Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  262


Автор: Рафаэль Ниязбек

АРДАГЕРЛЕР АТЫНАН

І
Жоқшылықтың көп кидім сал шекпенін,
Әлі есімде аңырып зар шеккенім.
Замананың бұршағы төпеп тұрды-ау,
Қайдан білем үстімнен қанша өткенін.
Жетпей жатып жығылдым он жасыма,
Билігім де келмеді-ау өз басыма.
Жүре бедім, амал не, іштен тынып,
Талқанымды шылап жеп көз жасыма
Октябрьдің жалыны себеп болды,
Жел мүжіген тауға ұсап тозбасыма.
Жүрсем солай бір кезде жаным күйіп,
Со бір шақта қалыпты қанымда ұйып.
Батырақ ем
Шыңдалдым Большевик боп
Көкірегіме Октябрь жалын құйып.
Содан былай түспедім ат белінен,
Ұран жырым арқырап ақты өрінен.
 Толғай салған көк сүңгім толағайдай
Бір-ақ шығып жүрді ылғи жат төрінен.
Сол күресте шыңдалдым,
Сана кірді,
Гүл өсіріп,
Жайнаттым ана өңірді.
Ескі өмірді лақтырып ат белінен,
Орнатқан да мына біз жаңа өмірді.
Күрес десе
Өн бойы дуылдаған,
Ардагермін
Тап жауын қуғындаған.
Білсең, шырақ!
Мына біз Шындық едік
Жүрегінен заманның туындаған.
Жауыз тілін суырдым сумаңдар деп,
Аман қалса жымысқып жылмаңдар деп.
Сондықтан да туған ел кетіпті атап:
“Мына бізді толқында туғандар” деп...


ІІ
Жүректер мен жүректі жалғап әрі,
Сан жүгірдім,
Шындықтың толғап әні.
Байқа, шырақ!
Мына біз, мына менмін -
Бесжылдықтың соғылған балғалары.
Қара төспін,
Сірімін,
Қанаттандым,
 Бес қаруым бойымда –
Жарақтандым.
Алдаспан ем қынапта тыныстаған,
Ел басына күн туып,
Тағы аттандым.
Көлеңке,
Бұлт түсірмей күніне елдің,
Жеңіс туын қададым –
Жүгін дер кім?!
Өлу үшін өмірге келгенім жоқ,
Тірі барып соғысқа,
Тірі келдім.
Сондықтан да үмітін ақтаудамын
Өлгендер мен Тірілердің!
Ғаламда бейбіт сүйген сырласы көп,
Бізді ғана айтады жыр басы деп.
Өйткені біз жасаймыз Октябрь боп,
Октябрьдің қаламыз құрдасы боп!
Иә, қаламыз құрдасы боп!!
***
Алдында сансыз болса да шөлейт,
жар-құмақ,
Өтем деп одан қарғып-ақ.
Тастамай жауға жаралы, жансыз иесін
Ауылға тура тартқан ғой небір арғымақ.
Жапанның құба құмырсқа – белін күйретіп,
Шөлге де өзін үйретіп.
Иесін жаудан ап қашқан өжет арғымақ
Жеткен ғой елге
Шылбырын жерге сүйретіп.
 Қаншама шапсын тұяғы күйіп талмаған,
Атылған сайын жау басын қиып жалмаған.
Байқасаң есті арғымақ мінген жігіттің
Жат жерде тегі
Денесі қурап қалмаған.
Көңілім менің көгілдір әсем көктемдей,
Жауына елдің болмайды бірақ кектенбей.
Ел шебін егер жау бұзса...
Ұмтылам алға
Бейне өртке қойып кеткендей.
Қашты ма, мейлі, бәрібір қуып жетемін,
Жай оттарындай –
Төбеден соғып өтемін.
Арындап келген сол жауды
Өзенінде ажалдың
Тоғытқан қойдай етемін.
Алаулап жанған келем де асқақ отты иіп,
Лапылдатып жағам
Жатсын деп жанып көп күйік.
Бір кезде мен де құлауым мүмкін аңырап,
Көкірегімнен оқ тиіп.
Қос қанатыма айналып сонда білегім,
“Самғап ұш, - дейді, - тірегім!”
Иесін жаудан ап қашқан өжет тұлпардай
Арқалап мені ұшады елге жүрегім.
Бар ма еді десіп осыдан өткен нар талап,
Сол шақта түгел жаңғырып жатар шар
тарап.
 Өйткені елге жетеді жүрек-тұлпарым,
Шылбырды емес,
Махаббатымды арқалап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу