Өлеңдер ✍️

  28.04.2022
  99


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚЫЗҒЫШ ҚҰС

Борай соғып заманды шайқап өктем,
Ата жауын жапырып, жайпап өткен.
Ел қорыған Махамбет енді жоқ қой,
Көл қорыған қызғышым қайда кеткен?!
Қайда кеткен?!
Япыр-ау, қайда кеткен?!
Айналаны көп шолдым қырға шығып,
Іздеп табам кетсе де құмға сіңіп, –
Көл бетінде жарқырап тербетілген,
Кетсін, мейлі, айналып нұрға асығып.
Ар-намысты, қайратты белге түріп,
Іздеп табам, кеткен жоқ жерге кіріп.
Тұл далада мола көп,
ессіз біреу,
Тықсын, мейлі, табамын көрге бүгіп.
 Құлағымнан құсымның сазы кетіп,
Қойнауларды келемін қазып өтіп.
Көлдің суын лайлауға құмар біреу
Кетсін, мейлі, табамын жазым етіп.
Ойхой, далам, қайдасың құндақтаған,
Сен болдың-ау жалғанда үн қатпаған.
Біреулерден бүлініп ел торыған,
Көл қорыған қызғышым қымбат маған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу