Өлеңдер ✍️

  17.04.2022
  171


Автор: Рафаэль Ниязбек

БІРЕУ

Ез болуың оңай-ау ер боп тұрып,
Тартылуың және оңай көл боп тұрып.
Орға жығып сан дүркін кеткен жоқ па
Қолтығына албырттың жел боп кіріп.
Күлім қағып тұрған соң шырайлары
Екі жүзді болар деп кім ойлады.
Аңқылдаған ақ көңіл адамдардың
Шайқалмаған тұнығын лайлады.
Өмірі өтіп жатса да жылда асығып,
Түлкіден де қулығын жүрді асырып.
Жерде құдай болса егер
Оны да ол
Алар еді әп-сәтте құрдасы ғып.
Содан кейін орнынан жылдам тұрып,
Шаттандырып кей сәтте, мұңдандырып,
Маймыл қылық қулықтың арқасында
Жіберер ед оны да жындандырып...
Жылаған баланы да уатпаған
Қатыгез ол
Шағы ма уақтаған.
Көгершіннің тоңбасын қайдан білсін
Терезенің алдына шуақтаған.
Аман-есен биікте көгім тұрсын,
Тәңір болса, көр соқыр көңілді ұрсын.
Зұлымдықтан құйылған тірі ескерткіш
Жалғыз сол ғой
Бүлініп не тындырсын.
 Айбынды аспан –
Ол үшін қаралы аспан,
Көңілінің құйынын ала қашқан.
Ел-жұрт теңіз болса егер,
Сол теңізге
Жалғыз тамшы у ғой ол араласқан.
* * *
Ата аруақ жебеп ылғи қолдаса,
Неге ендеше сүрінеміз жолда аса.
Білмес ек-ау Әділдіктің қадірін
Жер бетінде бұл зұлымдық болмаса.
Құдірет күші тұрған кезде қолда аса,
Көңіл құрғыр сонда өмірге толмаса.
Зұлымдықтың жолын қуып кетер ме ек
Жер бетінде бұл Әділдік болмаса.
* * *
1
Біреулердің алдынан күн күліпті,
Жолын кесіп біреудің мұң жүріпті.
Өмір – сынап
Бірде олай, бірде былай...
Қай жағына ауарын кім біліпті.


2
Не жыным бар –
Кішіні тасындырып,
Алам ылғи өзімді басындырып.
Абайсызда жығылып қала берем
Біреулерден, амал не, басым тұрып.
 Келеді алға нұрлы өмір асықтырып,
Жаратты ма кім білсін жасық қылып.
Біреу жеткен биікке шыға алмадым
Мүмкіндігім одан да асып тұрып.
Не жыным бар –
Ауаны өрде жұтпай,
Алысқанды атан ғып жерге жықпай.
Не жыным бар –
Отырам босағада
Жасым үлкен болса да төрге шықпай.
Таулы өлкенің тусам да құлжасынан,
Сор кетпеген жан болдым тұлғасынан.
О да өзгеге бұйырып кетері хақ
Өліп-талып гүл үзсем шың басынан.
Ой киігі даланың жонында өрген,
Өткен күннің мұз сауыт – тоңын көрген, -
Секілдімін Мұңлы Ақын
Жастарға ылғи
Сынап-байқап білуге жолын берген.
Мезгіл – қайшы,
Сағақтан қырқып, қырған,
Уағында талайды құртып тынған.
Ғұмыр кешу ата ерлік
Өмірде бұл
Ұстараның жүзіндей қылпып тұрған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу