27.02.2022
  129


Автор: Пернебай Дүйсенбин

«КЕК« ЖӘНЕ КЕК

 


«1946 жылғы шiльденiң ыстық күндерiнiң бiрiнде Бранденбург провинциясының шағын қаласындағы совет коменданты подполковник Сергей Кузьминскийге комендатураның кезекшiсi мына оқиғаны баяндады: тал түсте орталық көшеде бiр ит, немiс овчаркасы, кiм екенi әзiр анықталмаған, көшеде кетiп бара жатқан бiреудi бас салған. Арпалыс үстiнде адам да, ит те өлген.



  • Иттiң иесi ұсталды ма? – деп сұрады Сергей Александрович.

  • Жоқ, – дедi кезекшi күмiлжiп. – Ол сiздiң Верныйыңыз көрiнедi, жолдас подполковник.

  • Верный ма?–деп таң қалды комендант. – Сiз шатастырып тұрған жоқсыз ба, ол өзi кәрiлiктен үруден де қалған.

  • Оны оқиғаның болған жерiне барған лейтенант Ильченко таныпты.


Кезекшi бұл жолы салмақты сөйледi.


Болған оқиғаға әлi сене қоймаған Сергей Александрович үйiмен хабарласты. Әйелi серуенде жүргенде Верныйдың бiр iз тауып өршелене аласұрғанын айтты. Күтпеген жерде құлағы қайтадан есiтетiн болып, ызалана қыңсылайды. Бiраз уақыт иесiне көнедi де, кейiн қарғы бауын жұлып қашып кетедi.


Әбiгерленген комендант машина шақыртты. Ол жол үстiнде жұмбақ оқиғаға байланысты жайларды iздестiрiп едi, нәтиже шықпады.


 


Верный Кузьминскийлерге соғыс басталардан бiр жыл бұрын келдi. Бұрын ол Сергей Александрович басқарған заставадағы таңдаулы шекарашы ит едi. Кузьминский ең жауапты тапсырмаға достығы шекарада аңызға айналған кiшi сержант А. Сухов пен Верныйды жiберетiн. Ал бiрде…


Сол түнi застава участогiнен фашистiк барлаушы Курт Шнейдер диверсанттар тобымен шекарадан өтуге әркет жасады. Андрей Сухов жаудың сан жағынан басымдығына қарамай, ұрысты бастады. Застава бастығы жауынгерлермен келгенде бәрi тамамдалған едi. өлтiрiлген алты диверсанттың екеуiнiң түбiне Верный жеткен екен. Соңғы минутына дейiн өзiнiң досы әрi иесiн қорғаған Верный қашып құтылған жалғыз адамның – Курт Шнейдердiң – оң қолының үш саусағын жұлып алды.


Ұрыста Андрей Сухов қазаға ұшырады, ал ит алты жерден ауыр жарақаттанады. Оны ажалдан құтқарудың сәтi түстi, бiрақ жазылғаннан кейiн үрудi қойды. Тiршiлкке бей-жай болды.


Верныйдың адалдығы мен батылдығына риза болған капитан Кузьминский оны өз үйiне «өмiрлiк пенсияға» алды.


Коменданттың     соңғы     күдiгi     ветизоляторға     келгенде     тарқады: цементтелген еденде көлкiген қанға батып Верныйдың өлiгi жатты.



  • Әлгi өлген адамның кiм екенi анықталды ма? – деп сұрады комендант түксие түсiп.

  • Әзiрге анықталған жоқ, – деген қысқа жауап қайтарылды.

  • Менi сонда апарыңыз!


Жамылғыны алып тастағанда, Сергей Александрович айқайлап жiбере жаздады. Ол өзiне суретi бойынша кезiнде әбден белгiлi болған фашистiк барлаушы, соғыс жылдарында Украинада жан түршiгерлiк айуандық жасаған кәнiгi гестапошы Курт Шнейдердi таныды.


Жендет өзiнен ежелгi кектiң қайтарылатынын еш ойламаған шығар. Ит сегiз жыл дерлiк дұшпанның иiсiн ұмытпай, кек алу сағатын күттi».


Әңгiме аяқталғанда айналаны таңырқасқан үн кеулеп кеттi.



  • Сегiз жыл бойы еш ұмытпай жүру деген кереметтiң кереметi емес пе?!– дедi Файзолла көзi ұшқындай, айналасындағы балалардың жүзiне жүгiрте көз салып. Неге екенi белгiсiз, көзiм осы сәт Алпанға түсiп кеттi. өңi күлдей болып кеткен екен. Жанары жасқаншақ тартып, үрейге толған. Менен күреңiткен жүзiн аударып әкеттi. Осы мезетте бөлекше бiр беймаза ой кiшкене кеудемде төңкерiле аунап түскендей болды…


Ертеңiне-ақ мен Төлепбек атайдың ауылына жол тарт-тым. Хат әкелген қуанышқа қартты да ортақтастырғым келдi.



  • Ой, қасиетiңнен айналайын-ай, ә! Онысы абзал болған екен. Аты не дейдi?

  • Пальма.

  • Пальма, Пальма! Бiр аяулы әйел болды десейшi иман жүздi. Бәрiнен әлгi командир азаматты айтсайшы! Қолына хатты ұстаған күйi әрлi-берi аударып- төңкерiп қойып:

  • Азаматқа рахмет! Екiнiң бiрi бұлай етпейдi. Ерiккен қулар-ау деп, жазғандарыңды жырта салатындар, құдайға шүкiр, бүгiнде көп.


 


Хат қағазының қасиетi бардай, жалпақ алақанымен оны тiзесiне салып сипап отыр, сипап отыр. Қолы дiр-дiр етедi. Осы кезде үйге ентiге басып, Жанбөрi кiрдi. Қолында газетке оралған түйiншегi бар.



  • Ата, мына қызықты қараңыз. Бiреу анау арық жағасындағы шеңгелдiң түбiне тастап кетiптi.

  • О, немене?

  • Ет.

  • Ет?! Қария қолындағы хатты маған ысыра бердi де, Жанбөрiнiң қолындағы түйiншекке қол қозды.


Газет орауының iшiнен бiр кесек ет шықты.



  • Қай тұстан таптым дедiң?

  • Арық маңындағы топ шеңгел маңынан.

  • Тоқта, тоқта! Атай басын кiлт көтерiп алды. Әлдебiр жайды ойға түсiруге оңтайланған секiлдi. Қалың қастарының арасы түйiле бердi.

  • Кеше бiр баладан қалған болар. өзiнiң белесепетi бар болатын. өзi алдыңғы күнi де келген. Сол баланы кеше де ешкi-лақ қайырып жүрiп жолықтырып едiм. «Тоқта!» – деп, айқайлағанда, алды-артына қарамай зытқан. Бұдан соң ол ойланған қалпы:

  • өзiнiң жүрiсi тым сұйық көрiнiп едi, ә, – дедi. Етке жиырылып жатқан жыландай секемдене, сезiк ала қарады.

  • Пышақ әкелшi, – дедi Жанбөрiге. Ол елiктей лыпып, киiз үйге кiрдi де, жып етiп тез шықты.


Қария күнге шағылған ақ кездiкпен еттiң ортасын тiлiп жiбердi. Қылпыған кездiк етке елi бойы енбей жатып, шақ етiп, әлденеге тiрелдi.



  • Ә, бәсе-ау, ойлап едiм, бұл неғылған батпан құйрық деп. Кездiктi былай ысыра берiп тiлiнген тұсты қолымен ашты. Жылан тiлiндей жылт етiп, әлдене күнге шағылды.

  • Ине ғой мынау! – Жанбөрi шегiн тартты. Қарттың жүзi күреңiтiп кеттi.

  • Ә, нәлет, итке ине салмақ болған екен-ау, ә! Басын ауыр шайқап соншама бiр ауыр, мұңды жүзбен Жанбөрi екеумiзге көз тастады. Еттi қолға ұстап көтерiп қалғанда, оның астына жабысқан тiлдей қағаз жалбырап көрiне бердi. Кесек еттi аударып қалғанда қағаз бетiнен қан қызыл жазу көзге шалынды. «Фантомастан сәлемдеме!».


Жанбөрi жазуды айқайлай оқыды. Қарт ауызын ашып, таңырқаған қалыпта екеумiзге кезек-кезек көз салады.


Менiң тұла бойымнан суық тер шып-шып шықты. «өй, атаңа нәлет, Алпан!» – деп, айқайлап жiбере жаздадым. Бәсе-ау, кiшкене Хабар әлгi бiр әңгiмелердi тектен-текке айтып жүрген жоқ екен ғой. Баяғыда киiмiмiздi тонайтын да сен сұм екенсiң ғой. Жымысқы , ұры тiрлiк сенiң қолыңнан да келе бастағаны ма! О, сұм Алпан! Кекшiлдiк пе, бұл не сонда?! Баяғы бiр жыртылған шалбар үшiн iшiңе бықсық кек түйген сен мүлдем оңбассың деймiн iшiмнен. Адам кектескенде де осылай кектесе ме екен.


Қол созым жерде бейбiт, маңғаз пiшiнде жатқан қасқыр итке қараймын.


Анда-санда қарт қолындағы етке мойын соза қарап, танауын жыбырлатады.


 


өңешке барып оқша қадалар топ иненi ойыма алғанда, жон арқамнан мың сан садақ жебесi шаншыла қадалғандай әсерде болдым. Қасымдағы екi жанның не айтып, не қойып жатқаны құлағыма қос қолдап итерсе де енер емес. Тор iшiне қамалған тиiндей дызалаң қаққан мазасыз ойлар басымда әрлi-берлi алас ұрып кеттi.


Санамның сонау түкпiрiнде өз иесiн аңсай күткен асыл ит соншама адал, соншама сенгiш, риясыз бiр қалыпта алыстан қол бұлғай, ұры жандай сыбырлай шақырған Алпанға бұлың ұрып, еркелеп бара жатқандай. Ол қолындағы кесек еттi әуелете келiп лақтырды. Пальма бөлекше ширақ, шапшаң қимылмен оны жерге түсiрмей қақшып алды да, толғай жұтып жiбердi. Кенеттен бар даланы, кең даланы басына көтере қаңқ етiп, жан ұшыра ойбайлап, төрт аяғы жерге тимей, безiп ала жөнелдi.



  • Ах, ах! Ах, ах! – Осы сәт Алпан, жоқ Алпан емес Курт Шнейдер, жо-жоқ, Алпан… жанталасқан иттiң өлер сәттегi, қимылына рақаттана қарап, қос бүйiрiн таяна, бар дауысымен қарқылдай күледi.


Сол кезде мен оның қасына тақалып келе беремiн. Ол безек қағып жүрген иттi маған нұсқай көрсетедi… жұдырығым тас түйiн болып түйiле бередi. Қорғасындай көрiнбес бiр салмақ келiп жұмулы жұдырығымның iшiне жиылып жатыр, құйылып жатыр. Зор салмақ оң иығымды төмен қарай тұқырта тартып барады.


Ол… Алпан, жоқ, Алпан емес, Курт Шнейдер, жо-жоқ, Алпан… азу тiсi ақсия, бар даусымен дарақылана, қарқылдай, күлген үстiне күле түседi. Түкiрiгi төгiлiп, ауаға шашырайды. Оның ұсақ тамшылары күнге шағылып, бос кеңiстiкте ала құйындай құтырына ұйтқып жүр. Әлгi ұсақ тамшылар бiр сәт жалт-жұлт еткен мың-сан өткiр инелерге айналып сала бередi. Олар кiрш- кiрш етiп қадалар жас тән, жұмсақ дененi аласұра iздейтiндей.


Мен кеудемдi шегiне жеткiзе керiп, ауаны iшiме сыйғанынша жұттым. Денемдi оңға қарай бұра ыңғайлап, зiл батпан жұдырығымды шегiне жеткiзе артыма қайырдым. (Достарым менiң, менiң осы сәттегi терiс қылығым үшiн кешiрiңдер, бiрақ…).


Иә, зiл батпан жұдырығымды шегiне жеткiзе, артыма қайырдым.



  • Бах! Дауысым күркiрей шықты. Сом салмақты жұдырық Алпанның шықшытының астынан барып, сарт еттi.


Домалай безiп бара жатқан ит емес, Алпан болып шықты. Домалап барады, домалап барады…



  • Ой-баа-ааа-ййй!


Басымды сiлкiп-сiлкiп жiбердiм де, көзiмдi аштым. Елес ойдан әзер айықтым. Жұдырығым, шынында да, тас түйiлiп, саусақтарым қарысып қалыпты. Әзер жаздым.


Төлепбек пен Жанбөрi екеуi еттi инеден арылтып болып қалған екен. Жайылған газет шетiне бiрқауым ине тiзбектелiп қалыпты. Соңғы иненi қойып жатқан Жанбөрi:



  • Он болды, – дедi. Иығынан зор салмақ жерге аунағандай желпiне сөйлеп.

  • О, сұмдық, – деп Төлепбек атай жағасын ұстады.


Инеден арылған еттi айналдыра аз қарап тұрды да, итке лақтырып тастады.


 



  • Бұл иттiң не жазығы бар, ей! Қай бала болды? Ешкiмге зәбiр қылған сияқты емес едi,–деп, сұраулы пiшiнмен маған қарады.


Мен қарттың ауыр көзқарасына төтеп беруге тырыстым. Алпан бастаған жорықтың iшiндегi бардың бiреуi менмiн ғой. Бiрақ көз деген сұм ұры ғой. Қарт шаншылып қарай берсе, сыр алдырып қоятындаймын. Бiрақ атай көзiн аударып әкеттi.


«Әй, арамза Алпан-ай, адамды от пен суға салып қойдың-ау. Мына бiр қуанышты хабар үстiнде сол түнгi жасаған кiнәларды мойындай кетсем бе деп ықылас етiп келген едiм, бiр жағынан. Қарт жүрегiнен ескен мейiр мен адалдық алдында балалық айыбымды мойындамасқа лажым қалмай келгенiн қайтейiн. Келгенiм келген-ау, бiрақ сенiң сұмдығыңның үстiнен түстiм ғой. Бәсе, кеше түсiңнiң күлдей болып бұзылуы тегiн емес екен ғой».


Мен сол күнi қарт ауылында кешке дейiн болдым. Бiрақ бұл жолы болған шындықты айтқан жоқпын. Келесi бiр сәтi түскенде айтуды жөн көрдiм. Самолет командирiне жазылған хаттың жайын айтқанда, қарт шын риза болған көңiлмен менi арқадан қақты. Командирдiң ыстық сәлемiн шынайы көңiлмен қабыл алды. Ал «Кек» хикаясын қарт ерекше таңырқай тыңдап, аяқтағанда:



  • Ой, қасиетiңнен айналайын-ай, ә, – деп басын ұзақ шайқап отырып қалды.


Алпанмен сөз басқа болмақ. Онымен өзiмiз сөйлесемiз. Төлепбек қарт алдында Алпандың масқара қылығын әшкерелеу тым ауыр болмақ. Ақ қағаздай адал қарт көңiлi әлгiндей сұмдықтың «авторы»–бiздiң кластас серiгiмiз Алпан екенiн бiлсе, тым-ақ жүдеп, көңiлi қоңылтақсып қалатыны даусыз. Сенген жүректi, адал жүректi жаралау аса ауыр ғой. Кешегi соғыс өртiн, немiс концлагерiнiң азабын көрген қарттың бейбiт шақтағы көңiлi аспаны бұлтсыз, бұрқасынсыз болғаны қандай жақсы.


Ал Пальма мен Верныйдың адалдығы мен ерлiгiн ауыл адамдары, әсiресе балалар көпке дейiн аңыз етiп, айтып жүрдi.


1980 жыл.







Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу