07.02.2022
  122


Автор: Мұхтар Шерім

ШЫҢҒЫРҒАН ШАҚЫРУЛАР

Қазақта той көп, ой жоқ... Шақырса, шапқылап, небiр тiлектермен атқылап, бара бересiң. Шақырмаса, шайтаныңмен дос болып, үйiңде қала бересiң.


Шақыру қағаздарының мәтiндерi де өзгеше.


А) ШАҚЫРУ


Аса құрметтi Мыжбан аға! Сiз(дер)-дi әйелдерiңiзбен (бiрiншi, екiншi, үшiншi, төртiншi) 2004 жылы 10 тамызда таңертеңнен түнге дейiн, және ертеңге дейiн созылатын әкем Мәндiрбай ата және әйелдерi Қатипаш, Атипаш, Типаш, Ипаш, Паш, Аш апаларым мешiтiнiң ашылу салтанатына шақырамыз. Келмесеңiз өзiңiз бiлiңiз. Менiң мұрным қисайып қалмайды.


Мәндiрбай әулетi.


Мекен-жайымыз: Осындай қазақтар облысы, Мақтаншақтар ауданы, Өзiн көрсету ауылы.


БАҒДАРЛАМА


9.00. Қонақтарды тау етегiне “жайып“ алу, жуа жегiзу, гүл тергiзу.


9.30. Қонақтарды қуып әкелiп, киiз үйлерге қамап тастау.


9.35. Таңертеңгiлiк мәзiр. Атауың iшкiрлерге бiр-бiр тарелка манная каша беру.


9.50. Қонақтарға асарлатып тезек илету, қыш құйдыру жұмыстары.


11.00. Мешiттiң ашылу салтанаты. Қазақстан Мұсылмандар Дiни Басқармасының Бас муфтиi Әбсаттар қажы Дербiсәлiнiң сөзiн облыс имамы оқып бередi. Облыс әкiмi намаз оқиды. Аудан әкiмi намазды жағымпаздана қайталайды.


13.00. Асқабақтай асқазандарға ел қондыру. Түскi қонақасы.


15.00. Қонақтарды құшақтап, шығарып салу рәсiмi.


 


Өткен аптада тағы бiр шақыру қағазын алдым. Мiне:


Б) ХОШ КЕЛІІІСІЗДЕР!


Құрметтi, Мыжбан аға! 2004 жылдың 19 қазанында түнде өтетiн “Мен қалай


 


Парламентке келдiм?“ атты шоу-концертке шақырамын. Құдай үшiн келiңiзшi!


Мен ғой.


БАҒДАРЛАМАДА:


18.00. Қонақтарды санап шығу.


18.30. Әкелген сыйлықтарын реттеу.


19.00. “Мен, мен, мен едiм!“ кафесiнiң үлкен залына жиналу.


19.05. Облыс әкiмiнiң аузын қимылдату. Жаттанды сөзi.


19.30. Салют ату.


19.40. Шампандар ату. Концертке қатысатындар:


Роза Рымбаева, Рымбаева Роза, Майкл Джексон (келмесе де), Мақпал Жүнiсова (күйеуi жiберсе), “Ялла“ ансамблi, Роза Бағланова, “Бони М“ тобы, “Айба“ тобы, “Пахтахор“ футбол командасы, Нұрлан Өнербаев гитарасымен, Киркоров синарасымен және басқалар.


Концертке қатыспайтындар:


Әмiре Қашаубаев, Кене Әзiрбаев, Естай, Ықылас, Құманғазы, Дина Нүрпейiсова және басқалар.


Мына бiр шақыру қағазы тiптi қызық.


Ә) ШАҚЫРАМЫЗ!


Құрметтi, Мыжбан аға! Әкелi-балалы Тыжбан, Тәпектердiң сүндеттелу тойына, 2004 жылдың 15 қазанында келiңiз!


Әкесi бұрын сүндеттелген, бiрақ кедейлiктiң кесiрiнен той өткiзбеген. Ендi жетiлгенде, баласымен бiрге өткiзбекшiмiз.


Әндiрбай әулетi.


Тағы бiр шақыру қағазын қараңыз!


Г) Ажырасу тойы


Құрметтi, Мыжбан мырза! 2004 жылдың қай күнi екенi белгiсiз, бiр күнiнде өтетiн ажырасу тойымызға шақырамыз. Бiр-бiрiмiзден құтылатынымызға қуанып, қаладағы қаптаған кафелердiң бiрiнде күтемiз. Кафеге ақшасын өзiңiз төлейтiнiңiздi ескертемiз.


Экс ерлi-зайыптылар: Айбақ-Сайбақ.


Д) Разборка


Құрметтi, Мыжбан! Сiздi 2004 жылдың 3 қыркүйегiнде өтетiн “разборкаға“ шақырамыз. Нағашыңыз Тәпектiң жекешелендiруге жатпайтын мемлекеттiк нысандарды жекешелендiргенi жөнiнде мәселеге ОБСЕ өкiлдерi және сот, прокуратура өкiлдерi қатысады.


Ж) ШАҚЫРМАЙМЫЗ


Құрметтi, Мыжбан! Сiздi 2004 жылдың 18 қарашасында өтетiн Бесiк тойымызға, 19 қарашада өтетiн сүндет тойымызға, 20 қарашада өтетiн 50 жылдық мерей тойымызға, 21 қарашада өтетiн аты жоқ тойымызға шақырамыз. Өйткенi, Сiз де кезiнде тойыңызға шақырмай қойғансыз! “Бiздiң ауылда да той болар“ деген осы.


Өкпелегiшовтер әулетi.


 


Осындай шыңғырған шақыру қағаздарын көргенде, менiң де дүркiретiп той жасағым келiп кетедi. Бiрақ қандай той? Идея айтыңыздаршы. Идея бергендердiң өзiне той жасап беремiн!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу