Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  212


Автор: Рафаэль Ниязбек

ДЕПУТАТ МЫРЗАЛАРҒА НЕ АЙТАСЫҢ?


Тірлігі көп болса да жан сыздатқан,
Кінәні заманға артып қарғыс атқан,
Өкімет - өгей бала болғаны ма,
Туған халқын - әкесін зар жылатқан?
Қаһарлы халық күшін мол байқатып,
Ойға да орман болып толғай батып.
Депутат мырзаларға не айтасың
Жағдайын түзеп алған болмай жатып?
 Кең дала айналғасын қорегіне,
Ел-жұрттың енді оларға керегі не?
Жағаңа жармасады сенің әлі
Жалғанбай жапырақ боп терегіңе.
Жүрегің неге, ендеше, айнымасын,
Қолыңнан бар келері – қайғырасың.
Халқыңның мұрты қалай жылтырасын,
Жіліктің ұстаса егер майлы басын.
Жүгінсін олар, сірә, қайдан арға,
Тек қана «халқым» дейді сайланарда.
Артынша тез ұмытып үлгереді,
Мансаптан өзге жоқ-ау қайғы оларда.
Алдымен ер азбай ма
Арда басың
Жат жұрттың қанжығасына байланарда.
Қазақтың қайғы кешкен тылсым әні,
Көкке өрлеп қалай енді құлшынады?
Оларға бұйым боп па
Жатқа кеткен
Қыздай боп Байқоңырдың сыңсығаны.
Тұрғанда тулап ағып бойда қаны,
Аз ба еді қызық қуып тойлағаны.
Еліңді зар жылаған кім ойлайды,
Бәрінің құлқын қамы ойлағаны.
Келер күн – тұман жапқан белес бөтен,
Көзіме басқа қалай елестетем.
Алғанда жау жағадан...
Депутаттар –
Етектен тартқан бөрі емес пе екен?!
 Көз алдың тұманданып,
сағымданып,
Неліктен күйінбесін жаның налып, -
Сайланған депутаттар жеп жатса егер,
Халықтың көз жасына нанын малып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу