Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  147


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАЙДАСЫҢ, КӨГЕРШІНІМ?

Қайдасың сен?
Қайдасың көгершінім?
 Күңіренуде сені іздеп нелер шыңым.
Көз-құлағы бітелген сыбызғыдай
Көнерсе үнім жазғырма, көнерсе үнім.
Қайдасың сен?
Қайдасың, көгершінім?
Кеткен жоқ па келмеске кеселді күн,
Қиыршық боп жолыңа төселді кім?
Маған ғана болмаса,
Көгершінім,
Кімге керек аман-сау, есендігің.
Қырға шықсам қаламын ұзақ тұрып,
Сағынышымды сары жон жүз аттырып.
Неге ғана кешіктің
Әлде біреу
Тастады ма жолыңа тұзақ құрып.
Аулақ жүр деп қашанда қиянаттан,
Ар тауына құсым ең қиялатқан.
Айта берсем ақ шаңқан шабытым ең
Ақсұңқар жыр кеудеме ұялатқан.
Неге ендеше қайтпайсың мекеніңе
Жоқ еді ғой кесегім ұяңа атқан.
Ұяң да аман,
Емес пе бала шырын,
Сені іздеумен сүртпепті дала шығын.
Өзге құстың, байқасам, бәрі кепті
Жалғыз ғана сен жоқсың, жанашырым.
Неге, неге ұмыттың, қарашығым!?
Кім көрінген бере ме талапты ұға,
Еріп кетпе бірақ та ала аттыға.
Сөз болып па, тәйірі, қара тұзақ
Көк төсінде самғаған қанаттыға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу