Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  111


Автор: Дәркен Танабаев

Қандай сиқыр байлап қойды,

Қандай сиқыр байлап қойды,
Саған аңғал басымды.
Қабағыма қайғы толды,
Жасыра алмай жасымды.
Көкейімде сезім бұлақ,
Сыңғыр қағар естігін,
Құсалықтан жаным жылап,
Баса алмай тұр өксігін.
Жылап тұрып күлемін мен,
Өзіңді іздеп ой алаң.
Кейде өзімді ұмыт қылып,
Өзің болып ойланам.
Кеттің бе екен қайта жанып,
Өзегіңді от қарып,
Жанарыңнан жас тамса да,
Сыр ашпадың ақтарып.
Көзіңнен жасты сүрттің де,
Айнаға келіп үңілдің.
Сезімге іңкәр беріліп,
Өзіңнен-өзің түңілдің.
Кешіре алмай кеттің күйіп,
Ауыр сөздер мазалап.
Шындығында жаттың сүйіп,
Өз-өзіңді жазалап.
Өкпе назды сөздерімді,
Көтере алмай күрсіндің.
Арамызда бары анық,
Маған жұмбақ бір сырдың.
«Келме» дедің қайсарлықпен,
Тежемек боп өзіңді.
Мұздай суға сала салдың,
Жанып тұрған сезімді.
Тағы да күн көтерілді,
Сүзіп өмір елегін.
Екеумізді бөлген жайдың,
Әлі іздеймін себебін
Мен осындай күй кешемін,
Күй кешпесем білмес едім.
Таң жұлдызым өзіңменен,
Арай таңда тілдесермін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу