18.10.2021
  124


Автор: Дәркен Танабаев

АҚШАҒАН

І
Ақшаған қайда?
Көкем не мініп кеткен бе?
Тимеймін деген
Уәдесін берген өткенде.
Айтсаңшы әже
Қаражалды неге мінбнді?
Сағынып өзім
Ауылға әрең жеткенде.
-Сабыр ет қалқам,
Бассаңшы өшкен өкпеңді.
Тұқымы құрғыр,
Қарақшы деген кектенді.
Бір түнде айдап
Қойнауда жатқан үйірді,
Жылқышыларды
Найзамен шаншып кеткенді.
Кешегі сойқан,
Жатқанда әлі тарамай,
Атыңды ойлап
Жүргенің ұят балам-ай.
Жетсе тек жетер
Ақшаған ғана деді де,
Ала сұра мінген
Алды-артына Суан қарамай.
Артынан қуған
Жалманбет атаңның ұлдары,
Келсе екен аман
Болса екен алла-ай жолдары.
Малы да құрсын
Басы аман болса болғаны,
Басым боп кетпей
Қарақшылардың қолдары.
Қайғыға көмді
Құлазыған көңіл базарын,
Алау басқанды
Бір демде балғын ажарын.
Құлай кеткенді
Көрпеге жатқан төрдегі,
Білмейді қалай
Іштегі дертін жазарын.
-Әй, Дулат тұр-әй,
Жатқаның қалай төменде.
Жап- жақсы едің
Үлкен үй жақтан келгенде.
Саумысың өзің
Мазасызданып жатырсың.
Туу, күйіп тұрсың-ау!
Қызуың бар ғой денеңде.
Қымыздан ұлым
Сорпадан неге ішпедің.
Тәбетің тартпай
Тұрса да өзіңді күштегін.
Басыңды көтер
Жүріп қайт біраз далада,
Тарқасын қызу
Басылар бәлкім іштегің.
Тұрмады бала
Қызарып таңда атқан-ды,
Қызуы қайтпай
Бүк түсіп теріс жатқан-ды.
Мұңайып ана
Сары уайымға батқан-ды,
Тұлпарды ертеп
Үлкен үй жаққа аттанды.
ІІ
Керегі тұлпар
Бітпеді Суан әлегің,
Атаңның кеше
Малданған атын бала едің.
Күндерді өткен
Жүгіртіп ойға елесін,
Домалақ ана
Көлденең қоймақ дәлелін:
Домалақ ана
Немересі Дулат қасында,
Әңгімені қозғап
Өткен бір сонау жасында.
-Бәйдібек атаң
Айтатын еді қызық қып,
Ғайып Ерен мынау
Қырық Шілтеннің басында.
Сол күндер менің
Шықпайды бір сәт есімнен,
Болатын мезгіл
Күн ауа берген бесіннен.
Төменде тұрған
Тұт өскен тастың түбінен,
Ақ жылан көріп
Талып қалғанмын есімнен.
Бұлаққа апаррып
Бетімді сумен бүркеген,
Келінмін жап-жас
Еліктей қорқақ үркек ем.
Есімді жисам
Көрдің бе анау беттегі,
Қамыспен жапқан
Табылдым шағын күркеден.
Шап-шағын ғана
Жан-жағы ашық тар ұя,
Ақ үйсін-дейтін
Отыратын сонда қария.
Киімі де аппақ
Сақалы, қасы, шашы да.
Сарнатып қобыз
Күңіренетін дария.
Айтқанды сонда,
Өздеріңдей мен де құлмын деп,
Екі дүниенің
Есігінде қазір тұрмын деп.
Қызыр бабалар
Мойныма парыз жүктеді,
Қырық шілтенге
Қызмет қылып жүрмін деп.
Мал, аң, құстың да
Ағаш, бұлақтың бар киесі,
Ақ тұлпары бар
Ақ жыланы бар, ақ түйесі
Жаңа жауған қардай
Бәрі де аппақ кіршіксіз
Пірлері қолдар
Ғайып Ерен қырық иесі.
Тұрады бағып
Қарайды әрбір ісіңе,
Сәлем бере жүргін
Танымасаң да үлкен кісіге.
Беймезгіл келіп
Бір хабар айтып кетеді,
Қорғаушың болып
Енеді кейде түсіңе.
Адамның ісін
Көгінен тұрып аңдайды,
Көңілі таза
Ақылды жанды қолдайды.
Арсыздан жеріп
Қырсыққа шалар ондайды.
Жаманға қайғы
Жақсыға бақыт жолдайды.
-Қырық Шілтеннің
Малыма әже:Ақшаған,
Тұла бойы аппақ
Ұқсатып тұрмын тап соған.
Ақылды өзі
Ойымды сезіп тұрады.
Аламанда озып
Бәйгеде қонды бақ соған.
Құлын кезінде
Бөрілер талап енесін,
Шырылдап ақлған
Шоқалақтың кезіп дөңесін.
Жәудіреп көзі
Жасаурап жылап тұр еді,
Емдеген едік
Жарақат алған денесін.
Аулаға келіп
Кісінегені маған ұнайды,
Қолымнан күнде
Нанменен сүзбе сұрайды.
Қалғандай ол да
Мен де оған жіпсіз байланып,
Құлыншақ даусы
Сыйлайды нәзік шырайды.
Ат болғанында
Қалыппын тіптен байқамай,
Жабағы еді
Әп-әлсіз нәзік сайтан-ай.
Анамдай кейде
Елжіреп қарап тұратын,
Іштегі асыл
Сөздерін маған айта алмай.
Анамды салар
Ақшаған менің есіме,
Құшамын мойнын
Қысамын оны төсіме.
Жеріне жатқан
Анамның күнде барамыз,
Әжетай сізден
Жасырам оны несіне.
Кеземіз күнде
Қазығұрттың бұлақ, қырқасын,
Ақшаған менің
Сыр айтар әже сырласым.
Анасыз өскен
Жанымды ұғар мұңдасым,
Әзілдеп ойнар
Серігім, досым, құрдасым.
ІІІ
Арнасын бұзып
Өр өзен ағып өткендей,
Арынды екпін
Шыңдарға биік жеткендей.
Дауылпаз дала
Тұяқтар дабыл қаққандай,
Теңіздей тулап
Келеді тауды бөктерлей.
Құлады жасыл
Жамырай үйір жайлауға,
Ілгерде ауыл
Шашырап жатыр қойнауда.
Будақтап түтін
Ошақта қазан қайнауда,
Тай құлын мінген
Балалар жарыса ойнауда.
Аттылар желіп
Ақ үйге келіп түскенді,
Қаруын іліп
Қолдарын шайып ішке енді.
Домалақ ана
Қымыздан өзі ұсынып,
Ауыл жиылып
Ақ үйден бүгін түстенді.
Әңгіме болып
Кешегі шапқан барымта,
Тыңдайды үнсіз
Үлкен, кіші қойып бар ынта.
Суырыла Суан
Өктемдеу өткір даусымен,
Қайтардық деді
Қарақшыларға қарымта.
Қиялау бетте
Аса бергенде Өгемнен
Жағалай жүріп
Өзенде біраз бөгелген.
Тұлпармен кеше
Сол маңда қуып жеткенмін,
Төрт, бес қарақшы
Шыға келгенді төбемнен.
Қарақшы болып
Жалғыздан бесеу қорқама,
Сақадай сай тұр
Алмақшы боып ортаға.
Көргеннен танып
Қарадәуден қатты сескендім,
Ағаларымды іздеп
Қарап қоямын арқама.
Тапжылмай тұр-ау!
Пілдей-ау аты тебініп,
Найзамды жұмсап
Кетейін дегем шегініп.
Екпінмен ағып
Ақшаған соғып кіргенде,
Қарадәу ауып
Құлады шаңға көміліп.
Қалғаны қуып
Оларға атым жеткізбей,
Әуреге салдым
Өгемнен ары өткізбей.
Бауырларым келіп
Шетінен түгел сұлаттық,
Берілгендерін
Жібердім қанын төккізбей.
Ақшаған шауып
Мерейі асып тұрғанда,
Келе қоймас ұры
Қарақшы енді бұл маңға.
Кім болсын мейлі
Хан болсын маған бәрі бір,
Қылышпен шауып
Саламын басын құрбанға
-Доғарсаң етті
Асып сен Суан кетпегін,
Сабырлық сақта
Одан да балам ет жегін.
-Туу, әже сіз бе
Шаяндай шағып алдың-ау,
-Қолдамай қойса
Қайтер ең егер көктегің.
Апамды қара
Отыр ма аяп ұрыны,
Ол ант ұрғанның
Қатал да,
Ұзын құрығы,
Шамасы келсе
Бөрідей ойран салмақшы,
Қолымнан келсе
Қалмас еді жерде ұрығы.
Келгенде оғы
Қара дәудің маған дарымай,
Байқамай қалдым
Сөзіңнің әже зәрін-ай.
Қауымды Суан
Әзілдей сөйлеп күлдірді,
Мақтанбас едім
Отырғаныңды білсем кәрім-ай.
Естілді сырттан
Кісінің даусы шағынған.
-Жүгенді үзді
Жынданған болар қағынған.
Кіші үйге қарай
Ақшаған шауып барады,
-Е-е, бауыр басқан ол
Дулатты іздеп сағынған.
Қылығы аттың
Суанның жанын езгендей,
Батырлығынан да
Құштарлығынан да безгендей.
Езуін жырған
Ауыздыққа әрең төзгендей,
Жүрегі құрғыр
Бұйырмасын енді сезгендей.
Жай түссе де көктен
Саспайтын Суан иіліп,
Сұрланып қалдыы
Қатулана іштей күйініп.
Ақшаған қайт-деп
Атылып шықты далаға,
Қызғаныш билеп
Қабағы қалған түйіліп.
4
Домалақ ана
Бастады баппен әңгіме,
Кім келді дейсің
Жалғанға мынау мәңгіге.
Уақыт өзі
Байқатпай бізден ұрлайды.
Алады екен
Беттегі ажар сәнді де.
Осы ойлар мені
Жүреді күнде мазалып.
Әмірші уақыт
Сыйлайды әрі жазалап.
Тірліктің күні
Қытымыр кейде ғажап-ақ,
Білдірмей келіп
Кетеді бір күн ажал ап.
Қарақтарымды
Әдейі бүгін жинадым,
Құла биенің
Қымызымен майлы сыйладым.
Отардағы дәу
Қара қошқарды сойдырдым,
Қайтейін бірақ
Ішімнен аяп қимадым.
Біздерді қанша
Бейнетке осы шалдырған,
Қаншасы өлді
Қаншасы жауға алдырған.
Малы мен жерін
Теңдей қып бөліп алдыңдар,
Бәйдібек атаның
Тілеубердіме қалдырған.
Дұрыс-ақ апа
Жап-жақсы бөлдің үйірді,
Жіліктеп бердің
Түйені,қойды,сиырды.
Деп Албан салқын
Күдікпен қадап көздерін,
Оданда айтшы
Ақшаған кімге бұйырды?
Жарықтық тұлпар
Жүйрік те, кербез, әдемі,
Суан да апа
Дулат та одан дәмелі.
Маған бер деуге
Батылы бармай тұрды да,
Жолына қарап
Жасарсыз деді кәдені.
-Сырқаты ауыр
Ініңді егер көрмесем.
Енші бөлуге
Әдейі мұнда келмес ем.
Бауырдан гөрі
Сендерге қымбатат екен,
Сондықтан болмас
Дулатқа апарып бермесем.
Шақырып мені
Отырсың енді кеңеске,
Құлын кезінен
Баптаған Дулат емес пе.
Біреуің сауық
Жүргенде бірің егесте.
Егіз қозыдай
Жүретін олар дөңесте.
5
Аты да құрысын
Көреміз бәрін кезінде,
Еншімді алдым
Билікте енді өзімде.
Ауылыңды жина
Еретін болсаң бауырым,
Таусылды тағат
Шегіне жетті төзім де.
-Сабыр ет Суан
Асығып қайда барасың,
Басылшы енді
Ашуың аздап тарасын.
Ел жұрттан ұят
Тастай ма екен анасын,
-Дулаты бар ғой
Тоқалдың ұлы қарасын.
-Барасың қайда?
-Арқадан асам арыға,
-Сағынып елді
Жүресің онда зарыға.
-Шыдай алмаспын
Жетім мен кемпір зарына,
-Жем боласың сен
Ол жақта ұры қарыға.
Бұл жақта бізде
Ағайын-туыс, бауыр бар,
Іс түссе басқа
Жоғыңды жоқтап ту ұстар.
Ол жақта сені
Арыны күшті уыстар,
Еріңді құл ғып
Қара жерге тығар қуыс бар.
Шулатып елді
Барлығын жолға жинапсың,
Ағайынға сыймай
Ол жақта қалай сыймақсың.
Қазығұртты тастап
Кеткенде жанбас жұлдызың,
Қаратауды қалай
Алатауды қалай қимақсың.
Ініңнің сонша
Атына неге жармастың,
Кетем деп елден
Тағыда бүгін алжастың.
-Ағажан саған
Ер деп мен салмақ салмаспын,
Бір күнде мұнда
Бір сәт те енді қалмаспын.
Алашқа сыйлы
Апамды қойдың тыңдамай,
Қызбасаң Суан
Сөйлейсің және аңдамай.
Бетіңнен алған
Қайтатын мүлде түрің жоқ,
Жайлы бір қоныс
Таппасақ болмас таңдамай.
Дулат па анау
Ақшаған ба желмен жарысқан?!
Қазығұрт жақта
Ауыздықпен аты алысқан.
Қол бұлғап бізді
Шақырып жатыр қарашы,
Аққан жұлдызға
Ұқсайды екен алыстан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу