Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  327


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

ТІРІ ТАРИХПЕН КӨРІСУ

(Асанәлі Әшімовтың баласы Асанәлінің
Тілашар тойында оқылған өлең)
Қала, дала,
әуежай артта қалып,
Ақ құс ұшты
аспанға бұлтты жарып.
Тіршілікте тіріге
бар ма тыным,
Шақырады
дәм-тұзы Алматының.
Ақ батасы
халқының дара тиген,
Жетпіс жастан
асқанда бала сүйген,
Ұшып келдім
шаттығын бөлісуге,
Қолмен ұстап Тарихты,
көрісуге.
Тауқыметін тағдырдың
тартқан кісі,
Исі қазақ халқының
мақтанышы.
 Тілашарың,
тұяғың болған елес,
Бүкіл қазақ
тойласа артық емес.
Қос моншағы мойнынан
шешілгенде,
Қос үміттің
тағдыры кесілгенде,
Қайсыраған қайыспас
Қара Нар да,
Өзі берген өзі алды,
шара бар ма?
Есесіне есіл күн,
қиындықтың,
Жаратқанның бұйырған
сыйын күттің.
Берері көп
Алланың пендесіне,
Ала берме
өткенді енді есіңе.
Ұлы дала
ұлынан туған бала,
Ұлы ісіңнің жалғасы,
болсын дана.
Әкесіндей ел
жүгін арқаласын,
Қызығыңыз,
тойыңыз тарқамасын.
 Қамыс қармап
жағаға ілінген күн,
Өшкен жанып,
өлгенің тірілген күн.
Той-топырдан
ешқашан босамасын,
Екі Асанның
үйінің босағасы.
01.09.2014 жыл,
Ақтөбе-Алматы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу