Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  163


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚҰЛАГЕРДІҢ ҚҰЛЫНЫ

Шұбатылып соңында шаңы қалған
Жүйріктер көп десек те бағы жанған.
Құлагердің құлыны – өлең еді,
Тағдырымның құрсағын жарып алған.
Ертелі-кеш тапқанын ішіп, жеген
Қай тобырдың көрейін күшін ерен.
Құлагердің құлыны – өлең еді,
Ел ішінен кісі іздеп кісінеген.
Көңілімнің көліне тұнған арай,
Көктем болып еседі қырға қарай.
Құлагердің құлыны өсе келе
Айналмасын құлагер жырға қалай.
Ерді сыйлап ар жолын күнде қуған,
Жаман бар ма тізгінін ірке тұрған.
Құлагердің құлыны туған кезде,
Батыраштың тұқымы бірге туған.
Арманыма жете алмай дүрбелеңде,
Қалам ба деп қорқамын бір белеңде.
Құлагердің құлыны бәйге ала ма,
Батыраштың тұқымы жүрген елде.
*** *** ***
Өркештеніп жүрмін деп өр көшемде,
Өйтіп-бүйтіп шықтың-ау төрге сен де.
Жазушысы халықтың атандың-ау,
Сөзін сөйлеп халықтың көрмесең де.
 Шындық тілі шешілмей күрмелгенде,
Ақиқатты көздейді сұр мерген де.
Үкімет те жүрді ылғи сені үкілеп,
Көп азамат еленбей жүргенде елде.
Көрмесең де ұласып самалаға,
Атақ алып, атандың жағалы аға.
Дүниенің көйлегі жыртылғанда,
Жамау болып жүрегің жамала ма...
Көңіліңнен жылыстап жыр қашқаны –
Өміріңнің көздерін құм басқаны.
Жетісуға келдің бе арғы беттен
Жаны жайсаң жандармен ұстасқалы.
Жүргендерді күндейсің ат үстінде,
Қызыл қаншық қыңсылап жатты ішіңде.
Жат жерде өскен кісі едің құныс ойлы,
Сөйлейтінің сонан ба жат пішінде.
Сөз сөйлесең егерде бағамдамай,
Елдің іші жылысын саған қалай.
Ауыл кезген бұралқы ит секілді,
Ағын суды өтпейсің арамдамай.
Асам деме алдыңда тау жатқанда,
Алжасқаның бұл қалай шау тартқанда.
Өзім аман қалам деп ойлайсың ба,
Тіршіліктің арбасын қаусатқанда.
Тірі өліктің бірісің бұл күндері,
Саған қарай еспейді жырдың лебі.
Сені айналып жүретін болған жоқ па,
Қасиетіңнің жоқтығын жұрт білгелі.
 Сені көрсе, жұрт түгел дүрлігеді,
Содан, сірә, көзіңде мұң жүреді.
Арғы бетте қап қойып ар-ұятың,
Арсыз болып келдің бе, кім біледі?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу