13.12.2021
  156


Автор: Жанбай Өзденбаев

ЕЛІҢ ҚАЙДА, ҚАЗАҚ? (Эссе)

Ғылыммен қоштасу
- Ғалым болғаныңды қайтейін, аты дырдай, табысы жұрдай.
Аманеттің жары Зибаштың бұл жолғы ашуы әдеттегіден қаттырақ.
- Идея деп үйден безіп, ғылым деп күні түні лабораторияда қамалып отырасың. Балаңның не істеп жүргенімен де тіпті шаруаң жоқ.
- Не істеп жүр?
- Әке қамқорын көрмей өсіп келе жатқан бала не кәсіп қылушы еді, – Зибаш шыдамды ширатып пауза жасап алды. - Бүгін жұмыстан сұранып, үйге ертерек қайтып, арғы көшемен келе жатсам, ұлың алба- жұлба киініп, иегін бастырта шарф орап алып, бөтелке жинап тапсырып тұр. "Бұның не?" деп сұрасам: "Компьютерге ақша жинап жүрмін"- дейді. Парктің сыпырушысы болып тапқан тиын- тебені кішісімен екеуінің мектепке керек- жарағына әрең жетті. "Мына киімің не?" десем: "Таныстардан маскировка"- деп қуланған болады. Қағазбасты болып сенің жүрісің мынау... - Зибаш жылап жіберді.- Пальтосының жеңі шынтағынан келеді, басқасын сатып алайық десем "папамның проектысы біткенде көп ақша алады, оған дейін шыдай тұрамын" деп жұбатады. Ботам-ау сол... Сенің проектың біткенше... Қарызға былтыр алған жарты соғымның жарты ақшасын, алты ай болды, әлі бере алмай жүрміз. Соғым демекші... институттағы Елжемекке студенттер соғым атап, өздері әкеліп те береді. Тұрмысқа икемі жоқ сенімен құдайдың қосып қойғаны-ай...
Басқа кезде Зибаштың сөзіне қарсы дау айтар еді, бұл жолғы баласы туралы Зибаштың сөзіне үндей алмай, шымбайы шымырлады. "Қазаққа қатынын жамандасаң қосыла кетеді, баласын жамандасаң бәлеге қаласың" дейтін Серік ағасы.
Проектылардың бір емес екеуін бітірген- ді. Біріншісі байқау комиссиясынанан өтпеді деп жауап алды. Кейіннен білді- шындығында, байқауға тапсырған жұмысының нәтижелері қолды болып кетіпті де, бекітілген қаржыны басқалар бөліп алыпты. Екінші проектысы бензин сапасын сараптау қондырғысы еді. Оны бензин мафиялары істетпей қойды. "Байтал түгіл бас қайғы"- бұл проектыны да тоқтатты.
Сонымен Аманет әрі- бері ойланып, ғылыммен қоштасып, жұмыстас болған бір-екі жігіттермен ұйымдасып күн көріске кетті.
Тізбекті төрт жарылыс
С.Благородов жұмыс істейтін комбинатқа қарайтын көмір тозаңын дайындайтын фабриканың цех қазандығында жарылыс болды. Қазандық операторы қаза болды. Комбинатты басқаратын шет елдік кампания қаза болған және мертіккендер үшін өтем төлемеудің алуан тәсілдерін іздеп бақты. Ресми комиссия кінәлі қазан операторы деп ұйғарды, бірақ апаттың себептерін, кейбір айғақтарды нақтылы түсіндіре алмады. Мысалы, неліктен цехтың сыртқа ашылатын мықты темір қақпасы сыртына қарай емес, ішіне қарай майысқан? Майысқан да айқара майысқан. Благородов бұл кезде - комбинаттың Еңбекті қорғау басқармасының бас маманы. Ол комиссия ұйғарымына күдік келтіріп, тәуелсіз эксперт ретінде Аманетті алдыртты. "Қазақтарда қай бір оңған маман болушы еді"- деп кампанияның кейбір басшылары сенімсіздік білдірді.
Аманет апат жағдайын мұқият зерттеді.
Жарылыс қуаты орасандығы сондай- цех төбесіндегі калыңдығы 25-30 сантиметр бетон жаппалар омырылып, олардың ішіндегі тоқылған жуан арматура темірлер майысып қалыпты.
Апаттың себебі- қазандықтың төменгі жағындағы, айнала орналасқан отын бүркетін түтіктердің (фурмалар) сырт жағындағы, ұзына бойғы үгіндінің ыстық- суықтан тозығы жетіп, үгіліп құлап қалуы. Сөйтіп саңылаулар пайда болған. Дер кезінде жөнделмегендіктен саңылаулар бірте- бірте ұлғайып кеткен. Саңылаулардан қазандықтың ішіне ауа сорылып, жалынның тұтану, жану дәрежесін қатерлі шамаға дейін күшейткен. Яғни - жарылыс ықтималдылығы өте жоғары болған.
Осындай жағдайда істеп тұрған қазандықтың ішіндегі жалынды тексермек оймен оператор бақылау есікшесін ашады. Есікшеден кірген қосымша ауа мөлшері жарылыс үшін жеткілікті болып шыққан. Жарылыс нәтижесінде қазандықтан бұрқ ете қалған газдар цехқа жайылған. Цехта жиналған газ екінші жарылыс берген. Цехтың бұрышында тұрған оттегі баллонардың үстіне шоқтар ұшып түсіп, үшінші жарылыс болған. Цехтың ішіндегі оттегі түгелдей жанып кеткен де, жабық цехтың ішінде вакуум жарылысы болған. Цех төбесінің арматура темірлерінің және сыртқа ашылатын қақпаның ішіне қарай майысқаны осы төртінші жарылыстың нәтижесі. Сыртқа тепкен үш жарылыста жабулы күйінде қалған берік қақпа төртінші жарылыстың тегеурініне шыдамаған. Төртінші жарылыс - қазіргі заманғы жойқын қару, әлі адамзатқа таныс емес вакуумдық бомба іспеттес болып шыққан.
Қаза болған оператордың кінәсі жоқтығы анықталды. Қаза болған оператордың туыстары, С.Благородов Аманетке алғысын жаудырды. Ноубук сыйлады. Ақшаға құныққан шет елдік кампания әбден тозығы жеткен қазандықтарды амалсыз жөндеуден өткізіп немесе жаңадан салатын болды. Оған дейін басқа қазандықтардың жұмысы Аманет құрастырып, қол қойып берген нұскау бойынша жүргізілетін болды.
С.Благородовтың әрекетіне кампания басшылығы мен биліктегілер наразы болды. Жұмыстан шығармақ болды. Ақыры білікті, тәжірибелі С.Благородов шет елге көшіп кетті.
Сөз соңы
Аманет балаларын ерітіп, поезбен туған ауылы жаққа бет алды. Бармағалы талай жыл өтіп кеткен. Купелес көршісімен шәй ішіп, әңгіменің қызығына беріліп келеді.
Поезд жүрісі жолаушыларды тербетіп, көңілдерін саябыр күйге бөлейді. Жол бойында анда- санда ауылдар кездеседі. Біреуі велосипед теуіп, біреулері поезға шығып лимонад, сыра сатып қара домалақ балалар жүр. Олар ер жеткенде қай елде, қандай елде өмір сүрер екен?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу