Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  117


Автор: Дәркен Танабаев

Таң қаламын бірақ...

Таң қаламын бірақ оның несі мін,
Жан досыма тие қалса кесірім.
Сыр мінезді бола қалар тәкаппар,
Артық кетсең жасамайды кешірім.
Сырдария толқып ағар қарашы,
Шипалы екен күні менен ауасы.
Қыз біткені түгел мұнда қызғалдақ,
Шеттерінен мәрт келеді баласы.
Қамыс бойлап жүзер аққу қосымен,
Барсам ба екен сізді іздеп досыммен.
Үзсем бе екен қырдың қызыл гүлінен,
Бір ағаттық жасадым ба осы мен.
Үңіліп жай, жүгіргенде көздерің,
Сен сөзімнен таба алмассың өзге мін.
Жазған хатым ол кәдімгі көгершін,
Ентігіп тұр әрең айтып сөздерін.
Шаршап келген демігіп тұр қарашы,
Бар ма екен жүрегінде жарасы.
Сізде бізге бір көгершін сыйлаңыз,
Жол боп тұрсын екі ауылдың арасы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу