Өлеңдер ✍️

  24.04.2022
  234


Автор: Рафаэль Ниязбек

ОПАСЫЗ БОП АТАЛА МА ДҮНИЕ

Суық үрей Нарын құмын кезгенде,
Махамбеттен сырт айналып безді ел де.
Қара құйын құтырынып суыған,
Бір сұмдықтың болатынын сезгенде.
Махамбеттің өрт жүрегін қақ тіліп,
Өз ішінде бір аш бөрі жатты ұлып.
Шырақ алып түскен қанша ізіне,
Сұрау салып,
жан-жаққа адам шаптырып.
Көшелі еді қорамсаққа қол салған,
Көсем еді тыңнан сара жол салған.
Дүние бірақ оны қайдан ойласын,
Қасіреттің темірімен қоршалған.
 Не түседі қанын оның ішкенде,
Не түседі көк желкесін үзгенде?
Өзі туған Махамбеті емес пе,
Елге кенет бір мейірі түскенде.
Суық ызғар жиып сұсты жүзіне,
Шырақ алып түсуде әлі ізіне.
Мықтыларды жойған ылғи Дүние,
Қызғаныштан шоқ түскенде ішіне.
Ізгіліктің бәрін қолдап құптаса,
Қайғы жұтып, қан кешпес ед жұрт та аса.
Опасыз боп атала ма Дүние,
Асылдардың басын егер жұтпаса.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу