Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  157


Автор: Рафаэль Ниязбек

АБАЙДАН ҚАЛҒАН У

Жанмын ба әлде пошымы келіспеген,
Шыңырау да жоқ шығар мен түспеген.
Жаман болсам егерде,
Елім мені
Газеттердің бетінен неге іздеген?
Ұлы Абайдан артылған удың бәрін,
Күнім бар ма толқыта мен ішпеген.
 Қайда барсам қарсы алып жарқын дала,
«Кеп қалдың ба, – дейді ылғи, – ақын бала».
Тесік қалта ақынмын,
Дәтке қуат:
Бақытым да байлығым – халқым ғана.
Жырым алтын айналып алқасына,
Тағылған-ды қызына, қалқасына.
Ел сұраған жақсы мен жайсаңдардай
Түскен жоқпын халықтың қалтасына.
Шалқасынан шаниып жатса бәрі,
Төсек салып ел-жұрттың арқасына,
Неге, ендеше, ырсиып айналмасын
Қасқыр жеген жылқының қаңқасына.
Халқым күлсе –
Нұрландым нұрлы алаңда,
Бірге мен де жыладым жылағанда.
Ел ашықса ішімде қасқыр ұлып,
Бұратылып мен едім құлаған да.
Қай бетімен жайсаңдар ақталады,
Ақыретте жауап ап сұрағанда?
Күндей күлдім күркіреп ашылғанда,
Қаһарына айналдым ашынғанда.
Жұрттан бұрын ұмтылып,
Тамырында
Ар-намыс боп туладым тасынғанда.
Шуағына,
Нұрына мен айналдым,
Көк аспаннан жұлдыз боп шашылғанда.
Халық мұңын жырлаудан танған жоқпын,
Бақ қашса да бақшамнан,
Басымнан да.
 Халқым аман болса екен деп келемін,
Халқым артық алтыннан,
Асылдан да.
Көңілін де,
Өзін де арайламай,
Ел жақсысы кеткенде қарайламай.
Мен де өзімше жанықтым халқымды ойлап,
Халық қамын ойласа Абай қалай!
Тауларды алға шығармай,
Заңғарды алға,
Ел тонаған атылып арландарға,
Түгел ішіп Абайдан қалған уды,
Халқын ойлап өлгенде арман бар ма?!
Абай ішкен у құты күміс еді,
Қарағанның көзіне күн түседі.
Ұлы Абайдан қалған у
Тәбәрік қой,
Тәбәрікті мен ішпей кім ішеді?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу