Өлеңдер ✍️

  24.02.2022
  219


Автор: Мұхамеджан Тазабеков

МҰХАМЕДЖАН ТАЗАБЕКОВ ПЕН ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ айтысы

Мұхамеджан:
Алдырған ат жіберіп хан-қараны,
ҚазҰУ-дың желбіреп тұр тал-дарағы.
Бүгінгі айтыс халыққа қуат берсін,
Хат келіп қуантқандай қарт ананы.
Ассағалаумағалейкум, бармысыздар,
Алматының марқасқа, марқалары?!
Мұзда жатып шираған мұзбалақтай,
Жақсы атаның бүгінгі жаңқалары.
Жібек артқан шығыстың керуеніндей,
Ақындар келіп жатыр Арқадағы.
Жетісуым – жерұйығым болған кезде,
Сарыарқам – берекенің сар табағы.
Алматым мен Астанам ақ ордадай,
Екеуі де ел-жұртқа қамқор әлі.
Екіленіп қол соғып отырыңдар,
Екі қолды шығарып қалтадағы.
Дәл бүгін ақындардың ақ жырымен
Қос нүкте қосылып тұр картадағы.
Болғанда ойым – орақ, тіл – ұстарам,
Қайырлы сөзден қалың ырыс табам.
Астана – азат елдің мақтанышы,
Күн сайын бой түзеген күміс қалам.
Жақсы-жайсаң, қош келдің Алматыға,
Жайындай судан шығып тыныстаған.
Ақындарды Мырзағам бастап кепті,
Хан Тезектей қасына би ұстаған.
Хан Тезектен ағамның артық жері –
Тұлға ғой сын сағатта ту ұстаған.
Заманында Түбек пен Сүйінбайлар
Айтыста інжу-маржан уыстаған.
Солардың соңындағы ұрпақ едік
Жорғадай жүрістерін дұрыстаған.
Ал, халқым, ақындарың келді алдыңа,
Қақпан ауыз, қанжар тіс, құрыш табан.
Айбындарын көрсетіп кетсін бүгін,
Жолбарыс жолықса да жылыспаған.
Өрісі өнерлінің кең көрінер,
Бір ауыз сөзден кейде ел бөлінер.
Тұтастай тұлғалы сөз арнамақ боп,
Тұс-тұстан келген екен ең бөрілер.
Ассалаумағалейкүм, Дәулеткерей,
Теңселіп кеп жорғамен теңге ілер.
Қаршығалық қасиет таныт бүгін
Көк қамысты қайырып көлге кірер.
Зеріктіріп алмайық ел мен жұртты,
Зейінін салып отыр зерделілер.
Өнердегі өмірің ұзақ болсын,
Ер жігіт көп, әйтпесе, ерге мінер.
Найзағай боп жарқ ете қалғанымен,
Найзадай боп бір сәтке жерге кірер.
Дәулетжан, сөзің шырын бүгіндері,
Иманың байқалып тұр түріңдегі.
Нар қамыстай жігіттің егесі едің,
Тарамыстай тартылған сіңірлері.
Кеудеңді кеулеп сөздер тұрған шығар,
Тас тесетін тамшыдай үңгірдегі.
Үңіліп, әйтпесе, сен қарар ма едің
Үкінің баласындай іңірдегі.
Жартасты биіктегі жай ұрғандай,
Жап-жасыл жалынына шайынғандай.
Ақыным деп шығарғасын жарқылдайық
Ақылына тақымы сай ұлдардай.
Жүректерді жүгендеп алмай болмас,
Тағыны тастан қуып қайырғандай.
Сорпасын сөздің бүгін шығарайық,
Тортасын сары майдың айырғандай.
Сананың саңылауын дәл табайық,
Кірпіштің кетігіне лай ұрғандай.
Көрермен көзін алмай қарап қалсын,
Көдеге көктемгі төл жайылғандай.
Сәлделі Фарабидің ордасындай,
Сәулелі сөйле, Дәулет, шайырлардай.
Шөлдеген жұртты жырға қандырайық,
Шілдеде шірнесі аққан қайыңдардай.
:Дәулеткерей:
Атқанда алтын елге мәңгі ортақ таң,
Тіліме медет тілеп Жаббар хақтан.
Армысың, алматылық ағайын жұрт,
Қадірің Хан Тәңірдей заңғар тартқан.
Тәжіндей Алматымның басындағы,
Алатау айнымайды хан қалпақтан.
Мысалға, ежелгі жұрт Есік қорған,
Қазаққа құтты қоныс қалған Сақтан.
Сол қоныста ұлтымның қай-қашанда
Көңілін көркем өлең алдарқатқан.
ҚазҰУ-ден қанаттанған тастүлекпін
Арқаның аспанында самғау тапқан.
Еркінсіп жеткенімде елордадан,
Құлатпас құтты мекен арман-тақтан.
Саумал жыр – сіргежияр алып келдім
Сарыарқа – сәнді алқаптан, дәнді алқаптан.
Алматым, абыроймен асқақтай бер,
Тарихтың қойнауынан ақжол тапқан.
Азат елім, тұғырың мызғымасын,
Қазақы ердің қасындай шалдар шапқан!
Сұраған бір Алладан ері медет,
Ежелден көрерменсің көңілі ерек.
Құттықтап Ұлы Жеңіс, мамырменен,
Тілеймін бейбіт өмір еліме бек.
Тасжарған азаттықтың ақ қайнары,
Жайғастым Алматымның төріне кеп.
Уағалейкумассалам, Мұхамеджан,
Өзіңе іні болып көрінер ек.
Біз болғасын түлеген бір ордадан,
Жүректерге жұп гүл боп егілер ек.
Айтыстың алшаң басқан Алшағыры,
Жарасар мақтасам да сені не деп.
Мені биік самғатқан алтын тұғыр,
Алатау, алғысым бар өзіңе көп.
ҚазҰУ-ым, сен дегенде сөзім басқа,
Құдай үйген төбенің жөні бөлек.
Сен едің айтыстағы көне бүркіт,
Енші ғып ел мен жұртқа берерің құт.
Сәтті күні табыссақ сахнада,
Қалмаспыз өрелі елден өлең іркіп.
Айшылық аламанда алқынбайтын
Тұлпарсың тесік өкпе, төмен ұршық.
Сөз мергені, айтыстың көз мергені,
Нысанадан көрмеген жебең үркіп.
Қапталдасып, келген соң қарсы қарап,
Мен емес сескенетін сенен үркіп.
Арқа мен Алатау боп кездескенде,
Тамырлансын текті жер терең ілкіп.
Астана, Алматы боп шыққанменен,
Қайтеміз ала қойды бөле қырқып?!
Сұңқардай сіз едіңіз қырағы жан,
Ешкімнің сүрінбеген сынағынан.
Пайғамбардың атына жан қосылып,
Есіміңнің өзінен шығады мән.
Қай жерде жүрсең дағы бар халықты
Қандырасың өлеңнің бұлағынан.
Жүргізіп «Жұма күнгі жүздесуді»,
Журналист боп жарылдың бір ағыңнан.
Президент оркестрі жұмысқа алды,
Ұстаған соң көп өнердің құлағынан.
Мен сізді астаналық деп ойлаушы ем,
Көрген соң гвардия ұланынан.
Сөйтсем, Халифа Алтайдың қорын ашып,
Шариғаттың ұстапсыз шырағынан.
Бір Алла нәсіп етіп қажы барып,
Исламның қуат апсыз құранынан.
ҚазҰУ-да да қызмет істейсіз бе –
Капитан боп табылдың құрамынан.
Ерінбес еңбекқордай сізді көріп,
Көңілдегі кірбіңнен шын арылам.
Қазақ жалқау дегенге келіспеймін,
Жалған сөйлеп несіне күнә қылам?!
Мысалға, Мұхамеджан ағам отыр
Нәр алған туған жердің құнарынан.
Қай қиырға салса да қажымайды-ау,
Туғандай түз бүркіттің қыранынан.
Мұхамеджан:
Дәулетжан, сөздеріңді базарлы айтып,
Ақынбыз отыратын сөз арбатып.
Дәулет інім шоғымды көсеп жатса,
Қайнамайды дәл бүгін қазан қайтіп?
Тізбектеп, өмір жолды мақтап, матап,
Бөркімді жібердің-ау қазандай қып.
Жүруші ем жақсылыққа жаршы көріп,
Жасайық айтысқанда аңшы жорық.
Ол рас, Астанаға жібергенбіз,
Мәртебеңді биіктетіп, аршы көріп.
Алматыда тілінген таспа едің,
Астанадан оралдың қамшы болып.
Алматыда иірілген асық едің,
Оралдың тұрар сақа алшы болып.
Алматыдан көтерілген ақ бу едің,
Астанадан оралдың тамшы болып.
Сөз қылсаң осы екі шаһар жайын,
Қарағаймен бірге өскен қатар қайың.
Алматы ішіндегі шекпен болса,
Астана сыртын жапқан шапандайын.
Алматы жұмыртқаның ағы болса,
Сарысы сіздерсіз деп мақалдайын.
Алматы – ұстаз, ал Астана шәкірт еді,
Шәкірт озса, қуанып жатар дәйім.
Алматы мұрт болғанда, ал, Астана
Соң шығып мұрттан озған сақалдайын.
Және бұл жағдайға да таңғалыңдар,
Мойындайтын шындық бұл бар ғалымдар.
Өмірде өзектесіп, сабақтасып,
Самғап өткен бірлесіп сан дарындар.
ҚазҰУ-дың қалашығын салып кеткен
Жолдасбеков Өмірбектей заңғарың бар.
Іргетасын Еуразияның қалап жатқан
Жолдасбеков Мырзатайдай тарланың бар.
Мырза ағам Өмекеңнің шәкірті еді,
Ұстаздың ұлағатын аңғарыңдар.
Екі орданы көтерген екеуіне
Абырой-атақты да тең жарыңдар.
Байқашы, елім, не деген бақытты еді
Жолдасбектей қарттардан қалған ұлдар.
Он жылда ұтылғаның, ұтқаның бар,
Бұл өзі уақыт емес ұлт дамылдар.
Аңғарсақ, Алматыдан Астанаға
Ақыл ауысып, ырыстың жұққаны бар.
Елордалық ілімнің іргетасын
Алматылық ғалымдармен нықтадыңдар.
Мырзекең Еуразияда жүргенімен,
ҚазҰУ-лік қайраткер деп жұрт қабылдар.
Ғалым мен дарындарды сөз қылсақ та,
Осында жатыр бүгін түп-тамырлар.
Астананың ажарын ашып тұрған
Алматыдан аттанған сырттан ұлдар.
Еуразияның еңсесін көтеріп тұр
ҚазҰУ-дің кеңсесінен шыққан ұлдар.
Артықтығы жоқ бірақ елден елдің,
Артықтығы жоқ бірақ ерден ердің.
Ол рас, алақанға салар сені,
Төркіндеп бүгін, Дәулет, төрге келдің.
Төркіндеп келгеннен соң Алматыға,
Алдында жүрші лайым көмбелердің.
Біз сені құрметпенен қарсы алармыз,
Пиғылын танытпастан пенделердің.
Қылығыңа көз тастап отырайын,
Құдығыңа су ішкен сен де келдің.
Бірақ та құдығына түкірмейтін
Келісті тұқымы едің кертөбелдің.
:Дәулеткерей:
Сөз қылдың Мырзатай мен Өмірбекті,
Олар, рас, жақсылықты өмірлі етті.
Сондай алтын құрсақ қой біздің қазақ
Тудырған жақсы-жайсаң, небір бекті.
Мұхамеджан ағамыз, толғағанда,
Тұмсығыңнан сорғалап терің кетті.
Менің енді жіберші тізгінімді,
Терің жаппай тұрғанда кеңірдекті.
Ағама сөйлемеспін қарсы келіп,
Тобыңа сән бергендей әнші көрік,
Арқадан мен оралсам қамшы болып,
Жүректерге себілем тамшы болып.
Ендеше, Мұхамеджан, сен екеуміз
Екі ордаға жүрейік жаршы болып.
Ер жігіт жиырма бесте шоқ болады,
Отызда орда бұзар от болады.
Ұланы боп Отанды күзетсеңіз,
Елімнің уайымы жоқ болады.
Халифадай ғұламадан үлгі алсаңыз,
Басыңызға батпандай бақ қонады.
Қажы болған ол дағы жаман емес,
Қорқатының жалғыз-ақ Хақ болады.
Молда болған ол дағы үлкен сауап,
Аңқау елде тамағың тоқ болады.
ҚазҰУ-де ғалым болсаң, тіпті жақсы,
Құрығанда, көйлегің көк болады.
Айып па алты жерден айлық алсаң,
Қонышыңнан баса алсаң дөп болады.
Қазағым «бейнет түбі – зейнет» деген,
Қартайғанда пенсияң көп болады.
Шамданбаңыз, әзілмен шымшып та алсам,
Қадалып қаларым бар бір сұқтансам.
Өзіңізге жұп болып шыққаннан соң,
Жүндей иір ініңді ұршық болсаң.
Әрине, артық кетсем кешірерсің,
Жарамас жақсы өлеңді іркіп қалсам.
Бесті тістер құнан да ауырмайды,
Жарасар, ұрсып та алсаң, сілкіп те алсаң.
Елмен бірге сүйініп отырармын,
Биік ұш бұлтты жарып, бүркіт болсаң.
Хақ жолын Жаратқанның сүйіп жүрмін,
Мұхажан, пенделіктен биік жүргін.
Өткенде Орал барып театрда
Шариғат жайында бір жиын қылдың.
Астанада, Музакадемияда,
Зікір салған жастарға тыйым қылдың.
Игілікті іс қылып ел аралап,
Әрине, жалпақ елді сүйіндірдің.
Бірақ та Қожа Ахмет бабамыздың
Жолын жоққа шығарып қиын қылдың.
Оның дұрыс, ел аруаққа табынбасын,
Баршаны бір Аллаға сиындырғын.
Сенен де артық білетін діндарлар бар,
Неге сонша асығыс түйін қылдың?
Дәл осындай шалағай шешімдермен,
Мұхамеджан, біздерді күйіндірдің.
Шариғаттың шығармай шып-шырғасын,
Демеспін азаматтар тік тұрмасын.
Дінтанушы көбейіп ел ішінде,
Молдалық пен мамандықты жұп қылғасын.
Исламды танытпақ боп тапырақтап,
Баспаңдар әтеш айқай, қытқылға шын.
Әркім өз беттерінше әңгіме айтып,
Ұлтымның уақытын ұттырмасын.
Қазақты қай ұшпаққа шығарады
Сәлдемен сәндегендер сырт тұлғасын?
Исламды қырық түрлі уағыздап,
Қатырып қойдыңдар ғой жұрттың басын.
Мұхамеджан:
Құмарсың неге сонша кекесінге,
Кекесінмен мақсатқа жетесің бе?
«Мұсылманды мұсылман сүйсін» деген,
Пайғамбар уағыз айтып Меккесінде.
Ал сен болсаң, алқымнан аласың-ау,
Тап берген інісіндей көкесіне.
Құдайдың сүйген құлы жалғыз сен бе
Жұлдызы жанып туған шекесінде?!
Дәулеткерей, болмасын арыңда мін,
Ақиқат па еді сенің сағынғаның?
Алты жерден айлықты аласың деп,
Жөн болмады, мұсылман, тарылғаның.
Отырсың аруақпен айтыстырып,
Бар деп бүгін айтамын оныңда мін.
Яссауиге мен қарсы шыққаным жоқ,
Жалғыз Алла болған соң табынғаным.
Яссауи де пенде ғой, оны қайдам,
Мен өзім бір Құдайдың жолындамын.
Дәулеткерей, тұлғалы төр шығарсың,
Айтысқандай кей кезде алқынарсың.
Біз мешітте дауласып тұрған жоқпыз,
Реті келген кезде сөз қыларсың.
Түсініксіз халыққа жайларды айтып,
Елдің басын қатырған сен шығарсың.
Қадірін Құранның да білген жанмын,
Иманмен бекітемін іргемді әр күн.
«Халифа Алтай» қорында жұмыс қылсам,
Құдайдан сауап іздеп жүрген жанмын.
Ел-жұртына жақсы ісін ер арнайды,
Ал оған Дәулеткерей арандайды.
Ішімде не жатқанын білгендей-ақ,
Сыртымнан тон пішумен табандайды.
Елге қылған қызметімді көре алмастан,
Сөз қылады жақсы мен жаман жайлы.
Құдайдың беріп тұрған несібесін
Құдайдан күдер үзген көре алмайды.
Дәулеткерей шариғатқа шабан екен,
Өзінің нәпсісіне адал екен.
Жақсылықты іздеудің орнына
Кемшілік іздейтіні жаман екен!
Дін үшін болды кеше Абай құрбан,
Екті елдің жүрегіне талай жыр-дән.
Шариғатқа қызмет қылсам, оны айтасың,
Ел деген ердің бәрі солай қылған.
Даналар даламыздың кемесі еді,
Ел-жұрттың еріп жүрген ересегі.
«Алланың өзі, сөзі – рас» деген
Ұлы Абай ұлы сенім егесі еді.
Дінді егер діңгегім деп білмесе,
Қара сөз жазып қайғы жемес еді.
Шәкәрім де Құдай үшін құрбан болып,
Артта қалған кітап боп берешегі.
Исламға таң қалған Толстоймен
Сан мәрте хат жазып ол кеңеседі.
Жамбыл да Кремльде намаз оқып,
Ысқырған Сталинмен егеседі.
Иншалласыз жұмысты бастамаған
Әлкей Марғұлан ғалымның төресі еді.
Жұма намаз оқыған Қонаев та
Дін дегенде езілген емешегі.
«Дін – ғылымның атасы» деп жырлаған
Мұқағали ақылсыз емес еді.
Солардың да барлығын толғандырған
Соңындағы ұрпақтың келешегі.
Тарихтан алар болсақ тағылымды,
Қашанда Құдай деген ел өседі.
Ата діннен ақиқат тапсақ қана,
Терезең өзге жұртпен теңеседі.
Алланың ақ жолымен жүрсе ғана,
Халықтың айдарынан жел еседі.
Барлығын көрсетіп тұр тарих тарлан,
Қазақтар құдай деген халық болған.
Иманы күшті кезде ер бабалар
Осынау ен даланы алып қалған.
Өйткені, иман барда ынтымақ бар
Екені тәжірибеде анықталған.
Иманы әлсіз кезде талай жерлер
Ресей мен өзбекте қалып қалған.
Берекесін беретін Алла ғана,
Байлығың болғанменен ағып-тамған.
Алланың әміріне қарсы шықпа,
Жақсылық күтер болсаң жарық таңнан.
:Дәулеткерей:
Демегін мынаны айттың, ананы айттың,
Онан да салиқалы сананы айтқын.
Басқа жерде әңгіме қылсақ демей,
Тұп-тура ел көзіне қарап айтқын.
Ақыннан алапат жыр, өлең күткен,
Демеймін, Мұхамеджан, сенен мықты ем.
Не айтсам да, ел-жұртты сақтандыру,
Көсемсуге шамам жоқ тереңдікпен.
«Дін – ділімнің діңгегі» деген барда,
Көсіліп айтып тұрмын көлем қып мен.
Діндарларды қаралауға келген жоқпын,
Биіктен табылармын сенен күткен.
Молданың көбейгені тағы жаман,
Шеріңізді кетпеспін шемен қып мен.
Мұхажан, өз әліңше түсінерсің,
Айтамын осы жайды елең қып мен.
Осылайша ақиқатты айтып тұрмын,
Ел іші тыныш болсын дегендіктен.
Қырансың қия көкке самғайтұғын,
Көсілсең көрерменге балдай тілің.
Әрине, иманың кемел сен ақынсың,
Қадірлі әрбір сөзің нандай тілім.
Мұсылманды мұсылман сыйламас деп,
Айтып тұрсың күнәнің қандай түрін?!
Діндар болсаң, білер ең, тірі адамнан
Ақыреттің жауабын алмайтынын.
Ағаны өзіңіздей сыйлаған ек,
Жақсы әдетін үлгі қып жинаған ек.
Әрине, екеуміз де филфакта оқып,
Өлеңнің бозтайлағын бұйдалап ек.
Әр жүректің иманы Аллаға аян,
Ешкімді жамандыққа қимаған ек.
Ұлтқа перзент боп жатсаң, разымын,
Ұялаған жүрегіне иман, әдеп.
Он күнәнің тоғызы тілден бірақ,
Сондықтан да қаларсың қинала кеп.
Әйтпесе, Мұхамеджан, қой демеймін,
Дорба асынып кетсең де диуана боп.
Өрелі ойды түсіну елге міндет,
Жасын боп жалындаған жөргегінде от.
Шариғатқа шамамша сауатым бар,
Сенен артық өмірді көргенім жоқ.
Астанадан келген соң сағынышпен,
ҚазҰУ-дей қыламын ғой төрге құрмет.
Осып-осып осылай айтпағанда,
Сақалыңды санауға келгенім жоқ.
Мұхамеджан, ақынсың мұратқа бай,
Жырларың елге шашсын шуақты арай.
Мен сені көре алмаған жан емеспін,
Тәңірден төрелікке тұрақтамай.
Абайды айттың және айттың Шәкәрімді,
Ағады деп асқардан бұлақ қалай.
Алланы өз бетіңше танығанмен,
Болмайды күн бетінде шуақтамай.
Мұқажан, кешегі өткен бабаларды
Сен сияқты есіркемес бірақ та Абай.
Пешенелі пендеге сүйікті Алла-ай,
Жақсылық ұсынушы жиып барлай.
Қазыналы, айналдым, қарттарымнан
Шыңдары мәртебелі биік таудай.
Ақ жаулықты, айналдым, әжелерден
Әлдилері әлемді ұйытқандай.
Қыздарынан айналдым, жүрегі пәк,
Қарамас қасы-көзі қиықтанбай.
Жігіттерден айналдым, жүрегі ұшқын,
Сүре алмайтын өмірді сүйіп қалмай.
Ал, енді, Мұхамеджан, сен де бүгін,
Тарта бер салмақтардан иық талмай.
Алматым, алға бассын абыройың,
Тағдырың тар кезеңге тұйықталмай.
Төрт аяғын тең бассын Қазақстан,
Ит басты, сиыр аяқ сиықтанбай.
Мұхамеджан:
Сөз айтып Дәулеткерей төрлеткендей,
Бір уақ жеке шауып желдеткендей.
Шіркін-ай, қандай ғажап болар еді,
Мұсылмандар сөйлесе бөлшектенбей.
Дәулет-ау, сақтанғаның сонда мен бе
Бауырдың аяғына дән сепкендей.
Құдай деп құрақ ұшқан халыққа әкеп,
Өз ұлын өгей қылып көрсеткендей.
Жарқырап отыр бүгін жанардайын,
Көңіліңді бүгін сенің сан аулайын.
Ал, бауырым, ондай болса тыңдай отыр,
Кімнен сақтану керектігін баяндайын.
Сақталған салт-дәстүрлер құтың боп бір,
Әлемдік стандартқа бүкір кеп тұр.
Ғаламдассақ екен деп бүкіл ғалам,
Бұл ғасырдың жемсауы бүлкілдеп тұр.
Террорды айтып, сыныққа сылтау іздеп,
Америка алыстан дікілдеп тұр.
Қалауына қарсы елді қарауылға ап,
Мылтығының ауызы түтіндеп тұр.
Қаз-қаз басып жаңадан қалыптасқан
Қазақстан жүрегі лүпілдеп тұр.
Ертеңін Алла білер, ал бүгінде
Әр жұтқан ауасына шүкір деп тұр.
АҚШ-тың да азуы қайралғандай,
Әлемді тізгіндеуге сайланғандай.
КСРО-ны күйретіп тынғаннан соң,
Орта Азияны ойрандауды ойға алғандай.
Көршілерге көп ұзамай аяқ салды,
Қырғыз бен өзбек жерін пайға алғандай.
Иеленіп Құлан, Шымкент әуежайын,
Керегін ап, көңілі жайланғандай.
Керегін алғаннан соң кетсе жақсы,
Аюдай ашығып кеп тойған балға-ай.
АҚШ, бірақ, еркімен кеткен емес,
Кедейдің қыстауына бай қонғандай.
Батпандап АҚШ әбден кіргеннен соң,
Мысқалдап шығар дертке айналғанды-ай.
Түпкі ойын бұл батыстың кім ұғып жүр,
Дәулеткерей соны айтпай құмығып жүр.
Солардың тоқпағына түсіп алып,
Ішімізден кей топтар булығып жүр.
Демократия біздегі дәрменсіз деп,
Үй ішінен үй тігіп жын ұрып жүр.
«Ақ жол» деп ай жарықта ұран салып,
Құбыласынан жаңылып құбылып жүр.
Өкіметке өкпелеп кінә артқанмен,
Өздерінің ісі де былығып жүр.
Қылмысын қылға тізіп тексергенде,
Бастары тауға-тасқа ұрынып жүр.
Жан сауғалап, шетелдің елшісінің
Аяғына бас ұрып жығылып жүр.
Жазалаудан қорыққан жас баладай
Өзгенің етегіне тығылып жүр.
Күн туғанда өз елін сата салып,
Өзгенің кеудесіне жылынып жүр.
Жұрт байлығын басқан соң әбден бүгін,
Тақымдары тақты аңсап құбылып жүр.
Жерге жұмақ орнатар деймісіздер,
Құр, әйтеуір, билікке құнығып жүр.
Батыстың сақта, Құдай, жаласынан,
Шығыстың сақта, Құдай, табасынан.
Президент те ел-жұрттың перзенті еді,
Өлгенше өз жұртына жаны ашыған.
Қанаттыға қақтырмай, қазағымды,
Жарақтыға тап қылмай бел асырған.
Еркелеп жүрген ерлер аз ба бүгін
Елбасы арқасында бағы ашылған.
Соның бәрін шығарып санасынан,
Жаңылып жүргендер бар тобасынан.
Алдағаны ағасын көрініп тұр,
Алмағаны болмаса жағасынан.
Елбасы – расында дара тұлға,
Кенде болып көрмеген әлі ақылға.
Әблязов, Жандосов, Жақиянов
Жүруші еді нөкерлердің санатында.
Бәйменов пен бизнесмен Бутя да
Президенттің паналаған қанатында.
Елбасы ертіп жүріп есейткендер,
Қамданып жүр балтырын қанатуға.
Мылтық атып үйреткендер мерген шығып,
Машықтанып жүр өзін дәл атуға.
Кешегі Абай айтқан, тағы бүгін
Бас-басына би болып баратыр ма?
Бірін қазақ бірі дос тұтпаса егер,
Қайтадан айналармыз қара құлға.
Көрініп талайлардың жеңсік пейлі,
Қоқысқа жерімізді берсек дейді.
Парламентте көтеріп бұл мәселені,
Біз бұған үлкен көңіл бөлсек дейді.
Моңғолия ап қояр деп асықпасаң,
Ойлануға уақыт беріп өлшетпейді.
Жәкішев деген мырза жан ұшырып
Жүгіргенде өкшесін көрсетпейді.
Атамның сүйектері жатқан жерге
Атомның қалдықтарын көмсек дейді.
Жәкішевтер жігіт екен өзі атпалдай,
Бірақ та суық екен сөзі ақпандай.
Қырық миллиард елге пайда келтірем деп,
Желпінеді қамыстан қаз атқандай.
Қалдықтан залал жоқ деп зар қаққанмен
Артында жатқан оның азап қандай.
Қалта қамын ойлаған қайраткерлер,
Қамығып бұлай айтқан қазақ қалай.
Сол жайында, Дәулетжан, сөз айтайық,
Құр мұсылман боп халыққа мазақ болмай.
Жердің астын бүлдіріп, ал, ауаны
Таза ұстаймын дегені ғажап қандай?!
Өзекті мәселені бұлай шешу
Тезекті зәрмен жуып тазартқандай.
Дәулеткерей:
Көрген соң шаппа-шаптың тығырығын,
Мұхамеджан бастады «ұлы» жырын.
Мен өзіңе жау көрдің, сын айтып ем,
Жарамас дәл осылай бүлінуің.
Әрине, бүтіндігін ойлап жатсың
Тәуелсіз Қазақстан тұғырының.
Сол тұғырды сақтайтын қалың қазақ,
Танытпасаң ішіңнен тірілігің.
Ішіңнен ірір болса ірілігің,
Өлерсің ажалыңнан күні бұрын.
Осылай өзекті ойды өлең етіп,
Мұхамеджан айтты ғой мұны бүгін.
Биліктің ұстағандар бек тұтқасын,
Қарапайым ел жайын көп құптасын.
Шенеуніктер шетінен ауысқанда,
Иманын қаншама ердің еттік қасым.
Бүйірінен Тоқаев түрткен жандар,
Үйірінен бөлініп шет шықпасын.
Бақ та, тақ та мәңгілік мәселе емес,
Кеткен жандар көңілге кек тұтпасын.
Саясат ауа райы сан құбылып,
Сандалған сорымызға соқтықпасын.
Әйтеуір, ұлтым үшін бізден тілек,
Саяси ойындардан от шықпасын!
Өрелі ой жамағатқа өрістемек,
Жайым жоқ жолыңды, аға, теріс демек.
Мұсылман мұсылманды мазақ қылмас,
Екеуміз ел алдында келіскен ек.
Әркім өзі үшін онда жауап берер,
Мақшарда күнәң болса, мол үстелед.
Аға – бордан болғанда, іні – тастан,
Мұхажан, сен іркілмей жеңіске жет.
«Құдайдың құрметіне ие болсаң,
Қолыңызға су құйсын періште кеп».
Үкідей шығар ме екен үнім батыл,
Жүрегімнің соғысы жырымда тұр.
Тәуба айтуға қазақтың тілі келмес,
Тәуелсіздік, дегенмен, тұғырда тұр.
«Көп шуылдақ не табар» деп кеткенмен,
Абайдың ақылын кім ұғып жатыр?
Демократия дейтұғын желеуменен
Әркім әрбір партия құрып жатыр.
Балталылар Батыраш бұл қоғамда,
Қалталыдан қаһарман шығып жатыр.
Есеп ортақ болғасын ел үстінде,
Кеше қорқақ боп шықты бүгін батыр.
Екеуміз енді әңгіме қоздатпайық,
Ертеңге жарамайды бүгінгі ақыл.
Мұхамеджан:
Ақынсың ауызынан сөз борайтын,
Сахнада құр бекер боздамайтын.
Қыранның қылығы бар тұқымы едің,
Қызығып ұшқан кезде көз қадайтын.
Біразырақ жайлардан сен де айттың,
Қорғасындай болса да қозғалмайтын.
Саясат деген бұл бір резеңке ғой,
Әр патша өз әлінше созбалайтын.
Тарихта бабалар көп таймас табан,
Мансап үшін жағаға жармаспаған.
Бір кезде Бұрындық хан боп тұрғанда,
Қасым хан сұлтан еді жан аспаған.
Патшаны қашан тақтан тайдырам деп,
Құр бекер тірлігіне араласпаған.
Қайта патша айналасын аярлардан,
Алаяқ сұмдардан ол аластаған.
Әбілмәмбет патша боп тұрған кезде
Абылай сұлтан еді ел бастаған.
Патшаны ол да қашан тайдырам деп,
Құр босқа етек жайып бал ашпаған.
Ал Нұрағам бүгінде төрінде отыр,
Жайлауына айналып жаңа Астанам.
Қолдау түгіл қорлауға баратындай,
Төңірегінде адам көп жараспаған.
Бабалардан мол үлгі алмаған соң,
Жандардан не күтесің санаспаған?
Бірігіп жүрсе, шіркін, қуанар ек,
Тіріліп келетіндей Алаш бабам.
Бұлжымас заңдылық бар бұл ғаламда,
Алладан аян болған күллі адамға.
Үшбұрыштың сезініп қатаңдығын,
Үш жүзім табиғаттан үлгі алар ма?
Өзінің мақсатына жету үшін
Үшбұрыш боп ұшады тырналар да.
Көсемінің көлденең жолын кеспес,
Түссе де тұманды күн шырғалаңға.
Тәртіп бұзбас сол құстың тектілігін
Берсе екен біздердегі тұлғаларға.
Тым болмаса, тырнадай ынтымақпен
Тірлік етер қазақта күн болар ма?!
Ынтымақ иман болса, көш өрлемек,
Дертіңді тек жанашыр, дос емдемек.
Бізге бүгін сайраған тілі емес,
Жүректері сөйлейтін шешен керек.
Жүз жылдығын ойлайтын ұлтымыздың
Байтұрсыновтай көшелі көсем керек.
Рухсыз ұл, қылықсыз қыздың бүгін
Кеудедегі намысын көсеу керек.
Жасық болмай жастар да ойлай жүрсін,
Ұлтымыздың рухы есен бе деп.
Осылай деп айтысты аяқтайық,
Дәулеткерей, биікке дос өрлемек.
Сонда ғана Құдайдан тілеп жүрген
Құт-береке дариды осы елге кеп.
Дәулеткерей:
Мұхамеджан тереңге бойлағасын,
Мені де бос екен деп ойламасын.
Айтарыңды сен айтып қалып жатсың,
Суып бара жатқандай қойған асың.
Әрине, ұлт бірлігі – ең бірінші,
Қызығып соған көктен Ай қарасын.
Елбасына денсаулық Жаратқаннан,
Жұртымыздың жағдайын жайлағасын.
Әкімдердің құлағына алтын сырға,
Халықпен «ханталапай» ойнамасын!
Екеуіміз енші алмаспыз елден бөлек,
Азаматсың қашан да төрге өрлемек.
Демеймін, жарысқанда, сайысқанда,
Әркімге жеңілгеннен жеңген керек.
Астанадан сағынып анда-санда
Қауышып біз тұрайық сендерге кеп.
Мұхамеджан, әлі де кездесерміз,
Білесің ғой, қашаннан жер дөңгелек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу