Өлеңдер ✍️

  05.08.2021
  120


Автор: Қасымхан Бегманов

Қырғи-қабақ жүргенменен көп мейлі

Тілейтұғын жан болса егер саған бақ,
Мені өткізіп жібермейтін амалдап.
Ит терімді қаптар менің басыма,
Достасқаннан қоштасқанша жамандап.
Жұматай Жақыпбаев

Қырғи-қабақ жүргенменен көп мейлі,
Төбелесте жүрегіңнен теппейді.
Сөз ұқпаса жұдырықпен перетін,
Бала кезім көкейімнен кетпейді.
Ешқашанда абыройды төкпейді,
Мына шағым, бала кезге жетпейді.
Мені мақтап әуре болып қайтесің,
Бұл иттерге бір сөзіңде өтпейді.
Келер, келер әйтеуір бір кезегі,
Сезгендіктен үнсіз ғана төзеді.
Атымды атап, мені ешкімге мақтама,
Қызғаныштан өртенеді өзегі.
Өйткені оның қымбат қазір тезегі,
Күндіз-түні өртенеді өзегі.
Ол туралы білген кезде шындықты,
Сұмырайдан ең жақыны безеді.
Жолатпайды маңына ол өгейді,
Жылпос пенен жағымпазды демейді.
Өлеңіне айтқан сөзі сай емес,
Бұл күндері осындайлар көбейді.
Бірін-бірі мадақтайды, жебейді,
Өлең жазғыш қопаңбайлар көбейді.
Күндіз-түні жамандайды, апырау,
Халық бәрін көріп отыр демейді.
Көктем келіп тербелгенде қыр гүлі,
Белгілі боп барша жұртқа ұрлығы.
Иттерісін қаптар біреу басына,
Бұл қылығын қоймаса егер бір күні.
Алда, арба, мейлі қымбат затымды ал,
Бірақ менің арымда не қақың бар!
Оңашада аялайтын, аймалап,
Жақын болып кетті маған қатындар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу