12.04.2022
  95


Автор: Қалижан Бекхожин

ҚАЙРАН ЖІГІТТІК ШАҒЫМЫЗ

«Ол күндердің жалыны өшпес естен», – дегендей, біздер, менімен тұрғыластар, сол шақта өткен албырт, дархан кездерімізге разы едік. Жас едік-ау... Мен ҚазПИ-ді 1938 жылы май айында бітірдім, сонда мен жиырма бес жаста екенмін. Әрине, жиырма екісінде институт бітірген жастар «несіне мақтанады жиырма бесінде КазПИ-ді бітірдім» – деп менің бұл сөзімді сөкет көруі де мүмкін. Қазіргі білікті, әсем ұл-қыздарға сүйінішіміз мол. Әйтсе де, біз сол жас жігіт шағымызда да ақылды, парасатты едік. Бірақ біздер сол ыстық,

албырт шағымызды, оқи жүріп, өлеңді жаза жүріп, әдеп-әркенді сақтай жүріп, сауық-сайранды гулете білдік.
Қазақтың әдебиет әлеміне, аты шулы отыз жетінші жылдан кейінгі ізбасар жастар жас жағынан да құрыптас, бәйтеректің бұталарындай жарасқан бір шоқ едік. Біздің қатарымызда жасы аздап үлкендеріміз
– Дихан, Әбу, Әлжаппар, Жұмағали, Есмағамбет, Ғабдол менімен құрбыластар – Қасым, Әли, Қапан, Абдолла болатын. Ұстаз тұтатын, біз сыйлайтын, бізге қамқор ағаларымыз да аз емес еді. Біздің алдымызда, әдебиет орманында бәйтеректей асқақ, дауыл соқса да мызғымаған ағаларымыз – Мұхтар, Сәбит, Ғабит, соларға тетелес Асқар, Тайыр, Ғали, Әбділдалар тұрды. Осы тамаша топтың арасында комсомол комитеті мені 1938 жылдың апрель айында арнайы шақырып алып, сол кездегі Комсомол баспасына – әуелі бас редактор етіп жіберді де аздан кейін директор етіп тағайындады. Бұл шақ – институтты бітіруге екі айдай қалған кез еді. Біздің ұзақ-ұзақ отырыстарымыздағы әңгімелеріміз, жас ақындарға лайықты өнеге әңгімелер мен махаббат
сырлары болатын.
Қасымның бір қасиеті – қасындағы екінші біреу дәмді, мағыналы сөйлесе, ықыласпен тыңдайтын. Менің достарым Хамит пен Тахауи сөйлеп бір кеткенде мен байғұс тіл қатпай тыңдап отыра беретін әдетім бар. Ал, сол бір албырт шақта – сірә мен білгішсініп, оқығаным ішке сыймағандай, жосытып сөйлей берсем керек... Сонда не айттым екен?..
Менің білгішсініп әңгімелейтінім поэзия, көбінесе поэзияның ұлы классиктері Байрон, Шелли, Пушкин, Лермонтов, Маяковский, Есениндердің поэзиясы мен өмірлеріндегі қызық жәйттер туралы болатын. Мұндай әңгімелерді, мағлұматтарды Қасым да, Абдолла да ықыласпен тыңдайтын.
Қасым да мінезі ерекше, өр ақын ғой. Бірақ ол

шын сүйсінген жәйттерді ішке бүктемей жайдары разылықпен айтатын.
Айта кетейін, мен 1938 жылы жаз айында институтты үздік бітіргеніме қуанып, біраз достарымды (ақындармен қоса қыздар да бар) қонаққа шақырып, парк ішіндегі кафеде шағын той жасадым. Мені қошеметтеп сөйлеушілердің ішінде Қасымның сөзі таңданарлық болып шықты:
Қасым:
– Жігітттер мен қыздар, мына тосты мен үшін көтересіңдер! Институтты бітірген Қалижан ғана емес, мен де бүгін институт бітірдім. Жиналғандар:
– Қайда? Қалай?
– Мына оқымысты Қалижан төрт жыл бойы оқып білгенінің бәрін менің құлағыма құйып берді, мен оның бәрін біліп алдым. Нанбасаңдар, менен экзамен алыңдаршы – поэзия, поэзия тарихы туралы сөйлеп берейін! – деп күлімдей шіренді Қасым. Қыздар мен жігіттер ду күлісті. Қасымның әзіл-шыны аралас бұл сөзіне разы болып, қол соғыстырып тост көтерілді...
Тумысынан дарыны күшті ақын, соншалық зерек, парасатты, білгір еді. Ресми оқып дәрежелі білім алмаса да, өз бетінше оқып, зерттеп, тарихи, әдебиет, саясат мәселелеріне қанық та, жетік те еді. Қасымның келелі шығармаларынан бұл қасиет айқын сезіліп тұр.



* * *
Қасым достарының арасында ерке, өзін ерке ұстайтын, бірақ оғаш мінез білдірмей әзіл-күлкіге мәз болып отыратын. Сол достар қатарындағы біздің үлкеніміз – Әбу Сәрсенбаев. Бұл кісі Қазақ мемлекеттік баспаның директоры, сонда да кішіпейіл, байсалды, жасырақ біздердің еркелігімізді көтеретін. Әбекеңнің үйіне, біздің Ләзиза апайдың дастарханына біздер – Қасым, Жұмағали, Ғабдол, Жәрдем, Абдолла – бәріміз

түнделетіп сау ете түсетінбіз. Қасым скрипка тартып, Жәрдем домбыраны безілдетіп, Абдолла қосыла ән шырқап, әзілге құмар Ғабдол күлдіріп әңгіме айтып талай думан құрып едік. Өтті-ау, қайран сол бір қызық шақ...
1941 жылы июль айында неміс-фашистерінің шапқыншылығына қарсы Отан соғысы басталды. Кешікпей Қасым жауынгерлік қызметке жөнелді. Достары, біздер құшақтасып айрылыстық...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу