Өлеңдер ✍️

  04.04.2022
  105


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ЖЕҢІС

Тұңғыш жырдың өзі де басылудан басталып,
ақын етіп әп-сәтте бір көтеріп тастады.
Кейін бастым көңілімді —
ақын деген аты шын,
бір мықтыны сынаған жиналысқа қатысып.
Махаббатым бір қыздың ықыласынан басталып,
жігіт етіп жіберді уақытта қас-қағым.
«Қыздар мені сыйлайды» деген есер-желікті
бір сұлуға ақыры үйленумен жеңіппін.
Айтайыншы шынымды кездерімді сүрінген,
жеңіп жүрдім тіземді қағып-соғып тұрумен.
Жеңу деген бәле бір... жеңу болып біреуді
ойламайтын ойымды ойлайтын ғып жіберді.
«...Жеңді!
Жеңді мынау» деп жұрт айқайлап келеді,
ал, мен енді оларды үндемеумен жеңемін.
1969




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу