Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  137


Автор: Рафаэль Ниязбек

КӨБЕ БҰЗАР ЖЕБЕМ СЕН ЕДІҢ


Інім бар деп жүруші ем алаңдамай,
Бұдан былай сенемін саған қалай?
Ойлы жұрттың сен тыңдап ойсыздарын,
Кете бардың жылыстап қарайламай.
Қарайламай жылыстап сен кетсең де,
Жалғыз қала қоймаспын мен тепсеңде.
Қалың елден бір іні мен табармын,
Шыбығымды шыңғыртып жерге ексем де.
 Күңіреніп үйінде отыратын,
Кімге қажет дедің бе соқыр ақын.
Сен кетсең де ақыннан кім безеді,
Жазған жыры кілем боп тоқылатын.
Неге бездің?
Өлеңім сен емес пе ең,
Ақ сарайда күркіреп оқылатын.
Айтаққа еріп арсыз топ жұлқынғанда,
Жапа шеге қоймаспын жұртым барда.
Алтын жебем сен едің көбе бұзар,
Мені қорғап атылар күн туғанда.
Қарт та айқасқан майданда, жас та
айқасқан,
Сатқындықтың есігін маздай ма ашқан?
Кейде інідей көзіме елестейсің,
Жау қолына ағасын тастай қашқан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу