Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  208


Автор: Дәркен Танабаев

АСТАНА

Өткеніңе көз жіберіп Астана,
Тарихыңды парақтайын жастана.
Ата қоныс сардаламда,
Көшіп қонған нар бабама.
Жер ұйығы болдың жайлау баспана.
Асау жылдар айға құрық тастаған,
Жапан дала бөгде аяқ баспаған.
Төтеп берген қатал сынға,
Төрткүл дүние түгел мұнда.
Қазақстан алып құрылыс бастаған.
Қарашада көз ашпаған бораннан,
Алты ай қыста ақ ұлпаға оранған.
Аяз билі Ақмолаға,
Қыдыр дарып бақ қона ма?!
Ақ қайыңдай сылаң қағып таранған.
Мамырласа жасыл жұпар бүлдемен,
Мейірім нұрын төгер сонда күн жебең.
Нұрлы ғалам Астанама,
Көрік беріп бас қалама.
Арқа белі, қызыл, жасыл гүлдеген.
Көк күмбезді «Ақ Орда»-сы Тұранның,
Дуылғасын киген батыр ұланның.
«Сот үйі» тұр таразыдай,
«Қорғанысым...» берен мұздай.
«Министрлік» қанатындай қыранның.
Бала біткен малтып ойнап жағада
Фонтан билеп кемпірқосақ сағада,
Тербеледі ән сарынға.
Әсем түрлі шамдарыңда.
Алтын арай нұр шашады қалама.
Беу, Астанам! Жазирадай жайнаған,
Құшағыңда бейбіт өмір қайнаған.
«Бәйтеректен» тамсанамын,
Пай! Керемет жар саламын.
Жүрегімде ғажап сезім ойнаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу