Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  150


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҢЫ

Осы күнге
мен өзі қайдан келдім?
Жеттім ғой қойшы соны,
қайдан дерің.
Тәуелсіздік теңім деп,
атқа қонып,
Тәуелсіздік күні үшін
майданда өлдім.
Бостандық,
Тәуелсіздік егіз дедім,
Желмаяға
міндім де жер іздедім.
Іздеп келіп
тірелдім Жерұйыққа,
Құмдарым, ормандарым,
теңіздерім.
Тәңірінен бұл күнді
сыйға алған ба?
Ел басына
күн туып қиналғанда.
Алғаш рет
бір жеңнен қол шығардым,
Аңырақай
басында жиналғанда.
 Ақ білектің күшімен,
ақ найзаның,
Қан майданда
теңдік деп атой салдым.
Дірілдетіп
тізесін тірескеннің,
Ұлан-ғайыр жерімді
сақтап қалдым.
Бұл күн үшін
төкті ғой батыр қанын,
Садақ болып
сан рет атылғанмын.
Хан Кене боп
басымды оққа тігіп,
Бұл күн үшін
сан рет шатылғанмын.
Махамбет боп
Еділде еңіредім.
Арда қазақ –
бостандық теңі дедім.
Түн қатып,
таң асырып тірі қалдым,
Өз жерімнің
ырысын теріп жедім.
Көтере алмай
салмағын жауған тастың,
Алтай аттап,
Қытай мен Ауған астым.
 Сүйтіп жүріп
салтымды сақтап қалдым,
Қамы емес
бұл ісім қауға бастың.
Желтоқсанда әндеттім,
ақындаттым.
Ашып айттым
алаңда затын ақтың.
Қар кешіп,
мұз жастанып елім үшін,
Бір табан
осы күнді жақындаттым.
Жеттім, міне,
бұл күнге. Бақыттымын!
Тәуелсіздік тірегім,
жақұт үнім!
Көк байрағым
көлбеңдеп көк аспанда,
Паш етеді
әлемге бақыт күнін.
Тәуелсіздік
туым деп айта аламын,
Мақтанамын,
көңілім жай табады.
Осы күнді
армандап өткен едің,
Бабаларым,
сен үшін қайталадым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу