07.02.2022
  327


Автор: Мұхтар Шерім

«ПОЙЫЗ» БОЛДЫҚ...

 


Қорқып жүрміз... Әйелім бірінші сыныпқа баратын баламды жетектеп шыққаны сол, артынан өзім жүгірдім.


--Астыңнан су шықты ма? Үйде отырсаңшы!—деп ренжіді әйелім.


--Жоға, сені деп ұрлап кетсе ше? Сені мен жетектеп алайын...


Әйелімді жетектеп шыға бергенім сол, алпысты алқымдап қалған әкем алқынып шықты.


--Әке, астыңыздан су шықпаған шығар...? –дедім мен.


--Бу шықты... Сені ұрлап кетсе ше?


Әкем мені жетектеп алды. Ауладан енді шыға бергенімізде, әкемнің әйелі, менің әжем шықты бүкшеңдеп.


--Апа, астыңыздан не шықты?—деп сұрады келіні.


--Инвесторлар шықты!—деп жымиды апамыз,--қартайғандағы қуанышым аталарыңды ұрлап кетсе ше?


Апам атамның қолынан ұстады. Ауладан енді шыға бергенімізде, мектепті бітіріп қойған үлкен ұлым жүгіріп шықты.


--Астыңнан «минвода» шықты ма? Отыр үйде!—дедім мен.


--Қанша қарасам да,ештеңе шыққан жоқ, сендерді ұрлап кетсе, жетім қаламын ғой... Немересі апамның қолынан ұстады. «Пойыз» болып, қақпаның есігін енді жаба бергенімізде, арлсалаңдап, бір семіз кісі келе жатыр!


--Астыңыздан су шықты... ой кешіріңіз, сіз кім боласыз?—деп сұрадым мен.


--Мен ғой, екі жыл бұрын саған несие берген «Жылауық» банктің менеджерімін ғой. Сендерді ұрлап кетсе, банкке несиені кім қайтарады? Мен де барайын...


--Қайдан келе қалдыңыз?


--Үйлеріңіздің артқы шарбағынан секіріп... Кешіріңіздер...—деген ол үлкен ұлымның қолынан ұстады. Ауладан шығып, мектепке қарай пойыз болып келе жатырмыз. Бір кезде шарбағымыздың бір тесігінен зу ете қалған итіміз арсалаңдап жүгіріп келеді екен. Тілі салақтап, көздері алақтап кеткен. Бірден ұқтым: «Бізді қайдағы бір қанішерлер, не секта мүшелері, не пед


офильдер ұрлап кетсе, аштан қалады ғой...» Итіміз сол жүгіріп келген бойы, банк өкілі плащының етегінен тістеді... Ұзыннан созылып келе жатқанбыз. Бір кезде мысығымыз орғып келеді екен. «Астыңнан тышқан шықпады ма?» деп ұрса жаздадым. Мысық екеш, мысығымыз да итіміздің құйрығынан тістелеп келеді. Қайтеміз енді? Мына заман, жо- жоқ, заманның адамдары жаман... Көздері жәудіреген балапан балаларымызды ұрлап әкетіп, шетел асыра ма, жоқ болмаса, өлтіріп, дене мүшелерін сатады ма... Әлде, ақша бопсалайды ма? Жоқ болмаса, педофильдер... Құдай сақтасын, денем мұздап кетті ғой!


Содан пойыз болып мектепке кірдік. Баламызды партаға отырғызып, өзіміз сынып бөлмесінің артқы жағында түрегеп тұрмыз. Келмей қалған оқушылардың орнына атам мен апам отыра кетті.


--Сіздер сорған кәмпиттей болып неғып тұрсыздар?—деп сұрады оқушылардың апайы.


--Сабақ біткенше күте тұрамыз...—дедім мен.


--Қарап отырғанша сіздер де дәптерлеріңізді алыңыздар, диктант жазамыз!—деді апайымыз. Атам насыбайын ата бастап еді, апайымыз ұрсып берді: «сыныпта бірдеңе жеуге болмайды!» Әжем ұрланып, құрт сорып отыр. Әйеліме қарасам, диктант жазуға дайын.Тізесінде кітап, кітап үстінде дәптері... Ит пен мысығымыз ғана бұрышта жатыр, сауатсыздар ғой... «Адамдар, неге қатыгезсіңдер?» деген тақырыпта диктант жаздық. Банк


 


өкілі: «Апай, апай, дәретханаға барып келейінші!» деп өтірік сұранып, шығып кетті. Сол кеткеннен мол кетті. Мектептен баламызды жетектеп, пойыз болып келе жатырмыз. Үйге. Балалығым ұстап, оқушы сияқты болып кеттім бе деймін, әйелімнің бұйра шашынан тартып қалып, тілімді шығара мазақтап, үйге қарай құстай ұштым! Артыма қарасам, әкем де тоңқаңдай қашып келеді екен. Апамның шашынан тартып қалыпты... Осылай ойнап күлгенге не жетсін?! Жәудір көз балапандарымыз ұрланбасыншы... Ойымды ұққандай итім аяғыма оратылды, мысығым мияулады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу