Өлеңдер ✍️

  11.02.2022
  90


Автор: Құл-Керім Елемес

ТЕККЕ ТАРТУ

Еріксе – тескентау асып балханға барған...
Әбіш Кекілбай
Талай маған,
Мен талайға қорландым.
Дерт талаған, өрт жалаған орманмын.
Аждаһалар омыртқасын опырып,
Жөргегінде тұншықтырған арманмын!
Скиф те мен,
Үйсін де мен,
Сақ та мен...
Тәңір деген, тәжілеген тақ та мен...
Ен-жалғанның егесе де кетпейтін,
Қолқасына қатып қалған қақ та мен!
Мен – тарих!..
(Кешір Тәңір құлыңды-ай?)
Күн түбінен кісінейді құлындай
Күн бегі – елім, күймелері сыңғырлап,
Күс абандар кеткен үзіп жұлындай...
Содан менің Қағанатым қақ болды.
Тағым күйреп тақсыретке тап болды.
Көкжиегім көз жұмуға мәжбүр боп,
Хақшыл кейім хақсыздарға жақ болды...
Күстабандар кірекелеп өткенді,
Бір ауыққа көрсетпеді көктемді...
Сәл соң шындық басын қайта көтеріп,
Керең кезең келмеске өксіп кетті енді...
Хақшыл елмін!
Көкіректе арман көп...
Хақ құлымын, хақиқаттан танғам жоқ.
Қайта тұрып келем міне қасқайып,
Апандарды қақырата қан-қан боп!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу