Өлеңдер ✍️

  10.02.2022
  68


Автор: Құл-Керім Елемес

ИНШАЛЛАҺ

Жанбайтын да боп алдым, күймейтін де,
Есім кетіп ескіше сүймейтін де.
Қайран басты тауға ұрып, тасқа да ұрып,
Өмір сүрмей өткен соң кіл кейпімде.
Қиын екен шындықты кеш білгенің,
Жөнді білсем жөргектен өстір ме едім?
Әй, қояйын,
Келтірдім тағдырға иман,
Бүй деуге онда қақым жоқ ешбір менің!
Әй, қояйын,
«Сөйтсем жол табар ма едім?
Ерте жүрек шырағын жағар ма едім?
Нәжістерін нәпсінің тіміскімей,
Ғарышқа ерте қанатты қағар ма едім?» –
Деп, надандық танытар қақым бар ма?
Жоқ!
Жоқ, шүкір, мың шүкір бұл күніме!
Гүлдеп шыққан нәпсімнен гүл күніме!
Ештен жақсы таныдым Хақ Иемді,
Хақ Иеме, сан шүкір, құл күніме!
Білмей кетсем қайтер ем Хақ Иемді,
Хақ Аллаһтай мәңгілік бақ Иемді?!
Танытты Өзі,
Таныдым, енді өлгенше,
Хақтап өлем, Иншаллаһ, Хақ Иемді!!!
2006.11.19




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу