Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  115


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

ҚҰСА

Абайлап қарасам бір айналама,
Мен үшін күнде күңгірт, айда нала.
Азапты таудай қылып арқалап ап,
Қазағым қаңғып барад қай далаға?!

Тұрғанға арқалы бел ат астында,
Шатаққа шауып жүріп шатастың ә?!
Біріңді-бірің сордың сүліктейін,
Құдай қосқан құда боп атастың да.

Өзіңнен өзің қулық асырасың,
Жараңды жаныңдағы жасырасың.
Өзіңе жетпеген соң өз қайырың,
Бақ тілеп басқаларға бас ұрасың.

Айдарлы Алатаудай қазақ атың,
Тарихқа кеткен талай азап ақың.
Арқалалар ауырыңды ал бүгінгі –
Арақкеш атпал-атпал азаматың.

Бабаңның басы жатқан мекенінде,
Өзге өрлеп, өзің қалдың етегінде.
Тұмсықтан тесіп алып ібілістер,
Барасың қалың сордың жетегінде.

Шығасың кім біледі қайдан барып?
Отырмын қылығыңа қайран қалып.
Көлдеген көз жасыңды көрер ме екен?
Халқым деп қан жылаған қайран ғарып?!

***
Қайтып, Нүке, жата аласың жақ ашпай,
Қазақ деген халқыңменен санаспай?!
Ұрттарың у, ырылдасып ру боп,
Өтер күнің бар ма елім таласпай?!

Бір қазақтың баласымыз бәріміз,
Сенбейтіндей соған әрі-сәріміз.
Аз болғандай аңдысқаның ру боп,
Жүзің жүзге бөлінеміз әлі біз.

Кетсе кетсін без бүйректер бет бұрып,
Кетпесінші текті ұлдарың тек құрып.
Бөлінетін жайымыз жоқ дана елім,
Бөлінгенді бөрі жейді деп тұрып.

Көсілетін көрпең шолақ кеңбіз деп,
Тентірейсің алда талай теңге іздеп.
Қолда барды қадірлемей қор ғып-ап,
Аздан кейін таба алмаймыз емге іздеп.

Тірлік мынау бара жатқан тарылып,
Қайта орнай ма кім біледі тағылық?
Шындық бір күн шырылдата ма, қайдам?
Өрт өсектен біз болғанша арылып?!

Соны ойлап күнде қиял сүремін,
Бетімменен жер басқандай жүремін.
Отан үшін отқа түссем, ойланбай,
Халқым десем қарс айырылар жүрегім.
***
Жарасатын сияқты жетім тірлік,
Береке мен бірліктің бетін бұрдық.
Онды орнына қоятын қимылың жоқ,
Тіл мен жаққа таянып не тындырдық?!

Шеттеріңнен шіренген «мықты» бәрің,
Не бар оның ішінде «жүкті қарын»?
Бауыр – тасқа, айналып жүрек – безге,
Бет дегенің бұл күні тіпті қалың.

Қайырып қарттарың да кәрілігін,
Жұтып жүр сірә сусын «дәрілігін».
Арлы-ақылды болсам деген адамым жоқ,
Ақшалы болсам дейді бәрі бүгін.

Бұзылды екен салмақты салтың неден?
Аңсарларың ақша ғой алтынменен.
Қара бастың қамынан асып түсер,
Қайғы бар ма бізде осы халқым деген?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу