27.02.2022
  1202


Автор: Пернебай Дүйсенбин

КIШКЕНТАЙ ГЕНЕРАЛДАР

КIРIСПЕ НЕМЕСЕ АРНАУ СӨЗ.


Иә, саламатсыңдар ма, балалар! Хал-жағдайларыңның жақсы екендiгiне күмәнiм жоқ. Сабақтарыңның ойдағыдай екендiгiне сенiмдiмiн. Дегенмен де iштерiңде бiрен-саран балалардың сабақтарын нашар үлгеретiндерi де бар емес пе. Рас қой? Рас. Бiрақ оларға өкпелеп, олардың болашағынан үмiт үзуге бола ма? Жоқ, болмайды. Осы мектепте нашар оқыды деген балалардың кейiн есейгенде дыңдай азамат болып, өз iсiмен елдi сүйсiндiргендерiнiң талай куәсi болып жүрмiз. Тiптi бiздiң ауылдан шыққан атақты ғылым Мұратты алайықшы. Мектепте оқып жүргенде сабағы көңiлдегiдей болмаған. Керек десеңiз, оның сотанақ болғандығы сонша, ауылда «сотқар Мұрат» атанған.


Өздерiңнiң де естулерiң бар шығар. Ньютон деген асқан оқымысты адам болған. Оның бүкiл әлемдiк тартылыс заңын ашқандығын көпшiлiктерiң бiлетiн де боларсыңдар. Тiптi сол кiсiнiң өзi мектепке оқып жүргенде қабiлетсiз оқушылардың қатарында есептелген екен. Сондықтан да адамның мүмкiншiлiгiне, қабiлетiне шәк келтiрудiң өзi ағат.


Мен кейде адам қабiлетiн домбыраның пернесiне теңеймiн. Ширатпа шекке майталман күйшi қолы тигенде, жиырмаға жетер-жетпес аз перне жүрек қылын тербейтiн саз шығармай ма?! Адам жаны да, қабiлетi де сол пернелерге ұқсас секiлдi. Көңiл сарайы ашық, көргендi жанның алақаны аяласа, ақымақ бала ақылды болып, ұйқыда жатқан дарыны жапырақ жайып шыға келетiндiгiне ерекше сенiмдiмiн.


Құрметтi оқушыларым, бұл күнде менiң шынайы досым болып алған бұл баланы сендерге таныстырып өтейiн. өзi сендердiң бiраздарыңмен құрдас. Биылғы жылы күзде алтыншы класқа барады. Аты – Әдiл. Фамилиясы – Усаев. Онымен былтырдан берi таныспын. Бесiншi класта қазақ тiлi мен әдебиетiнен сабақ берген едiм. Сабақ үстiнде «көзге түсiп» қалып, алғашқы күнi-ақ кластың бұрышында қырық минут бойы «құрметтi карауылда» тұрған. Ол баланың сабаққа өте ықыласты, ынталы екенiн кейiн бiлдiм. Сұрақты көп қояды. Оның күлiмсiреп тұратын көкшiл көзi адамға бөлекше сенiммен, жылылықпен қарағанда iшi-бауырың ерiксiз елжiрейдi. Мұндай балаларды неге ғана жақсы көрмеске.


Әдiл менi көшеде көрсе, қасыма жүгiрiп келедi. Ол мұндайда өзiнiң бастан кешкен бiраз оқиғаларын ақтарып тастайды. Әңгiмелерi қызықты. Ерiксiз езу тартып, күлмеске лажың жоқ. Кейде оны қасындағы шынайы достары өмiр Тiлеуов, Болат Құрманалиндер толықтырып отырады.


 


Балалар, бұл шағын повесте Әдiлдiң жазғы каникулда басынан кешкен бiраз хикаялары баяндалады. Оның бiразын сендерге Әдiлдiң өзi, бiразын өмiр мен Болат әңгiмелейдi. Ал кей тараулары ол үшеуiнiң қатысуынсыз баяндалады. Әрине, бұл тұстарда өтiп жатқан оқиғалардың ересектердiң көзқарасымен суреттелуi мүмкiн екенiн алдын ала айтып қойған да дұрыс болар. Бiрақ мақсат бiреу-ақ. Ол – айтылар ойдың балдырған балаларға түсiнiктi болып жетуi.


Ал ендiгi әңгiме арқауын балалардың өз қолына тапсырайық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу