Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  116


Автор: Рафаэль Ниязбек

АҚ ҚҰСЫМ МЕНІҢ

Қайдасың, арлы ақ құсым,
Кеттің ғой тегі көрінбей.
Әлде сен маған жатпысың
Жұмақтың жұмсақ төріндей.
 Ашуға мойын бұрғанда
Бола ма сені түсініп.
Аймалап ұстап тұрғанда
Алдым ба жерге түсіріп.
Самал боп желпіп денемді,
Ақ құсым, кетші ширатып.
Абайсыз сенім – кемеңді
Алдым ба әлде қиратып.
Сыздатып жанның жарасын
Өзіңсіз өтті көп қысым.
Бір түспей көзге барасың
Бармысың, әлде жоқпысың.
Жанымды ылғи жылытып,
Жұлдызың тұр ғой жоғары.
Өмірде сенен, үмітім
Көз жазып қалған жоқ әлі.
***
Көктемнен шуақ өрді ме,
Көңілдің гүлі көктеуде.
Жалынсыз қалып көрді ме,
Жанар тау дейтін от кеуде.
Шыққанда жасыл көктеуге,
Алам ба құсын үркітіп.
Жанар тау дейтін от кеуде
Лапылдар шағын тұр күтіп.
***
Ұстамадым әркімнің етегінен,
Алдым асу,
 Сонда да өтемін мен.
Талай жерге, опыр-ай, кеп қаппын-ау,
Жалын атқан жастықтың жетегімен.
Алдағыны білгесін бал аштырмай,
Табиғат жоқ ол қойған жарастырмай.
Әкеге ұсап баласын жетелеген
Ғасыр мені келеді адастырмай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу