамдығын қоймады,
Зұлымдыққа тоймады.
Бір-бірі сөзін мақұлдап,
Қаралдарын қолдады.
Пиғылы арам, залым ит
Ақырында оңбады.
Түн ортасы болғанда,
Екеуі келіп торыды
Сəуленің сəнді орданы.
Сонда Егізбай сөйледі:
– Жеделге кім нық тұрса,
Бəтуалы ер, – деді.
Уəдені, Сегізім,
Берік ұстар жер, – деді.
Ұйықтаған ба Төрехан,
Көзіңменен көр, – деді,
Көріп хабар бер, – деді.
Ағасының айтқанын
Інісі қабыл алады.
Төрехан жатқан ордаға
Ұрлана басып барады.
Терезеден көреді
Ұйқыда жатқан дананы.
Қатты ұйқысын біледі,
Алып-ұшып жүрегі
Егізбайға асығып,
Бүкшеңдеп басып жүреді.
«Төрехан ұйықтап жатыр» деп,
Қуанады, күледі.
Қара ат пен Ханбибі
Ұрлап кету – тілегі.
Қара атты баққан сарайға
Егізбай бұғып барады.
Топсасынан талқандап,
Қақпа есігін шабады.
Қарға жүнді қара атты
Екеуі ұрлап алады.
– Ей, Егізбай, ағайым,
Түрікпеннің еліне
Жүру болды тағайын.
Алмасты қайрап алайын,
Жолда біреу тап болса,
Кім екенім білдірмей,
Шықшыттан басын қағайын.
Терезесін талқандап,
Аузы-басын таңайын.
Осы арада күтіп тұр,
Ханбибі атты ханшаны
Өзім-ақ ұрлап алайын.
Ұлықсат алып ағадан,
Алмасын қайрап алады.
Ханбибі жатқан орданың
Терезеге барады.
Қыз күзеткен азамат
Сегізді көріп қалады.
Ұстауға жақын келгенде,
Қанішер залым Сегізбай
Алмасымен шабады.
Қапыда қан боп бейшара,
Қылыш тиіп құлады.
Терезені қиратып,
Ұйқыда жатқан жерінде
Бибіні ұрлап алады,
Аузы-басын таңады.
Еш дыбысын шығармай,
Бауырына алып барады.
Қыз бен атты алғасын,
Екеуінің көңілі өседі.
Залымдықпен жауыздар
Дегеніне жетеді.
Талақ салып халықты,
Елден шыққан сұрқия
Егізбай мен Сегізбай
Сол түннің-ақ ішінде
Түрікпен жаққа кетеді.
Түн ортасы болғанда,
Төбеден жұлдыз ауғанда,
Сегізбай шапқан күзетші
Есін жиып алады.
Ақыл тоқып көңіліне,
Жан-жаққа көзін салады.
Демі бітіп, алқынып,
Мойнынан қан ағады.
Əр бұтаға сүрініп,
Қан жылыстап шұбырып,
Төрехан жатқан ордаға
Сүйретіліп барады.
Төреханның құлағы
Ыңырсыған дауысын
Ұйқыда жатып шалады.
Ұйқысынан оянып,
Көтеріп басын алады.
Аласұрған шыбын жан,
Үсті-басы қызыл қан
Аққан судай жылыстап,
Қойынына құйылған.
Күзетші сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Халықтың ханы Төрехан,
Басыма қорлық жетті ғой,
Асылы арам жаман ит –
Егізбай мен Сегізбай
Түп-түбіме жетті ғой.
Қарауылда тұрғанда,
Иықтан шауып кесті ғой.
Сарайға барсам, Қара ат жоқ,
Атыңды алып кетті ғой.
Арам жедел қуған ит,
Ел батасын бұзған ит
Ақылсыз, Құдай ұрған ит,
Асылы жақсы атадан
Азғын болып туған ит
Уағдадан тайып, ант ұрып,
Абыройын төкті ғой.
Төрехан сонда шамданып,
Ашуланып, сандалып,
Қара ат тұрған сарайға
Жүгіріп барды қамданып.
Аңсызда іс өтіпті,
Адалдықтан көңілі жоқ,
Арамнан еткен кəсіпті
Егізбай мен Сегізбай
Мақсатына ойлаған
Зұлымдықпен жетіпті.
Талқан қылып есігін,
Қара атты алып кетіпті.
Орала беріп Төрехан,
Ханбибі жатқан сарайдың
Терезесін қираған
Көзі көріп қалады.
Алып-ұшып жүрегі,
Жүгіріп шапшаң барады.
Бірге туған Бибідей
Қарындасы тағы жоқ,
Қайғымен Төре жанады.
Тұла бойы тітіреп,
Алғыр бүркіт секілді
Қарыс түсіп қабағы,
Жынданған пілдей шамданып,
Сəуле менен Қарашаш
Анаға жетіп барады,
Бара сауал салады:
– Қарашаш, Сəуле анам-ай,
Егіз бен Сегіз балаң-ай,
Істеген ісі жаман-ай.
Қорлығы еске түскенде,
Ішім оттай жанады-ай.
Екеуі ұрлап кетіпті
Атамнан қалған Қара атты,
Ханбибідей баланы-ай!
Миығыма мұз тоңып,
Бұрылмастай күн болды.
Қапа қалың қар жауып,
Қайрылмастай күн болды.
Жарқыраған жарық күн
Қараңғы түнек түн болды.
Қайғырамын қапамен,
Ер басыма сын болды.
Көңіліме дақ түсіп,
Көкірегім кір болды.
Арт жағыма қарасам,
Өткел бермес терең жар,
Асырмас алдым қыр болды.
Қара орманым – жиғаным,
Ақырында тұл болды.
Қаптан биік Қаратау
Үстіме менің құлады.
Жан сүйегім сықырлап,
Қабырғам күйреп сынады.
Ашу қысқан көңілім
Қайда барсам тынады?!
Екі сұмның азабы
Жас кеудемді сығады.
Бірге туған бауырым,
Бауырым еске түскенде,
Қайғының көрем ауырын.
Иесіз қалар екі анам,
Алтын орда ауылым.
Жауға кеткен секілді
Үйрек жүнді оттасым,
Қарға жүнді қаттасым,
Серпіп қаққан қанатым,
Ханбибідей бауырым,
Осы айтқаным анық-ты.
Тума қорлық бергесін,
Ашумен Төрең зарықты.
Ханбибі мен Қара атты
Екі ағам ұрлап алыпты.
Бауырым жауға жіберіп,
Көрмен сəуле-жарықты.
Ұлықсат бер, іздеймін,
Естісін халқым даңқты.
Əркімге де бақ керек,
Патшаларға тақ керек.
Ақ сүт берген екі анам,
Төреханға ат керек.
Сонда Сəуле сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Саспа, балам Төрехан,
Енші атың арнаулы
Көрінбей жанға бағылар.
Қайғы шекпе, жалғызым,
Мінуге тұлпар табылар.
Өзің аман қалғасын,
Жат-жұрттыққа жаралған
Жауға кеткен бір қызды
Қумай-ақ қойсаң не қылар?!
Ақыл салсаң анаңа,
Еш қайғырма, құлыным,
Қарға жүнді қара ат пен
Ханбибідей балаға.
Өзің аман қалғасын,
Қара ат пенен Ханбибі
Төрехан сенен садаға!
– Сұрама, анам, тіл алман,
Енді мұнда тұра алман.
Жақсылық пенен жамандық
Жазған шығар бір Аллам.
Қаһарлансам, жау қалмас
Белімдегі құралдан.
Етегін түріп жау қашар
Балаң салған ұраннан.
Сыр алдырып дұшпанға,
Сірə да, шешем, сыналман.
Ханбибіні алып қайтармын
Жасанған жау құралдан.
Қайтпаймын алған бетімнен,
Тіл алман, анам, тіл алман!
Екі анасы қасында,
Атты баққан сарайға
Батыр Төре келіпті.
Ардақтап баққан тұлпарды
Өз көзімен көріпті.
Төңкерілген сауыры,
Келбетті құла келіс-ті.
Денесінің бəрі тең,
Қабырғасы шеңберлі,
Жоны тұтас тегіс-ті.
Арпа менен сүт беріп,
Бағып Сəуле мас қылған.
Уайымсыз тұлпарды
Жақсы баққан, шат қылған,
Торқадан жабу жаптырған.
Шылбырына Құланың
Жібектен есіп тақтырған.
Қос құлағын тігілткен,
Ортекедей ойнатып,
«Құланың көңілі өссін» деп,
Еш адамға көрсетпей,
Оңашада жүгірткен.
Кем бақпаған анасы
Қарға жүнді Қара аттан.
«Керек болса мінсін» деп,
Бабыменен жаратқан.
«Жалы жұмсақ болсын» деп,
Жез тарақпен таратқан.
Көтендігі шығыңқы,
Келбеті артық əр аттан.
Қос жұдырық сиғандай
Үңірейген сағақтан.
Жал-құйрығы салынған,
Азырақ аттың еті ауыр
Жоны майға малынған,
Ардақтап жақсы бағылған.
Төрехан ердің бағына
Қулықтан құла табылған.
Асығып тұр Төрехан
Құла атқа мініп алуға,
Тезірек жауға шабуға.
Ізгі қолын беруге
Қапаста жатқан бауырға.
Құлашаның басына
Алтын жүген салады.
Ширата күміс құйысқан
Нақышты ерге тағады.
«Түгіне жұмсақ тисін» деп,
Мақпал тоқым салады.
Еріттеп алып, саймандап,
Атын сынап қарады.
Тұрманы атқа жарасқан,
Батырға тұлпар жағады.
Аттың көзін жайнатып,
Ауыздығын шайнатып,
Құрығыменен ойнатып,
Олай-былай сыдыртып,
Ортекедей жүгіртіп,
Құлын сауыр, құлан жал
Ерекше белін бүгілтіп,
Атты баптап алыпты.
Көңілінде қалмай уайым,
Қуанғаны ердің анық-ты.
«Рұқсат бер, анам» деп,
Қарашаш пен Сəулеге
Бала тілек салыпты.
– Анаңның тілін алыңыз,
Астыңа Құла ат мінгесін,
Кетпес жауға арыңыз.
Хабарсыз жатқан халқыңа
Бүгін хабар салыңыз.
Ханға лайық сол болар,
Əскер жиып алыңыз.
Құралданып қол жиып,
Салтанатпенен барыңыз.
Ақылменен ойласам,
Осы болар сəніңіз.
Анасының бұл сөзін
Төрехан мақұл көреді.
«Жиылсын, – деп, – азамат»,
Халқына əмір береді:
– Елімнің батыр ұлдары
Алмас қару қайрасын!
Атқа мінген азамат
Біреуі кейін қалмасын!
Жеделге мінсін байтақ ел,
Ат жүйрігін таңдасын!
Елге əмір салыпты,
Ерлерін жиып алыпты.
Қаруланып келді ерлер
Атағы шыққан даңқты.
Қарашаш сонда сөйлейді:
– Қайырлы болсын, шырағым,
Жинаған батыр жолдасың.
Нағашыңның ескі əруақ
Қысылған күнде қолдасын.
Қастық қылған дұшпаның
Бұ дүниеде оңбасын.
Əруағы бабаңның
Еңсеңе келіп орнасын.
Дұшпандық қанша қылса да,
Асылы бірге түрікпен
Қараманның талқандап,
Бұза көрме ордасын!
Жабдықтап ерлер ат мінді,
Ат құйрығын шарт түйді.
Жарқылдап күнге найзасы
Сапар шекті, жол жүрді.
Тыным алмай күндіз-түн,
Азғана емес мол жүрді.
Төрехан батыр алдында,
Артында қалың қол жүрді,
Түстік жерге соң жүрді.
Күндіз жарыс, аударыс,
Түнде айтыс, өлең-жыр,
Көңілі шад боп жүрді.
Қол алдында Төрехан
Атын сынап алуға,
Санға қамшы басады.
«Шүу» дегенде жануар
Арандай аузын ашады.
Əрі-бері шапқан соң,
Ақ көбігін шашады.
Белес-белес қырқадан
Соққан желдей аңқылдап,
Жануар құла асады.
Төрт аяқты аңдарды,
Тура келіп кеткенін
Тұяғыменен басады.
Сапардың жүрген орнына
Тұяқпен қағып жөнелді.
Аң кездессе жолында,
Шаңын-шаңға қосулы.
Киік пенен құланның
Алдынан орап тосулы.
Жүрген жері жол болып,
Қазылып ордай осулы.
Бір құлағы тігіліп,
Бір құлағы жығылып,
Ақ маралдай бүгіліп,
Сауырынан аққан тер
Құндыздықтан құйылып,
Тебінгісі терлейді.
Шапқан сайын өрлейді,
Құлашын жайып сермейді.
Қатар ұшқан қаз бен қу
Қапталына ермейді.
Жоны қызып жануар,
Сай-саланы көрмейді.
Кекіл қағып шұлғыды,
Орғып жануар құлаша
Оқ жыландай ырғыды.
Жал-құйрығын жел соғып,
Жұлдыздай аққан сырғыды.
Бір жабынды астынан
Шыға келіп бір түлкі,
Бұлаң етіп жөнеді.
Астындағы тұлпарды
«Жетпеймін бе бұған» деп,
Тебінгіден тебеді.
Соғарына түлкіні
Сол бойымен Төрехан
Бір төбеге жеткенде,
Қырық қыз нөкер қасында,
Қараман қызы Ақмаржан
Қарсы шыға келеді.
Ат сабылтып далада,
Түлкі қуған жолшыны
Ақмаржан да көреді.
Көреді де бір қызға:
«Шақыр, – деп, – ана жолшыны»
Ханша əмір береді.
Алып келді нөкер қыз
Ханның қызы ханшаға
Тақ иесі Төрені.
Сонда Маржан сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Жолаушысың, жас түлек,
Сияғыңа көз салсам,
Нəсілі тұқым ақсүйек.
Батыр, саған кездестім,
Тілеймін саған бір тілек.
Көріселік, жас жігіт,
Ұсынып тұрмын ақ білек.
Намыс буған Төрехан
Сөзін қабыл көрмеді.
Жалынып тұрған Маржанға
Ұсынып қолын бермеді.
Айласы артық Маржан қыз
Толғанып сонда сөйледі:
– Бел, бел асқан, бел асқан,
Беліңе садақ жарасқан.
Астыңда тұлпар Құла ат
Түн қатырып жаратқан.
Əруағың аспанда
Бұлттарменен таласқан.
Жалғыз атты жолаушы,
Жөніңді айтшы, кім едің
Ел-жұртыңнан адасқан?
Артық туған Төрехан
Сауалын қабыл көрмеді,
Қызға жауап бермеді.
Ханның қызы ханшаға
Паңсынып көңіл бөлмеді.
Сонда Маржан сөйлейді:
– Айтпасаң да білемін,
Асылың – төре, сүйегің.
Менің жездем – Темірхан,
Сен – сонан туған жиенім.
Қарашаш пенен Сəуленің
Бөтен демеймін тілегін.
«Ханбибіге келер» деп,
Қасыма ертіп қырық қыз,
Алдыңнан күтіп жүр едім.
Қайырлы болсын жол, – деді,
Сапарың болсын оң, – деді.
Жемісті ағаш ішінде
Алтыннан тіккен шатыр бар,
Сонда қонақ бол, – деді.
Төрехан сонда сөйлейді:
– Е, Ақмаржан, Ақмаржан,
Айта берме сөзіңді,
Сөз сұрайтын кезім-ді.
Алдаймын, – деп, – амалмен
Сала берме ебіңді.
Ұстай келдім екі ұры –
Егіз бенен Сегізді,
Талқандай келдім төріңді.
Қарамандай ханыңа
Бере келдім зəбірді,
Көрсетпей қайтпан көрімді.
Төреханның бұл сөзін
Тыңдаңыз да сеніңіз.
Қарамандай əкеңе
«Ауыр қолмен Төрехан
Келді» деп хабар беріңіз.
Болсын осы тау басы –
Соғысатын жеріміз.
Қараман болса теңдесім,
Егізбай мен Сегізбай
Қорыққанынан бермесін.
Бермес болса ерлерді
Осы таудың басында
Əскерін жиып кездессін.
Батыр болса шамданар,
Əскерін жиып қамданар.
Жиенін қолдан беруге
Хан Қараман арланар.
Арлансын да шамдансын,
Соғысқа ертең қамдансын,
Ерлерін жиып қармансын.
Егер хабар бермесем,
Қапыда ісім өтті дер.
Аңсыз жатқан күнімде
Елімді əлек етті дер,
Ұрланып шауып кетті дер.
Ханның Маржан шырағы
Төреден сағы сынады.
Қараманның ордаға
Атының басын бұрады.
Қырық жолдас қасында,
Əкесінің алдында
Қол қусырып тұрады.
Ажары кеткен ақ жүздің
«Неге түсің қашты?» деп,
Қызынан хан сұрады:
– Ардақты қызым, базарым,
Неге кетті ажарың?
Есіттің бе, шырағым,
Бір жамандық хабарын?
Сайранға шығып жүргенде
Біреу зəбір көрсетіп,
Сынды ма сонан назарың?
Маржан сонда сөйлейді:
– Қайғырып, əке, келгенім,
Қаһарлы дұшпан көргенім.
Айдаһардай ысқырған
Айбатты көріп шерледім,
Қарыспа туған паң көрдім.
Темірхан ұлы Төрехан
Ашуы қатты хан көрдім.
Қылышынан қан тамған,
Найзасынан зəр тамған.
Егіз, Сегіз, Ханбибі
Қарасын іздеп ел торған
Жас арыстан жан көрдім.
Қаһарлы қабақ түйгені,
Астына құла мінгені,
Болат сауыт кигені,
Бес қару түгел ілгені,
Жеріңе басып кіргені.
Қолыңнан жоғын бермесең,
Ордаңа анық тимегі.
Тусам да нашар анадан,
Сөзіме, əкем, көн, – деді.
Халық аман, бас сауға,
Егіз, Сегіз, Бибіні
Өз қолыңнан бер, – деді.
Айтқаныма сенбесең,
Өз қолыңнан бермесең,
Не қылғанын Төренің
Ертеңгі күн көр! – деді.
Қараман сонда сөйлейді:
– Ел шегесі хан болар,
Қаһарланса, əкеңнің
Жауға алды тар болар.
Ажал қуған Төрехан
Тиіп көрсін осыдан,
Кеңшілікке зар болар.
Қорғалап келген жиенді
Қолдан бермек ар болар!
Ел басшысы əкеңе
Жаббар не жар болар!
Келді деп жаушы саспаймын,
Қонағымды сақтаймын.
Ат жүйрігін баптаймын,
Жасағымды саптаймын.
Көк сүңгіме ту байлап,
Жалғыз атты жолшыдан
Қара бет болып қашпаймын.
Нөсердің қара бұлтындай
Түнеріп келіп төбеден,
Табанға салып таптаймын.
Өлімтігін қаңғының
Түрікпендегі көп төбет
Алдына сүйреп тастаймын.
Ашу буған Қараман
«Жиылсын, – деп, – алаңға!»,
Еліне əмір таратты.
Ханның берген əмірі
Лезде елге тарапты.
Намаздыгер болғанда,
Жиылып болған ел-жұртына
Қараман сонда сөйледі.
Сайлаулы қару-жарағы,
Əскерлерін санады.
Көп жасақтың ішінен
Таңдап жүріп Қараман,
Алты жүзін алады.
Қараман сонда сөйлейді
Тоқталып тұрған сапына:
– Уа, ержүрек ұландар,
Құлақ сал менің жарыма!
Жеделденіп жауға ти,
Түсіріңдер Төрені
Өлімнің құрсау торына!
Қаңғырып жүрген жалғыздың
Салыңдар сауал жанына.
Ашыққан иттер тойынсын
Еті менен қанына!
Хан əмірін екі етпей
Халыққа міндет – тіл алмақ.
Жиылды əскер құралды ап,
«Алла-Алла» деп ұрандап.
Ертеңгі күн сəскеде
Ерлердің шебі сыналмақ.
Ертең сəске болғанда,
Қараман, Төре қолдары
Бір-біріне қаптады.
Астарында аттары,
Ауыздығы қаршылдап,
Дүбірінен жер қалтылдап,
Құтырып, орғып аттады.
Құс боп ұшты аспанға,
Тұяғы тиген тастары
Ерегіскен екі жақ
Өңмеңнен көз қадасып,
Кірпіктерін қақпады.
Жақындап қарсы келісті,
Сүңгісін дəлдеп дұшпанға
Ұмтылып атын тебісті,
Бір-біріне төністі.
Көп алдында Төрехан
Түнеріп нөсер бұлтындай
Құладан тұлпар мінген ер,
Бес қабат сауыт киген ер.
Жалаңдатып найзасын,
Ойнатып көкке шүйген ер.
Қараманның қолбасы
Жаны шығар бірге жолдасы,
Күш қайраттың қордасы,
Қаһарбекке қадалып,
Қабағын қарыс түйген ер.
Ағызған бойы Төрехан
Əскерін бастап дұшпанға,
Арыстандай тиісті.
Қараманның інісі
Қаһарбек батыр сүйікті.
Бұл жау емес бұрын да,
Талай жауға тиіпті.
Тисе жауын ойрандап,
Салыпты талай бүлікті.
Бүгін де сондай жынданып,
Сар тұлпарын мініпті.
Ерге басып төстігін,
Күдісті белін бүгіпті.
Төрехандай балаға
Жыландай көзін тігіпті.
Төрехан мен Қаһарбек
Ағызған бойы аттарын
Қарсы келіп қалысты.
Төрехан мен Қаһарбек
Жүрегіне Төренің
Сүңгісін салып қалыпты.
Жау найзасын дарытпай,
Сүңгімен Төре қағыпты.
Бірін-бірі ала алмай,
Ағып өте барыпты.
Араласты, қолдасты
Қаптаған қалың қол енді.
Айласы көп өнерлі
Екі жақ та айқасып,
Қызып ала жөнелді.
Екі жақ та екшелген,
Жаудан қайтпас берен-ді.
Ат үстінде алысты,
Қарсы келсе, қасқарып,
Семсерменен шабысты.
Ат бөксесін жалт берсе,
Көк сүңгіменен шанысты.
«Алдырман өлмей жауға» деп,
Сарбаздар таймай қарысты.
Қос қаһарман кез келсе,
Семсерлерін жанысты.
Сынғанда қылыш, найзасы
Ат үстінен алысты,
Бір-біріне жабысты.
Білегі күшті палуандар
Тақымы босты аударып,
Ат үстінен алыпты.
Реті келсе атынан
Жерге түсе қалыпты.
Бірін-бірі шалыпты,
Алып ұрып, бес бүктеп,
Шалқасынан салыпты.
Қаһарлы мықты береннен
Талай жасақ талыпты.
Күн төбеге жеткенде
Екеуі қарсы келгені.
Бірін-бірі көргеннен
Қаһар мен Төре қос пері
Найзаласа бергені.
Алдырмас та айласы,
Біріне-бірі күшін бермеді.
Жекпе-жегі екі ердің
Күшейді де өрледі.
Екеуі де айлакер,
Алар жерін селдеді.
Үйіріп алып шоқпарын,
Бірін-бірі ұрады.
Ұрғанда шоқпар шыдамай,
Сағағынан сынады.
Ердің мықты болмағы
Басқа қонған бағынан.
Қаһарлы ер ед күші асқан
Түрікпеннің тобынан.
Сағақтан шоқпар сынғасын,
Айбалтаға қол салды
Екі ер де қажыған,
Шабысқанда құлаштап,
Балта шіркін шыдамай,
Сынып түсті сабынан.
Шегінісіп тұрады,
Қорамсақта жебеге
Екеуі қолын сұғады.
Жасы үлкен Қаһарбек:
Кезек бер, – деп сұрады.
Төрехан сонда сөйлейді:
– Түрікпеннің ері едің,
Атағың шыққан сен едің.
Күшіңе сенген, Қаһарбек,
Талайды сойып жеп едің.
Еліңе келген қонақ ем,
Қорыққаннан, сасқаннан
Сұраған кезек нең едің?
Көмусіз қалам мен өлсем,
Сыйлар сені өз елің.
Анадан нашар туған ит,
Қаймықпаймын оғыңнан,
Жолсыз да болса көнемін.
Қасқайып қарсы тұрайын,
Қапы қалмай, дəлдеп ат
Қоян жүрек, қорқақ ит,
Кезегіңді берейін.
Қаһарбек сонда долданды,
Төрехандай төрені
Атамын деп оңдалды.
Тастан өткен жебесін
Толғап-толғап қолға алды.
Сарыжаға оғын кереді,
Қозы жауырын көктеме оқ
Ұзындығы кез еді.
Толғап тартып жебесін,
Ататұғын кезі еді.
«Алтын ердің қасы деп,
Қақ жүректің басы деп,
Ажал оқтың тұсы деп,
Өлер жерің осы» деп,
Толғай тартып қалады.
Үзеңгіге тіреліп,
Шіренгенде табаны,
Бес қабат берік сауыттың
Төртеуін жебе жарады.
Бесіншіге жеткенде,
Оғы тоқтай қалады.
Оқтан есен қалғасын,
«Оғыңнан аман қалдым» деп,
Толықсып жүзі Төрехан
Сарыжаға жебе салады.
Тарс түйіп қабағын,
Шірене тартып қалады.
Қаһарбек атты қаһарман
Оқ қадалып жүректен,
Сар тұлпардың белінен
Төңкеріліп барады.
«Апа!» деп құлап табанда,
Топырақты қабады.
Күн төбеден ауғанда,
Əскерге жетті Қараман.
Астына мінген тұлпардың
Жал-құйрығын тараған.
Үстіне киген ақ сауыт
Көп сауыттан қалаған.
Тұяғынан атының
Тозаң көкке бораған.
Айқайлап кірді соғысқа,
Қарт бурадай жараған:
Сарбаздарым, жолдас, – деп,
Жау жаққа маған жолды аш, – деп,
Мен тиіссем бəлемге,
Қаңғырған төре оңбас, – деп.
Қаһарбегім өлгесін,
Қимылдамай болмас, – деп.
Төренің қанын сімірмей,
Қаһарбек орны толмас, – деп,
Бас боп өзі Қараман
Қыздырды қырғын соғысты.
Екі жақтың əскері
Жігермен қайта тоғысты.
Найзаменен шанышып,
Қылышпенен қағысып,
Шоқпарменен соғысты.
Қараман ханды көргесін
«Əлəһалап» ақырып,
Айқайлап ұран шақырып,
Түрікпендер өрледі.
Төренің қолын жапырып,
Бұршақтай жауып түйдектеп,
Қу жебелер атылып,
Шуылдасты түрікпен,
Əруағын асырып,
Төренің қолын қарқынмен
Белден-белге қашырып.
Төрехан қолы сасады,
Сасқан емей немене,
Бытырап кейін қашады.
Бере алмай төтеп дұшпанға,
Үш белестен асады.
Шыға келіп сол кезде,
Тосқауылда тосқан ер
Майданға қарай ағызып,
Атына қамшы басады.
Түрікпен көп қолмен
Қарсы келіп қалысты.
Қынабынан қылышты
Суырып-суырып алысты.
Ерге іліп тізгінін,
Шылбырды белге шалысты.
Бұлан-талан екі жақ
Араласа қалысты.
Қанды соғыс болып жүр,
Ерегіскен ерлердің
Көзіне қан толып жүр.
Қараман хан ерлікпен
Ел намысын қорып жүр.
Топ ішінде Төрехан
Қараманды торып жүр.
Ашу қысып екі жақ
Толғанды да тебіренді,
Өлім дейтін ойда жоқ,
Кеуделері желденді.
Екі талай соғыста
Сыналатын жер келді.
Сол уақыттар болғанда,
Қараман мен Төрехан
Екі сері кез келді.
Қарсы келіп қалысты,
Бірін-бірі шабысты.
Шабысқанға шыдамай,
Балдағынан үзіліп,
Қылыш сынып қалысты.
Жын қаққандай екеуі,
Бір-біріне жабысты,
Белдерінен алысты.
Қайраты басым жас батыр
Қарамандай патшаны
Ерінен жұлып алыпты.
Алғанмен қоймай Қараны,
Тақымына салыпты.
Қысып-қысып қойғанда,
Мұрнынан қан ағыпты.
Қараман сонда зарлады:
– Мен, Қараман батыр текті едім,
Апырмай, менің неткенім?!
Өзімнен кіші баланың
Тақымында кеткенім.
Уа, дариға, дүние-ай,
Арманда болып өткенім.
Амалым бар ма, сұм заман
Дегеніме жетпедім.
Қараманды Төрехан
Бөктеріп атқа алады.
Шынжырменен шыңғыртып,
Берік етіп таңады.
Құнан қойдай бөктеріп,
Алып кетіп барады.
Қалың қолды қасқайтып,
Жарып кетіп барады.
Қылышынан қан жосып,
Жау қолына ойранды
Салып кетіп барады.
Өзінің де Төренің
Самайынан қан жосып,
Ағып кетіп барады.
Күн бесінге жеткенде,
Жау тозғындап тарады.
Дұшпан қолы қашты енді,
Бетіне алып қаланы.
Жеткендерін шабақтап,
Төреханның көп батыр
Қуып кетіп барады.
Сол кеткеннен қалаға
Кіреді Төре жарағы.
Соғысқан жауын қашырып,
Жарқылдатып қаруды,
Қалаға кіріп барулы,
Қол қусырып алулы.
Төремен бітім жасауға,
Хан ханшасы Маржан қыз
Халқына хабар салулы.
Төреге өзі келулі,
Қол қусырып «жиен» деп,
Көтеріп аттан алулы.
Қызметі ханшаның
Төреханға жағулы.
Маржан қыз сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Жаулық қылды, Төрехан,
Егіз бен Сегіз өзіңе.
Жау шыдамас батырсың,
Садағыңның кезіне.
Жаман туған Егіздің
Кесірі тиді еліме.
«Қонағымды бермен!» деп,
Өлім жетті еріме.
Қызмет етіп қарайын,
Қонақ бол, Төре, төріме.
Тілегім бар тілейтін,
Беремісің өзіме?
Ойлаған батыр қаралды
Егізбай мен Сегізбай
Қара көңіл арам-ды.
Кесірі тиіп солардың,
Мал мен басым таланды.
Қаһарың күшті жиенсің,
Халқыма бер сауалды
Өтінемін, Төрехан,
Қанжығаңа бөктерген
Қапастан құтқар бабамды?!
Төрехан сонда сөйлейді:
– Нағашы, айтқан сөзіңді
Енді бөтен демейін,
Айтқаныңа көнейін,
Тілегіңді берейін.
Ашу кернеп келгенде,
Ақыл болмас адамда.
Жеделденсе кімде-кім,
Берік тұрар қаралда.
Бермен қарап жүрерде,
Белге қару ілерде,
«Қараманды сақта» деп,
Өтініш көп айтқан
Қарашаштай анам да!
Өтінішін ақтайын,
Қараманды сақтайын,
Қарашаш үшін, сен үшін.
Алжыған атаң Қараны
Атпайын да шаппайын.
Маған, Маржан, жалындың,
Күнəсін кешіп атаңның,
Жалынғанда бағындым.
Кеткеніне көп болды,
Ханбибімді сағындым.
Қызмет етер жеріңіз,
Бауыр тəтті-ау жалғанда,
Бұл сөзіме сеніңіз.
Сағынғаннан аңсаймын,
Осы түннің ішінде
Бибімді тауып беріңіз.
Ал, Ақмаржан, басшы бол,
Сенімен бірге ерейін.
Сағынып келдім алыстан,
Шырағымды көрейін.
Артымнан ерген жалғасым
Ақ бетінен өбейін.
Сағынғаннан сарғайған
Іштен шерді төгейін.
«Апар мені!» деп еді,
Төрехандай батырды
Қарындасы Бибіге
Маржан бастап келеді.
Жиылып тұрған көп халық
Жолын аша береді.
«Төрехан келді» деген сөз
Бибіге жетіп, о-дағы
Көкесін күткен жер еді.
Бұрын барам дегенде,
«Соғыста жазым болар» деп,
Жібермеген нөкері.
Қырық қыз жолдас қасында,
Төреханды көргесін,
Құшақ жая береді.
Қарындасын Төрехан
Ақ бетінен өбеді.
Жүрген бала тарығып,
Қайғы-шермен қамығып,
Жүрегі тулап, қабынып,
Жан көкесін көргесін
Шыдап тұрсын нағылып?!
Қуанғаннан жылайды,
Көзінің жасын бұлайды,
Мауқын басып болған соң,
Сəуле менен Қарашаш
Аналарын сұрайды.
– Сағынғаннан Бибісін
Екі анаң тарыққан.
«Көреміз, – деп, – қай күні»,
Ұйқысы қашып зарыққан,
Көңілі түсіп жабыққан.
Кеткеніне көп болды
Туып-өскен халықтан.
Ана мен ел аман-сау,
Сəлем жолдап жатқан-ды,
Ханбибім, саған алыстан.
Амандық сұрап білістің,
Көп тұрмайық бекерге.
Егізбай мен Сегізбай
Екі сұмның қорлығы
Көкіректен кетер ме?
Ұрықсат бер, барайын
Екі жарым-есерге.
Бауырым, енді барамын
Сұмдардың басын кесерге.
Мені əлек еткенде,
Қара ат пенен өзіңді
Ұрлап алып кеткенде,
«Төрехан – жалғыз, мен – екеу,
Кегімді алам!» деп еді.
Қара ниет залымның
Туғанға бар ма керегі?
Мен – жалғыз, ол – екеу,
Шайқасып бір көрейін,
Ит сазайын берейін.
Ұлықсат бер, бауырым,
Есіл қанын төгейін.
Жаман туған жақыннан
Атасы басқа жат артық,
Жанын алып келейін.
Ханбибі сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Айтамын арыз, жан көке,
Бір іс қапыл өткен-ді.
Арадағы сөзге азып,
Екі ағаң əлек еткен-ді.
Жасы үлкеннің хақы бар,
Олардың сөзі өктем-ді.
Мен үшін таста, хан көке,
Туысыңа өкпеңді.
Төрехан сонда сөйледі:
– Көрген қорлық көп еді,
Көрмеген қорлық жоқ еді.
Қорлығынан иттердің
Ішім жалын, шоқ еді.
Екеуіне керегі
Сарыжаның улы оғы еді.
Берер ем сұмның сазайын,
Сен үшін кештім күнəсін.
Сонда да, бірақ, барайын,
Іздеп тауып алайын.
Есіне түссін екінші,
Кетпес таңба салайын!
Ұлықсат сұрап алады,
Екеуі жатқан жеріне
Салдыртып жетіп барады.
«Төрехан келіп қалды» деп,
Жанашыр бір құрбысы
Егізге хабар салады,
Екі батыр сасады.
Жүректері дүрсілдеп,
Уһілеп аузын ашады.
Адырайып көздері,
Құттары əбден қашады.
Арқызыл мен Сарқызыл
Мініп ала асады.
Қашқанын көріп Төрехан,
Құлаға қамшы басады.
Төрехан жетіп келіпті,
Еңсесіне Егіздің
Желекті найза төніпті.
Қорыққанынан Егізбай,
Өкіріп жылай беріпті.
Төнген найза еңседен
Қылт-қылт етіп тұрады.
Жалғаншыда жан тəтті,
Өкіріп Егіз жылады.
Қарсыласар күні жоқ,
Шығатұғын үні жоқ.
Қол-аяғы құрысып,
Ат үстінен бүрісіп,
Ерден ауып жылысып,
Егізбай жерге құлады.
Көзін тастай жұмады,
Қойнына басын тығады.
«Жан сауға, көке, жан сауға»
Деген үні күрмеліп,
Əзер-əзер шығады.
«Көрген халық күлсін деп,
Есіне түсіп жүрсін» деп,
Төрехандай батырың
Аттан түсе қалыпты.
Егізбайдай жарымның
Құлағын кесіп алыпты.
Бұл уақытта Сегіздің
Жүрегі əбден сығылған.
«Төрехан көріп қалар» деп,
Бір жыраға тығылған.
Қос өкпесі дүрсілдеп,
Бағы тайған тұғырдан.
«Біраз мезгіл өтті-ау» деп,
Кідіріп мұнда жатқанда,
«Бір қоян қашып кетті-ау» деп,
«Жан ұшырған бейшара –
Қоян қасқа епті-ау» деп,
«Түрікпеннің жерінде
Жыра мен шұқыр көпті-ау» деп,
«Қай шұңқырдың тасасын
Сорлы кеуек етті-ау» деп,
Жағалап жүріп қарады.
Бір қазынды шұңқырда
Сегізбайдай ағаңның
Үстінен шығып қалады.
Ентігіп жатыр күрсілдеп,
Жүрегі соғып дүрсілдеп.
Кеуектегі қояндай
Мойнын тығып бүлкілдеп
Қуарыпты ажары.
Кездесе кетті сол жерде
Екеуінің назары.
Алмас қылыш қолға алып,
Қасына жетіп келіпті,
Үстіне келіп төніпті.
Ұшып тұрып Сегізбай
Қол қусырып тұра кеп,
Төреге сəлем беріпті.
«Бауырым» деп жылады,
Қол қусырып тұрады.
Жан сауғалап қалшылдап,
«Күнəмді кеш» деп сұрады:
– Азғырумен азғанмын,
Ақылым жоқ жазғанмын.
Саған қастық қылам деп,
Ханбибі мен Қара атты
Ордаңнан ұрлап алғанмын.
Бүлік қылдым мен, – дейді,
Не етсең де, бауырым,
Істегенің жөн, – дейді.
Күнəмді кешір, Төрешім,
Бір шыбындай жанымды
Жан сауғаға бер, – дейді.
– Іс қылдыңдар бекерге,
Екеуіңнің қорлығың
Өмірде естен кетер ме?!
Қарашаш, Бибі көңілі үшін
Амалсыздан күнəңді
Кештім залым, есер, – деп.
Ер Төрехан екеуін
Аттарына мінгізді,
Қатарға алып жүргізді.
Жиналған көп халыққа
Даналығын білгізді.
Тамашаға таңданып,
Жиылған халық көп еді,
Ханбибідей балаға
Екеуін алып келеді.
Үсті-басы қызыл қан,
Егізбайды сол кезде
Ханбибі бала көреді.
Ханбибінің Төреге
Сондағы айтқан сөзі еді:
– Өтініп едім мен, – дейді,
«Өтінішіңді бердім», – деп,
Айтқан едің, сен, – дейді.
Құлақ бастың сəні еді,
Құлағын кескен нең? – дейді.
Күлкісі болар Егізбай
Ертеңгі күн халықтың.
Бастың құлақ ажары ед,
Құлағын кесіп алыпсың,
Басына бүлік салыпсың.
Егізбай сонда сөйлейді:
– Өкпелеме Төреге,
Ханбибі қалқам, сен, – дейді.
Əуелінде бүлікті
Бастаған ағаң мен, – дейді.
Ісім бұзық болғасын,
Төрештікі жөн, – дейді.
Тілегенде тілек бермедім
Ақ сүт берген анама.
Өлімді жер кездесті,
Шыбын жанымды алғын тек
Төреханнан қала да!
Бұрынғыда нақыл бар:
«Атқа келген бəледен
Айыл-тұрман садаға.
Басқа келген бəледен
Бастан құлақ садаға».
Сөйтіп жатқан жерінде
Хан хабаршы салады:
«Жиенім қонақ болсын деп,
Ордама халық толсын деп.
Бүгін-ертең Төрехан
Ерлерімен қонсын» деп.
Шақырып өзін алады,
Даярлаулы тағамы.
Құюлы арақ-шарабы,
Тартулы алуан табағы.
Ортасында орданың
Мейізбенен ашытқан
Қымызбен қойды сабаны.
Мақпал көрпе жабады,
Гауһар шамды жағады.
Қонақтармен күлісіп,
Мамырлаған аққудай
Маржан қыз жүр көлбеңдеп,
Қасында қырық жараны.
Əзілдесіп қыздармен,
Нағашыға ырза боп,
Төрехан отыр жоғары.
Егізбай жүр құнтиып,
Құлақсыз басы сымпиып.
Төрехандай ініге
Ол да ырза болады.
Сол шаттықты думанмен
Түрікпенге Төрехан
Екі күн бойы қонады.
Үшінші күн болғанда,
Қараманмен достасып,
Құшақтасып қоштасып,
«Апаларын көрсін деп,
Көріп сəлем берсін» деп,
Маржан қызды ерітіп,
Төремен Егіз, Сегізбай,
Ханбибі бала, көп əскер
Қайтады кейін еліне
Туып-өскен жеріне.
Темірхандай əкенің
Берекелі төріне.
Бірге туған бауырлар
Достасып қол берген жер.
Ұмыт болып өткен күн,
Шын достыққа енген жер.
Бір жарым ай жол жүріп,
Сəуленің сəнді ордасын
Көз ұшынан көрген жер.
Туып-өскен мекенге
Төрехандар келген жер.
Соныменен, тыңдаушым,
Ерлік пенен ізгілік
Зұлымдықты жеңген жер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу