Өлеңдер ✍️

  24.02.2022
  453


Автор: Мұхамеджан Тазабеков

МҰХАМЕДЖАН ТАЗАБЕКОВ пЕН ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ айтысы

Дәулеткерей:
Жайқалтып қайың жырдың жапырағын,
Айтыстың аппақ таңын атырамын.
Айтөбел арғымақ жыр дүбірлетсін
Ұлыс күні Арқаның атырабын.
Шабысымды сынатып шаршы топта,
Шалдарымның аруағын шақырамын.
Ассалаумағалейкүм, алтын елім,
Әсемсал сәні болған сахнаның.
Ақ дидарың көзіме елестетер
Аққудай кірлемеген ақын арын.
Күлте жалды күреңді кісінетер
Күреңбайдай жанармен бақылауың.
Қапталыңа кеп қалдым, ал, ағасы,
Қапыда қалып кетпей атыңа мін.
Мұхамеджан арыстан деп естуші ем,
Арыстанға қаймықпай атыламын.
Қыза шауып, төске өрлеп, өршеленіп,
Қызыққа жұртшылықты батырамын.
Қызырлы елдің дидарын көргеннен соң,
Қызыл сөздің қырманын сапырамын.
Өлеңім – өз мәнерім, өз байрағым,
Тұғырлы Алаш барда тозбайды әнім.
Шапқанда үкілеген үздіктерің,
Тыңдайсың қалай, елім, қозбай қаның?!
Шабытыма шарапат тілесе екен
Сарыарқа – шалқар далам, боз жайлауым.
Талас, Шудан бастау ап, Алатауға
Құятын тұма, бұлақ, көзқайнарым.
Қанатынан қан жауған қыран болса,
Шың басынан жолығар кезді ойладым.
Мұхамеджан мықтыңмен айтысам деп,
Найза тілдің ұшына сөз байладым.
Басталып ақтық айтыс, аламан жыр,
Ақындар жаудырғандай қара жаңбыр.
Алдымда аты менен атағы озған
Ақылман азды-көпті ағалар жүр.
Солардың бірі өзіңсің, Мұхамеджан,
Халықтың кеудесіне қадаған гүл.
Жолбарыс жырыменен жортып жүрген,
Бақ дарып, бата қонған бала Жамбыл.
Әулие-әнбиелер аян беріп,
Атыңды өзгемізден даралап жүр.
Сен, бірақ, әулиеге сенбейсің ғой,
Тек Алла дидарына қараған құл!
Мұхамеджан:
Бәйгеде тигізбейтін бабаға тіл
Арғымақтар келіпті араңа кіл.
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын,
Жақсылығын сыйласын жаңа ғасыр.
Ораулы шиден шыққан ақ киіздей,
Оранып ақ ұлпаға қала жатыр.
Ассалаумағалейкүм, қандастарым,
Сәулесін шашсын бүгін санаға тіл.
Ырза боп азат елдің өміріне,
Көкжиекке балбырап дала жатыр.
Өздерін қазақ қайда сүйрейді деп,
Көздерін көлегейлеп ғалам отыр.
Кез болып Дәулеттейін тарландарға,
Аузыма сөз түседі, салғанда Алла.
Он күн болды, көшіп кеп Астанаға,
Жетелеп жатыр едім арманды алға,
Көрші болсам деп сіздердей заңғарларға.
Мұндайда айтылмайтын толғам бар ма?!
Шаңырақ боп көтерілген Астананың
Бір уығы бола білсем, арман бар ма?!
Тіліңнен сөздің нәрін бердің балдай,
Өрістеп сахнаға келдің қандай?!
Ассалаумағалейкүм, Дәулеткерей,
Көздеріңе тұңғиық көл тұнғандай.
Дүбірлетіп дүниені жібердің-ау,
Сөзіңді тыңдау үшін жел тынғандай.
Әйтсе де, орның бөлек інім едің,
Жүректі қозғайтұғын серпін бардай.
Дүбірлетіп Дәулеткерей келген кезде,
Самұрық қанатынан жел тұрғандай!
Сөйлейік басымыз бір дауда қалмай,
Болмайық шаңға бүгін аунағандай.
Ақынның арыстаны деп отырсың,
Мақтаумен жүрегімді жаулағандай.
Жылы сөзге жібитін қазақ едік,
Маңдайымнан ащы тер саулағандай.
Ал, бауырым, жырыңды әрі жалғашы енді,
Арналы сөзді елге арнағандай.
Қадалып отырысың, қарап тұрсаң,
Балықшыдан кәдімгі аумағандай.
Міз бақпай Дәулетжанның отыруы –
Мұз астынан майшабақ аулағандай!
Дәулеткерей:
Бұл жерде керек дейсің егес кімге,
Інің саған таралғыдай теңессін де.
Екеуміз емен-жарқын сырласармыз,
Осындай бола бермес кеңес күнде.
Ініңді балықшыға теңеп жатсың,
Теңесең, айдарымнан жел ессін де.
Майшабақ емес, Мұха, маған өзің
Кәдімгі қызыл балық емессің бе?!
Бақуатты сөз айтып баталы елге,
Ініңмен іргелесіп қатар өрле.
Астанаға көшіп кеп жатқан жайың
Болғандай салауатты сапар елге.
Уығы болсам, дейсің, арман бар ма,
Оныңды түсінбейін қата мен де.
Мұхамеджан, Астанаға уық емес,
Болатын жігітсің ғой бақан елге.
Байқасам, Мұхамеджан заңғар шығар,
Інің де ілтипатпен алдан шығар.
Анау-мынау әңгіме мен айтпаймын,
Жай сөзге көңіл емес алдаусырар.
Еліңе шапақ нұрын шашатындай,
Сәулелі жырың болса таңнан шығар.
Тарланға теңеп жатсың және ініңді,
Әрине, ол да маған арман шығар.
Ендеше, ағайын-жұрт, құтты болсын,
Тарланменен кездескен арлан шығар.
Ақынбыз қарап өскен ұлы Абайға,
Білместі ел мен жұртым кінәлай ма?!
Шариғаттың жолында жүрген жансың,
Жағатын сауатыңмен шырақ ойға.
Біздер әңгімелессек қалай болар,
Құрып ап сөз дүкенін мына жайға.
Ислам дін болғанда, иман – сенім,
Имамдай деп өзіңді сыйлаушы едім.
Жұмаққа барасың ба деп Мэлске,
Қандырдың күні кеше күмән шөлін.
Ол сенің үйреншікті әдетің ғой,
Айтысқанның ғибадатын сұраушы едің.
Мәңкір-мүңкір емессің жауап алар,
Қаншалықты қақың бар бұған сенің?!
Біліміңді әлі де үстеу керек,
Ақымақ ақылдыны күшпен жеңед.
Айқайламай өлу де абырой ғой,
Әркімнің қақпанына түспеу керек.
Жұмаққа бару үшін емес, Мұха,
Құлшылықты Құдай үшін істеу керек.
Мұхамеджан:
Айтыста деп жүруші ем саналым сен,
Аяқты үзеңгіге сала білсең,
Дәулеткерей, мен саған қой дедім бе,
Дуылдаған топты талай жара білсең?
Ағаңды қызыл балық деп отырсың,
Бұл сөздің байыбына бара білсең.
Қызыл балық азайып кеткен заман,
Айып па текті тұқым бола білсем?
Ақында үзілмейтін шідер болар,
Тиісті емес деймін жүдеуге олар.
Сен бақан болатұғын жігіт дейсің,
Өмірдің өлшемінде үнем болар.
Бақанды мен Нұрсұлтан ағам деймін,
????????? ??????? ?? ????? ?????.
?? ???? ??? ??????? ?????? ????
???????? ?????????? ????? ?????.
????? ??? ?????? ????? ???????? ??,
????? ????? ????? ???????? ???!
??????? ???????? ??? ?????? ??????,
???????? ????? ????? ?????? ????.
????? ???? ??????? ?????? ??????,
??? ?????? ????? ????? ???? ??? ???!
??????? ??? ?????? ???????? ???,
?????? ?Шаңырақты көтерер ол біреу болар.
Ал енді біз секілді барлық ұлан
Бақанның төңірегіне тіреу болар.
Іштен сөз Дәулет маған дайындар ма,
Өзіне келер сөзді пайымдар ма?!
Мэлстің жыртысын сен жыртып кепсің,
Білдіріп оттай қылып ойыңды алға.
Құдай үшін ғибадат қылғын дейсің,
Оны айтуға сенің аппақ арың бар ма?!
Отырсың бұл ағаңды жасқаған боп,
Ортаға шоқтай сөзді тастаған боп.
Шариғат айтсам елге, Дәулеткерей,
Сен секілді ислам жолын ластағам жоқ.
Адам түгіл, алдадың Алланы да,
Сен секілді намазды тастағам жоқ.
Ойда жоқта келіп ап айтысқа сен,
Орта жолда отырсың жақсы адам боп.
Кемшілігін бұл Дәулет біле ме екен,
Қорықпай қалай Алладан жүреді екен?
Ғибадат жайында сөз қозғағанда,
Ең болмаса, қызармас рең екен.
Ай, біздің қазақты да қойсаңшы осы,
Кірмейтін шеңберіне кіреді екен.
Жығылып жатып осы Дәулеткерей,
Сүрінген ағасына күледі екен.
Дәулеткерей:
Иманмен бүйрек майың бүтін шығып,
Жүрсе елге жүрегіңнен құтың сіңіп.
Біреуге дін білмейсің деп айтасың,
Өзің бәрін білем деу күпіршілік.
Бұдан бұрын қандай ем, Мұхамеджан,
Осы көрген күніме шүкіршілік.
Арайлы ақын жырын сәтке арнайды,
Ислам деген әркез уақ талғайды.
Сақал қойдым, мен намаз оқыдым деп,
Басымызға орнатпа батпан қайғы.
Білгеніңді жасырын жасасайшы,
Айғайлаумен сенімің ақталмайды.
Исламның жолы әркімнің жүрегінде,
Оны өзі білген құлы қатпарлайды.
Айғайлап істер болсаң барлық істі,
Артыңда айтарлықтай хат қалмайды.
Әйтпесе, сақал қойған Жүрсін де жүр,
Ол айтыс өткіздім деп мақтанбайды.
Айта берсең ақиқат тілден шығар,
Үлбіреген сыбызғы үннен шығар.
Әркімнің иманы өз жүрегінде,
Қандай құл өз иманын кімнен сұрар?
Намазды тастадың деп сен айтасың,
Дәулеткерей де өз жолын білген шығар.
Біле-білсең біреуді кәпір деген
Адам да алдыменен діннен шығар.
Айтайын, Мұхамеджан, тыңдасаңыз,
Мұсылман бола қалсаң, мың жасаңыз.
Дін деген ол Алланың ақиқаты,
Иманмен оны берік шыңдасаңыз.
Абай айтқан кемел ақын бола білсең,
Жұртыңның жүрегіне жыр қашаңыз.
Ғибадат, амалмен мен мақтанбаймын,
Мейлі, оны Дәулетке мін жасаңыз.
Ақиқатын мен айтсам осы жерде,
Өзің біл, оған атша туласаңыз.
Тұп-турасын айтқанда, бедел үшін
Исламды қолшоқпар қылмасаңыз.
Мұхамеджан:
Ағаңа қадап қойып жанарды шын,
Қисапсыз мойныңа жүк салармысың.
Дін жайында мен саған сөз айттым ба,
Әрине, кетіп қалмас одан күшім.
Өзің айтып отырсың, өзің қойып,
Жоқ жерден менен кінә табармысың.
Біресе күпірсің деп кінә артасың,
Басыма тудырғандай заманды шын.
Жоқ жерден мақтандың деп кінә артасың,
Алдымнан ұсынғандай сонарды шын.
Қай жеріңе сыяды соның бәрі,
Соншама, інім, жалақор болармысың!
Айтыстың кітапшасын парақтайсың,
Ойыңды үзіп-жұлып сабақтайсың.
Бір ақын кеп намазға жығылып ед,
Алдынан, артынан да тарақтайсың.
Елге иман таратсам деп жүріп ем,
Қасқырдай шығып маған жалақтайсың.
Іліп, тұсап ағаңды отырғанша,
Жұртыңа көсем сөзді көп айтқайсың.
Бес жүз мың қазақ өтті өзге дінге,
Көсілтіп соны бүгін неге айтпайсың?!
Орыным болса дағы ерек тегі,
Айдарымнан бір есіп жел өтпеді.
Абайдың сөзін егер білгің келсе,
Айтылсын зор тарихтың деректері.
Жартылай мұсылманың қай кезде де
Жартылай адамға ол себеп деді.
Ал толық мұсылманың қай кезде де
Ол толық адамың ғой демеп пе еді?
Таңдайың тесілгенше тақылдайсың,
Оттан көйлек кигендей лапылдайсың.
Ағаңмен сахнаға шыққан кезде,
Әйтеуір, сары аяздай сақылдайсың.
Әдептілік әлемін сақтап келген
Анаңның жолына қашан жақындайсың?
Тіл-найзаңды қадап ап қарсыласқа,
Әйтеуір, еш қызыққа батырмайсың.
Дін ұстадың деп тиісіп мына маған,
Сыйластықтың сорпасын сапырмайсың.
Қасына жолап кетсең бажылдайтын
Байдың жалғыз ұлындай шапылдайсың.
Дәулеткерей:
Мүмкін, мен дінді сенен кем білгенмін,
Жүрегіме өз иманын ендіргенмін.
Толық боп олқымызды толтыра бер,
Баршаны бір Аллаға сендірген күн.
Мұхамеджан ағамыз айтқан сөзде
Алапатты мен болып төндіргенмін.
Діндар болсаң, Мұхажан, әңгімем жоқ,
Сенен мен аздау ойлап, кем күлгенмін.
Шариғаттың шырағын елге жақсаң,
Әдебін жасайсың ғой жол білгеннің.
Бірақ та менің сенен сұрарым бар,
Әулие-әнбие жоқ деп жүрген кім?
Өріп айтсаң, қалмайды өлең кімнен,
Ақын болсаң, қызыл тіл кезендірген.
Бәрін жоққа шығарып бабалардың,
Келсең де белдесуге берен жырмен.
Үш жүз алпыс екі әулие Маңғыстауда
Ұлағатты ұрпағын жебеп жүрген.
Түмен бабы түнеген Түркістаным
Қолтығымнан қолпаштап демеп жүрген.
Отырарда отыз баб жатқан кезде,
Қасиетін танытам кемел жырмен.
Сайрамда сансыз бабты ойыма алсам,
Тіліме құйылардай өлең бірден.
Ер Есет пен пір Бекет әулиелер
Жанымызды шуаққа бөлеп жүрген.
Пайғамбардың шашын алған Арыстан баб
Жүрегіне иманын кенелдірген.
Таңдайынан құрма алған ұстазының
Яссауиды кемеңгерге теңеп жүргем.
Мұхажан, осыларды айтар болсам,
Түйіскендей болмай ма төбем күнмен?
Бұларды енді жоққа шығармассың,
Еншілеген болмаса бөлек жүлдең!
Жан емессің халықтан өскен таса,
Оныңды айт, көңіліңіз хош болмаса.
Мұхамеджан мұсылман деп айтар ма ек,
Құдайдың құлдарына дос болмаса?
Мынау бес күн жалғанның қонағысың,
Аттанарсың ерте ме, кеш, болмаса.
Мұхамеджан деген ақын өтіп ед деп,
Жақсы ма, ертең сені еске алмаса?!
Мұхамеджан:
Дәулетжан, сөз айтасың ада-күде,
Қол жеткізген адамдай дара күнге.
Жоқ жерден түсініксіз сөздер айтып,
Айтыста ашып отсың жаңа жүйе.
Әулиені жоққа сен шығардың деп,
Ағаңа жағып отсың қара күйе.
Қазақтың баласында мен білетін,
Алла берсе, білемін көп әулие.
Құдайға берген уәдеден айнымаса,
Алланың қақ алдында сол әулие.
Інішек, иманды бір реңге бар,
Айтыста түре де бар, сүре де бар.
Ағаңа әуелі кінә жабу үшін
Сен өзіңнің нәпсіңді жүгендеп ал.
Әулие жайында сөз қозғау үшін
Әуелі намазыңды түгендеп ал.
Жоқ жерден, інім, бүгін жаңыласың,
Мұсылман жайында айтып бағы басым.
Бес намаздың ретін білмей жүріп,
Үш жүз алпыс екі әулиені нағыласың?
Сыйлайтын ел құрметтеп жатыр, әне,
Білгеннен соң исламның мағынасын.
Әуелі сен айтшы өзі ағаңа кеп,
Сәждеден қашан, інім, табыласың?
Ағайын, алдыңа кеп жайланғасын,
Иман жайлы сөз қозғап ойланғасын.
Білмеймін, мен намазға жығылып ем,
Қара дауға қалды осы қайран басым.
Тілегім – біздер құсап бар ұрпағың
Жүздері иманменен жайраңдасын.
Өзге діннің илеуін илеуменен
Бет бұрып басқа жаққа сайланбасын.
Астанамыз ажарлы болса екен деп,
Айтар сөзім тойға кеп арналғасын.
Ұлыстың ұлы күні тілейтінім –
Астананың айырмасын тойдан басын.
Үлгіге адамзатқа айналсаң да,
Үйіндіге ешқашан айналмасын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу