Өлеңдер ✍️

  24.02.2022
  181


Автор: Бақыт Жағыпарұлы

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН БАҚЫТ ЖАҒЫПАРҰЛЫ айтысы

Дәулеткерей:
Бісміллә, сөз сөйлейін төкпе керім,
Жырыммен сөз парызын өткеремін.
Күнінде мамыражай көктеменің
Көсілем бауырында Көктөбенің.
Арқадан алапат жыр сезімменен
Сағынып Алматыға жектен едім.
«Шалқардың» төріне кеп жайғасқан соң,
Қалайша сәтсіздікпен шектелемін?!
Армысың, тыңдарман жұрт, арда қазақ,
Тәңірі тіреп тұрған текті ел едің.
Пешенесін ежелден Құдай сүйген,
Көсегесі көгерген көк бөрі елім.
Айналдым ықыласыңнан, тыңдарманым,
Ұлыңмын жанып жүрген жырдан бағым.
Қазақ радиосының төріне кеп,
Жаудырсам, бір ғанибет, жырдан жауын.
Сіздерменен біздерді жүздестірген
Бұйрығы шығар, шіркін, бұл да Алланың!
Тыңдаса бар қазақтың жұртшылығы,
Ашылар тәтті өлеңнің кілт-құлыбы.
Айтыс сүйген алаштың арқасында
Ақынның керек шығар тік тұруы.
Өлең деген ұлтымның өзегі деп,
Бүгінгі жас буынға ұқтыруы.
Біз келгенде «Шалқардың» үні шығып
Жатқаны – қуаныштың жұптылығы.
Қазақ боп өз дауысы саңқылдаған,
Бұл дағы бір Құдайдың құтты күні!
Сөйлейтін әуел бастан елді біліп
Келеді серкелері сеңді бұзып.
Осы радионың білдей бір жұмыскері
Бұл Бақыт – мен білетін белді жігіт.
Ендеше, бісміллә деп домбыра алып,
Менімен айтысып көр белді буып.
Бақыт:
Ассаламағалайкүм, еңселі елім!
Өнермен қиындықты еңсеремін.
Екі ақынның кенеттен айтысқанын
Қызықтап сөз сүйер жұрт көрсе дедім.
Аман ба, Дәулет інім дауылдатқан,
Қатардан қалмасыңа мен сенемін.
Астанадан келген соң Алматыға,
Тыңдаушыға тәтті жыр берсе дедім.
Бақыттың да бақыты бес елі екен
Айтыстың жолықтырған ең шеберін.
Тарих боп бүгін, міне, өткеніміз,
Жаңғырып қайта келді көктеміміз.
«Шалқарды» шарықтатып шыр бітірді
Елім деп еміренген бектеріміз.
Өлеңге айналдырмай шөңгені біз,
Жақсы ғой жақұт жырды тергеніміз.
«Шалқарымнан» айналдым, шабыт сыйлап,
Сан мықты содан шыққан зергеріміз.
Әрине, жалпақшешей жан болмайық,
Қияға қыран сынды самғау лайық.
О баста «Шалқарды» ашып бастап берген –
Атақты Әнуарбек Байжанбаев.
Жарқырап нұрын төксін күнің алдан,
Ақынсың елдің жайын ұғына алған,
Дәулеткерей, сөз білер жігіт едің,
Тектілер тәлімінен білім алған.
Үдейді енді, білем, шабысыңыз,
Шабысқа сай болса екен дауысыңыз.
Екпіндеп Есіл жақтан есілгенмен,
Енді қалай бұрылар ағысыңыз?
Эфирде қарсы аламын дала таңын,
Радио – сөз қонған ақ отауым.
Ал, енді, бердім кезек, балапаным,
Еліңнің сезін ыстық алақанын!
Дәулеткерей:
Балапан дедің мені, бала дедің,
Өзің де өр биікке шамалы едің.
Есілден ерен-жойқын жыр әкелсем,
Жетісу желегіне ағар едім.
Ал, Бақытым, мен сені байыптасам,
Арғымақ, шын жүйрікке балар едім.
Қанатымен су сепкен қарлығаштай,
Інісін ілгерілетер ағам едің.
«Шалқардың» болып жатса тойы мұнда,
Ұлыңның оралмасын ойы мұңға.
Дауысын тұншықтырған радионың
Обал-сауап үкіметтің мойынында.
«Шалқар» үні шарықтай береді енді
Аңшы менен қойшының қойынында.
Ініңе ақиқатты жақта дерсің,
Кемелді сыры болса сақта дерсің.
Ұлттың үні болғасын радио,
Сенімін сенгеніңнің ақта дерсің.
Ұлтымыз ұлағатты өріс алу
Үшін неге тізгінді жатқа берсін?!
Еліміз абыройлы болуы үшін
Ана тіл алтын тұғыр таққа қонсын.
Ана тіл сол тағына қону үшін
Атпалдай азаматтар атқа қонсын.
Шапалақты ұрыңдар «Шалқар» үшін,
Мерейі асып-тасып жатқан елсің!
Алматым – айтыстағы жалғыз Меккем,
Бауырында мен оның әнді үзбек пе ем?!
Науат саумал жырымды аямайын,
Жеткенде мамыражай наурыз көктем.
Наурыз көктем келгенде Алматыға,
Мен емес Астанадан жалғыз жеткен.
Арда өлеңнің болайық аққуындай
Самалалы шалқарлы таңды іздеткен.
Қазағым, аспаныңнан бұлт аунасын,
Өзге көз алартардай сылтау басым.
Ал, Бәке, сен де биік өлеңіңмен
Шолып көр Алатаудың шырқау басын.
Ұлыс күні тілейін мен – жұртымның
Жүзінен емен-жарқын күлкі аунасын.
Аналардың мейрамы алтын бесік,
Әніміз оларға арнап шырқалғасын.
Осымен бір қайырып бердім кезек,
Бақыт ағам бақуатты жыр толғасын.
Бақыт:
Өзіңсің өр өлеңнің ер түлегі,
Жырыңды тыңдаған жұрт желпінеді.
Әрине, ана тілдің халі мүшкіл,
Еріксіз ашуыңды келтіреді.
Десек те барлық үміт болашақта,
Дамытуға әр қазақ жең түреді.
Ағалаған айналдым ниетіңнен,
Ініге ізет көрсету сертім еді.
Жақсы көрген інісін жолы үлкені
Тәп-тәтті балапаным дейтін еді.
Сөзіңнің салмағын жұрт түсінеді,
Түсінген басшы да оған кішіреді.
Жылқы жылы келгенде, «Шалқарымыз»
Қайтадан құлын болып кісінеді.
Дәулеткерей, о бастан өткір едің,
Сені айтыстың тұйғыны деп білемін.
Балақ бауын ағытсаң бұл досыңның,
Мен де бүгін найзағай – көк тілемін.
Айтыспен ашып айттық сырымызды,
Ұнатпас, бәлкім, билік жырымызды.
«Шалқарға» сүйеп тұрып, тағы айтамыз
Өлтіріп алмайық деп тілімізді.
Осындай кемшілікті осып айтсақ,
Үкімет ескерер-ау мұңымызды.
Дәулеткерей:
Үніңде ғибратты ғұрып басым,
Інің де қалай жырды құлыптасын?!
Балапан дегеніңнен айналады-ау
Ініңіз өзіңізден сыр ұққасын.
«Шалқардың» қайта ашылғаны жайлы
Айтасың ақиқаттың іліп басын.
Жылқы жылы сілкініп кісінеген
«Шалқардың» құлын даусы құмықпасын!
Шындықтың сен де, Бақыт, жүзіндесің,
Тіліңе тәтті өлеңдер тізілгесін.
Радионың басшы мен қосшылары
Таланттарды іріктеп тізімдесін.
Байқасам сен де, Бақыт, радио деп,
Баяғы Байжанбаев ізіндесің.
Әнағаңдай дауысың саңқылдаған
Ешқашан эфирлерден үзілмесін!
Аға боп құшақ ашсаң, жалындармын,
Сол үшін де қасыңнан табылғанмын.
Өлең деген күліктің ат жалында,
Басып-ашып жүргендей бағымды әркім.
Көктеменің күнінен айналайын,
Көбік шашқан өзендей арындармын.
Елге құтты несібе бере көр деп,
Тілеймін мейрамында арулардың.
Аға боп ініңді алдан тоса аласың,
Ақ тілек айтсам, оны қош аласың.
Қарағайдай қасқалар аттап тұрсын
«Шалқардың» алтын тұғыр босағасын.
Тілегім ұлыс күні мына менің –
Төрлерің той тойлаудан босамасын.
Бақыт:
Ізгілік нұрын төккен санамызға,
Күліп-ойнап шаттанған арамызда,
Сендей ұлды өмірге алып келген
Мың тағзым Егеухандай анамызға.
Қуатты өлеңіңнің бар құнары,
Жүректі шымырлатты нәр шынары.
Астананың еріген мұзына ұқсап,
Маңдайдан қара терің тамшылады.
Ал, енді, көсілуге қамданыңыз,
Үзілген өнер жібін жалғадыңыз.
Өлеңнің жалынына жылынсын ел,
Шырпыны тұтатып ап шам жағыңыз.
Дәулеткерей:
Шабытты шалқыт десең, үдетем бой,
Бұл да бір естен шықпас күн екен ғой.
Бақыт ағам өрелі өлең айтса,
Іні боп іргесінде жүдетем бе ой?
Қазақ радиосында қалықтаған
Байжанбаев дауысы тірі екен ғой.
Радиода айтысты тастамаған
Бақыттай азамат та ірі екен ғой.
Бақытты аламанға қосу керек,
Радиодан қолы тимей жүр екен ғой.
Сендей ұлдан айналдым талаптанған,
Жүректен жарып шығып ән ақтарған.
Радиода тұлпарлар аз болмаған,
Балғынбек те радиодан қанаттанған.
Ағайын наз үнімді ұққан болды,
«Шалқардың» босағасында құт бар болды.
Балғынбекті шығарған радио
Бақыттың да бағытын нықтар болды.
Қазақта бір сөз барын біліңіздер,
Белден қаз дейді алтын шыққан жерді.
Өзім біліп өтермін өткел басын,
Тыңдаушым айтқанымды тек талғасын.
Бақыт сынды ұлдарың қызыл тілмен
Ошақтан шоқты шайнап, от қармасын.
Айтыстың асқар шыңын бағындырсын,
Бүгінгі сөз сайыспен тоқталмасын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу