Өлеңдер ✍️

  23.04.2022
  148


Автор: Тәкен Әлімқұлов

Тұңғыш сезім жыры

Алтынкүл құрбыма арнап жазған хаттар,
Көкейде көп мақсаттан бір мақсат бар.
Өзіңнен, көп қыз емес, дәмелімін,
Сенің де көп бозбасқа көңілің тар.
Естимін мен әркімнен табысыңды,
Айта алмай жұрт мақтайды әр ісіңді.
Жеткізбес сары белде сен бір сағым,
Айналдым жағалауға танысыңды.
Желбіреп қызғалдақтай, ержетіпсің,
Жоқ, әлде дерттіге сен шербетпісің?
Шолпыңмен сыңғырлаған иығында,
Жүрегін талай жастың тербетіпсің.
Сол жастық біреуі едім, мен де, шырақ,
Мінеки еттің бүгін пенде, шырақ.
Қаққанда кірпік көзге елестейсің,
Жүргенде, жазмыш айдап, елден жырақ!
Тұрғаным сен дегенде сеңнің үсті,
Талпынам, дегенменен, үміт күшті.
Шығармын үдесіне, не шықпаспын,
Қолға алдым, тәуекел деп, бұл бір істі?
Түседі сені ойласам ішке жара,
Білмеймін не боларын бара-бара?
Екеуміз дұйым көпте айтысайық,
Мен – сал Біржан болайын, сен бол – Сара!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу