30.08.2021
  134


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Сәбіз бен шомыр

Қожанасыр түнде біреудің бақшасына түсіп, қабын сәбіз бен шомырға толтыра бастайды. Кенеттен келіп қалған бақша иесі:


— Ей, Әпенді, сіз мұнда не істеп жатырсыз? — дейді айқайлап.


— Жай, таза ауа жұтып жүрмін, — дейді Әпенді.


— Ал, кәне, жүр мұнда!


— Түн ішінде қайда барамыз?


— Түнімен көкөністі ұрлайтындарды естен шықпастай етіп жазалайтын жерге.


— Ағатай, — дейді Қожанасыр жалынып, — не істесең, оны істе, тек мені жұрт көзінше масқаралай көрме.


— Онда өзіңіз жұлған әр сәбіз, әр шомырдан жаза тартыңыз.


Әпендінің келіспеске амалы қалмайды, қожайын екі білегін сыбанып, сәбіздермен май құйрықтан ұра бастайды. Әпенді әр соққы жеген сайын:


— Құдайым, бір керемет жасай гөр! — деп жалбарына түседі.


— Қандай керемет жасауды сұрап жатырсыз, Әпенді? — деп сұрайды қожайын.


— Қаптағы сәбіздердің астында дәу шомыр жатыр. Соны сәбізге айналдыра гөр деп сұрап жатырмын, — депті Қожанасыр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу