Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  137


Автор: Дәркен Танабаев

Қызылқұмның ұлан-ғайыр даласы,

Қызылқұмның ұлан-ғайыр даласы,
Күнге төсін төсеп жатыр,қарашы.
Дарияны қоршап алып ну тоғай,
Сыбдырласып жатқан болар шамасы.
Сері желің, елеңдеген желігіп,
Сыр аруға отты леппен демігіп.
Жыңғыл, жиде, қалың қамыс тербеліп,
Сырын айтар сері желге еліріп.
Шағалалар мен мұндалап жар салып,
Дарияны айнала ұшқан тамсанып.
Сандуғаштың үні естілді сайраған,
Отыр екен қай бұтада ән салып.
Күннің көзін тартып алып тереңге,
Көк аспанды Сыр бетінен көремде.
Алтын сәуле шағылысып жағаға,
Бүкіл әлем батып кеткен зереңге.
Күнде құлап соңғы нұрын жинайды,
Ақша бұлтқа қызыл алау сыйлайды.
Құбыла да қызыл нұрға боялып,
Күн патшаны, түн ханшаға қимайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу