24.02.2022
  302


Автор: Тұңғышбай Әл-Тарази

ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІ ЖӘНЕ МЕН...

(Мені медальға ұсынғандарға қарата салынған қиғаш ой)


 


Кезінде, «Қазақ әдебиеті» газетінде, кеш те болса еш емес, желтоқсаншыларды марапттау туралы бастама көтерілген болатын. Оған қуандық, тақырыбы да, талабы дұрыс. Алайда, тағы да сол қазағымыздың бұра тарту, туғанына ту ұстату, қыбын тауып қырыс мінез таныту, жауырды жаба тоқу сияқты қисық мінезіне басар қыңыр әдетінен арылмағандығына көзіміз жеткендей болып, ішіміз ашыды. Сол бастаманы көтермек болып, «бастары қосыла» қалған зиялылардың тізімінде желтоқсан көтерілісі жайлы ауыз ашуға хақысы жоқтар да жел жағында жүр екен. Онсыз да әр жерде ойы саяз болғанмен, «тарысы піскен жерде» бойын жиі көрсетуге әдеттенген әсіреңкі жөрнәлістер «дайын асқа тік қасық» бола қапты. Жалпы, бұл көтерілістің саяси, тарихи мәні мен ұлттық намысқа қайрақ болған жайын айтатындай пәтікті кісілердің қатарына қосыла кететіндей тұлғалықты оларға кім бере қойған десеңізші! Сол желтоқсанда, шырылдаған жастардың даусын құлағын бітеп тыңдап, қан кешулі талапайды терезеден жасырынып, «қызықтап» қарап немесе, соның ертеңіне-ақ «өздері отыз жыл күткен» Колбиннің төңірегіне құнжыңдап жиыла қалып, оқу ордаларын аралап, онсыз да опырылып, қан жұтып тұнжырап жүрген желтоқсандық жастарға «ақыл» айтып, «ұялтып» ұрсып жүргендер бүгіндері қаһармандық танытып, патриот, ұлтшыл болып, «жау кеткен соң, қылышын тасқа шауып» жүр; тіпті оған тарихи баға бермек болып, төбеге шығып, төске өрлеп, «третей сотының» толық мүшесі сынды тайраң қағатындарын қайтерсің? Көзінен қанды жасы парлап, шашы жұлынып, басы жарылып, намыстары аяқасты болған, кейіндері «талақ етілген» тағдырлары табанға тапталған, қоғамның қоқысы сынды шетте қалған сол жастардың кепиеті атады-ау деп қорқу – қаперінде жоқтығы жүрегіңді  мұздатады. Амал жоқ, қанша қапа болғанмен, өз қолыңды өзің кесесің бе, «қазақ десең – өзіңе тиеді!».


Мен желтоқсанда алаңға медаль алам деп шыққам жоқ. Ерлік те көрсеткем жоқ. Мені онда шырылдаған жастардың даусы еріксіз сүйреп, жетелеп алып кетті, ұлттық намысым ғана итермеледі. Ол ерлік те, батырлық та емес, жай ғана адамдық қасиет, ағалық парыз. Қазақ қасиет пен парыз үшін орден алмаған, марапатталмаған. Бәрі рас, қан-жоса болғаным, төрт ай тергелгенім. Рас, жұтынған Құнсеркин сынды тергеушілердің әлдекімдерге куәлікке жүргізіп, үлгілі коммунистің алаңға арақ ішіп шыққан мастығын дәлелдетпек болып, «бастаушы сол» дегізіп, сатқындыққа итермелегендері де, адамгершілігімді аяққа таптап, сана-сезімімді, бүкіл арман-мұратымды тас-талқан етіп, жігерімді құм қылып, ит- терімді басыма қаптап, балағаттап іске алғысыз еткендері де рас. Алайда, мені егер өтірік айтсам, 12 жылға соттамаққа үркіткендеріне қарамастан, «мас емес, аяғы ауырып жүрген, соған спирт жаққан шығар» деген далбаса арашам аяқасты болып, кейіндері астаналық болған «үлгілі коммунист» ағамыз сондағы бір өсекші газетке мені «сатқын, тастап қашып кетті» деп жазып, көпе-көрнеу күйе жағылғаны да рас. Алайда, сол қаралы күндері менің ойымда қазағымның ел екендігі, бас көтерер ерлері жетерлік екендігі еш есімнен кетпеді, үмітімді үзбеді. Алаңда нахақ көздерінен жас тамып, аяусыз қанға боялған қарындастарым мен бауырларыма ет- бауырым елжіреп, егілгенім де, керек десеңіз солар үшін бой-бой болып сөгілсем де, соңымыздан ерген өрлі де өрелі өренге деген мақтаныш сезімде болғаным да рас. Ал, әншейінде аузымен құс тістеген, кейбір кекірейген, кекірігі асып-тасқан, қызмет пен қызыл беделдің құлағын қысып ұстаған, біздерге аға, алаңдағы жастарға әке буын боларлық шенқұл бәленшекеңдер, орыссыз өмір сүре алмайтынымызға сенімді Кеңестер Одағының халық маргиналдары алаңның шетін ала аулақта, қолдарын каверкот пальтосының қалтасынан шығармай, қызықтап қара-а-п тұрғаны да рас. Қасымдағы сондай бір, «алаңда қызық боп жатыр» деп «Қонаевтың кеткенін» орынбасарының кабинетінде бір бөтелке коньякпен жуып, қызып алған, есіріп-елірген елеулі  «ердің» менің «Жигулиіме» мініп алаңға барғаны да, сол алаңға жиналған ұлтжанды жастарды жақтырмай, кекетіп- даттаған   есір   ыржалаңынан   алшақтап,   қайнап   жатқан


«қанбазардың» қақ ортасынан бір-ақ шыққаным да рас. Растығының екі дәлелі – осыларымды өз көзімен көрген, сол күндердегі орынбасары Қалмахан Бейсенбиев те, сол кеште театрға көз жасы көл дәрия боп егіліп, қорған іздеп келген Гүлбаһрам Жүніс те әзірге жер басып жүр, тайқымас, төбеде бір Алла(һ) бәрін көріп, біліп тұр емес пе. Алаңда тоғыз балл теңіз толқынынан бір де кем емес ұлтжандылық дауыл мен намыстан көздерінен жас парлап, солығын баса алмай, ентігіп тұрған бауырларыммен сөйлесіп, басу айтып,


«ертең де қайта келерсіңдер, бүгін жаурамай қайтыңдар» деп тұрған менің қасқа маңдайыма үндеместердің қасақана атқан мрамордың сынық тасы тиіп, көзі-басымды қан жауып кеткені де рас. Ол қанды жуып, басымды бинтпен таңып берген өскемендік Гүлмира қарындастың кейін табылғаны да рас. Әлгі уақиғаның соңын ала жастарды жаппай таптаған


«Метель» операциясы басталған кезде, таңулы басымнан көтерілісшілігімді таныған кеңестік керзі етіктің, дойыр- қамшының, дубинканың астында қалып, өлі мен тірінің арасында, екіұдайда жатқанымда, мені танып, үстіме құлай кетіп, тура ажалдан аман алып қалған сол кездегі милиция майоры, бүгіндері бәрінен баз кешіп, Талдықорғанда тұрып жатқан бауырым Есмұрат Ерболғанов екені де рас! Тағы да растығы, алаңдағыларға араша түскен жалғыз Есмұрат емес шығар, оларды неге шеттетуіміз керек?! Бәрін бастаған театр институтының төрт жігіті, қанға боялған қандас бауырларымыз, сөз жоқ, ерлік жасағандар! Ал соларға әлі келгенше пана болып, қызметі мен креслосын, погонын әдіра еткендер де ерлікке барабар іс істеді, олар бас пайдасын ойлаған жоқ, бүгінгілердей осы кезеңнің қым-қуытын пайдаланып, аяқ астынан қаһарман, ұлтжанды, парасатты бола қалғандар емес. Өтірік өрге баспайтынын, әр қиянатқа бір зауалдың барын ұмытпайық!


Мен әртүрлі марапаттарға ұсыныс жасаған газеттегі тізімді жасаған кім болса да, кісілігін бағалай отыра, бұл мәселеге аса мұқият болғанды, пенделік қыртымбайлықтан  аулақтап, әділдіктің аулына жиі ат басын тіреуді өтініп сұраған болар едім. Өз атымнан Есмұрат бауырымды әлгі тізімдегі марапаттардың біріне іліктіруді ұсынамын, елімізге еткен азды-көпті еңбегіміз еленбегенмен, қылған бірді-екілі міндетіміз осы болсын… Хош, пенделіктен биіктеп, бұл жараның кезеңдік орнын ойласақ…


…Желтоқсан – Кеңестік идеологияның тіліп жіберсе қан шықпайтын қалың бетіне сілтенген алғашқы жойқын қамшы. Ұлттық намыспен ойнауға болмайтынын ол қоғамның ойшылдары талай ескертсе де, шектен шыққан ұлыоростық бедеу саясаттың солдаттары дәл соны естен шығарып алғанының салдарынан бұрқ еткен көтеріліс ол. Тыныш жатқан жыланның құйрығы басылды. Қайта бұл қозғалыс Советтердің ең момын, ең аңқау, ең көнбіс, ең тобашыл, ең бейбіт елінде – бізде басталғанына шүкірлік ету керек, бұл дүмпу басқа республиканың бірінде белең алса жағдай ушығып кетуі де бек мүмкін еді, азаматтық па, ұлт-азаттық па, әйтеуір алапат соғыстың өрті лап етуі ғажап емес-тін. Бұл ғадауатты көбіміз қаперге алғамыз жоқ, тіпті сол кеңестің қарғыбаулы көпек иттеріндей алдына тасталған майлы сүйекке, кеудесін «көркейткен» қаңылтырға дәнігіп қалған дүбәрәлар ол көтерілісті қолдаған жоқ, керісінше алаңға шыққан жастарға лағнат айтып, Колбиннің аяғына жығылып, көпе-көрнеу Қонаевты иянаттап, сәті түссе, Соломенцевтің шапанының етегін   сүюге   дайындардың да шыққандары жетерлік. Солардың бір-екеуі менің арқа тұтып, осының алдында ғана тіліме тиек етіп сөз қылған, алқалап жүрген ағаларым еді, олар алаңға жастарды емес, сәбеттерді қолдап, кезінде өздерін қолпаштаған Қонаевына деген жасырын қарау ойы қағынан ірің боп жарылып шықты. Тіпті, атағынан ат үркетін бірі, жастарға шыр-пыр болып аз да болса араша мен басалқаға жараған, таяқ пен тоқпақтың астында тапталған іні-қарындастарына бауыры езіліп, қастарында жүріп басы да жарылған, кейіндері тергеуге таңылып шерменде болып сенделіп жүрген Жаманқұловты,


«үй-й, сорлы декабрист» деп көзге шұқып күліп, мазақ еткен. Алаңға шыққан жастарды «наркомандар» деп иянаттап, Колбиннен кешірім сұраған қарабет хатқа қол қойған. 


Бүгіндері бірі бұлт етіп өзгере қалып, аяқасты «ұлтжанды» болып, желтоқсанда нахақ жараланғандардың тізіміне ілігіп, қаһармандығын қанағат тұтпай, көкірек қағып міндетсініп, бірі мойны үзілгенше созылып, сол қаһармандыққа жетпекші боп әлек. «Ойбай, ол хатқа мен қол қойғам жоқ, ол кезде Мәскеуде жүргенмін, сыртымнан қойып жіберіпті, менің оған қатысым жоқ» дегендей қатын-байбаламға салып жүргені жағаңды ұстатады. Мейлі, Мәскеуінде жүрсін, бірақ ол кезде ондай хатқа діттеген кісілерінің, «осы кісі қол қояды-ау» деген сенімді адамдарының өздерінен телефон арқылы болса да ауызекі келісімін алмай, газет бетіне атып жіберсе де баспайтын үрдістің қатаң сақталатыны екінің біріне аян-ды. Желтоқсан – қазақтың өзінің ішіндегі қарау ойлылардың да шынайы бет-пердесін ашып берген құдірет. Колбин енді бір-екі жыл тұра тұрғанда, қанша қазақ бір-бірін сатып, қанша вагон арыз жазылар еді! Ол төбеттің төңірегіне топтанған меңдібайлар мен камалилар қазақ елін бөлшектеп, оңтүстігін өзбекке, батысын түрікпенге, шығысын қытайға, солтүстігін орысқа пышақ үстінен бөліп жіберер ме еді, Алла білсін! Құдайдың көзі оң болып, Нұрсұлтан ағамыздың жолы ашылып, туды өз қолына алмағанда күніміз не болар еді!? Үрейіміздің бекер еместігі анық қой, өйткені ұлты жайлы елу жыл «ұлы сөздер» айтып, том-том қып сәбетшіл сұрыпты қыруар кітаптар жазған қайсыбір топырағың торқа болғыр «ақсақалымыз», сол Колбиннің келгенін отыз жыл күткенін өзіне барып айтқан жоқ па? Бүгіндері, сол аңсарлары әлі басылмаған тірі жүргендері, әлі де сол сәбетін сарғая сағынғандары, арсыз армандары әдірә қалғандықтан, іштей тынып, сырттай іріп, ит мініп, ирек қамшылайды. Аты-жөнінің алдына «СССР» деген төрт әріпті жазба- саң – әлі келсе атып жіберуге әзір.


Желтоқсан – жара. Жазылғанын күтейік. Сонан кейін барып, «көтерілісшіміз» деп көкірек қаға бермей, оның сабақтары жайлы жиі-жиі ойға шомайық. Тайпалықтан биіктеп, тақта отырған өз патшамыздың төңірегіне топтасайық.


 


26 қыркүйек, 2006 ж.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу