Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  120


Автор: Абдрахман Асылбек

Егерде

Айуандар арақ ішсе не етер еді? –
Түбіне татулықтың жетер еді.
«Балапан басымен» боп тым-тырақай,
Дүние шыр айналып кетер еді.
Маймылдар «ча-ча»-лап билер еді.
Байғұздар кундіз ұшып, күйрер еді.
Ал, пілдер кезіккенін тапап өтіп,
Табанда саз балшыққа илер еді.
Аюлар ақырынып тұрар еді,
Тау менен тасқа басын ұрар еді.
Балықтар қалқып шығып су бетіне,
Құс біткен көк төсінен құлар еді.
Қояндар кетер еді батыр болып,
Есектер кетер еді ақын болып.
Түлкілер ойнар еді түлен түртіп,
Азулы арыстанмен жақын болып.
Қабандар бірін-бірі жарар еді,
Қасқырлар бірін-бірі қабар еді.
Көзіне қан құйылып, құтырынып,
Ит біткен иелерін талар еді.
Адамдар ішпесе егер не етер еді? –
Тату боп бір-бірімен өтер еді.
Құлпыртып дүниені қалауынша,
Ойлаған бар мақсатқа жетер еді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу