Өлеңдер ✍️

  05.03.2022
  94


Автор: Абдрахман Асылбек

Біреулердің қайғысын

Біреулердің қайғысын
Ұғынбайды біреулер.
Ашпайды бар жайды шын
Көңілдері жүдеулер.
Әлдекімді күлді деп,
Шат екен деп түсінбе.
Не барын сен білдің бе
Ол байғұстың ішінде?
Күлсе күлген шығар ол
Мұңын серпіп тастауға.
Ұқсау үшін бір-ақ жол
Мөлдіреген бастауға.
Жаралған соң бұл адам
Жаны жұмсақ пенде боп,
Қасиеттен, күнәдан
Көрген емес кенде боп:
Қейде жасы сарқырар,
Төгіп өткен сел де боп.
Кейде жасы тартылар,
Кеуіп кеткен шөл де боп.
Кейде жаны шарқ ұрар,
Аласұрған жел де боп.
Кейде жаны жарқырар,
Айдын шалқар көл де боп.
Біреулерді біреуден
Бөліп қарау менде жоқ.
Тек жақсылық тілеумен
Малынамын терге көп.
Досқа ұсынсам қол ұшын –
Ол адамдық борышым.
Түсінбесем оны шын,
Кінәлама сол үшін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу