Өлеңдер ✍️

  01.11.2021
  314


Автор: Әкім Ысқақ

Өлі емес, тірі болғым келеді

(Студенттік дәптерден)

Өлі емес, тірі болғым келеді.
Жақсылардың бірі болғым келеді.
Ар-намыстың туын көкке маздатып,
Адамдықтың үні болғым келеді!

Өлі емес, тірі болғым келеді,
Ұсақ емес, ірі болғым келеді.

Биіктікке, армандарға ұмтылып,
Асқар таудың шыңы болғым келеді!

Пенделіктің құлы болғым келмейді,
Надандықтың сыры болғым келмейді.
Күйкі тірлік шеңберінде сенделген,
Көп пенденің бірі болғым келмейді!

Жасықтықтың құлы болғым келмейді,
Мұңсыз жанның бірі болғым келмейді.
Тіршілік ол – шексіз жырдың мекені,
Сол мекенде тірі өлгім келмейді!

Өлі емес, тірі болғым келеді.
Ізгіліктің нұры болғым келеді.
Арайлы таң, тазалыққа ұмтылып,
Адалдықтың үні болғым келеді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу