Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  84


Автор: Абдрахман Асылбек

Қалталар

Бір-біріне барабар
Бізде екі бала бар.
Бірінің аты Балтабай,
Екіншісі Қалтабай.
Жұлдыздан да көктегі
Қалталары көп тегі.
Бірінен мақта шығады,
Бірінен шаппа шығады.
Бірінен сым шығады,
Бірінен жүн шығады.
Бірінен тарақ шығады,
Бірінен парақ шығады.
Бірінен сабан шығады,
Бірінен қалам шығады.
Бірінен айнаның сынығы шығады,
Бірінен өзінің шұлығы шығады.
Бірінен дәрі шығады,
Әрі іздесең, әлі шығады...
Әйтеуір, қойшы,
Не керек, соның бәрі шығады.
Ұры қалта,
Ірі қалта,
Міне, қалта,
Әне, қалта.
Сөздің қысқасы,
Киімінің бәрі қалта.
Іш қалтасы, жанқалтасы,
Сырт қалтасы, тар қалтасы,
Жең қалтасы,
Кең қалтасы,
Ығай-сығай бар қалтасы.
Етек қалта, төс қалтасы,
Әйтеуір, жоқ бос қалтасы...
* * *
Тап осындай Қалтабай
Арамызда бар талай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу