Өлеңдер ✍️

  04.08.2021
  122


Автор: Сайын Назарбекұлы

Өтелмес бұл өмірде қарыздармын

Тербетіп талай мені таң атырдың,
Қаның мен жаныңнан мен жаратылдым.
Парызын ең ақырғы өтей алмай
Топшысы сынып жатыр “қанатыңның”.
Өзіңдей жоқ қой енді жанашырым,
Жетімдік басқа түсті, ана, шыным.
Сала алмай бір-ақ уыс топырақты,
Жылайды жақсы көрген “қарашығың”.
Күтіп ем жылдан жылға ержетермін,
Сезбеппін “ит өмірдің” кер кетерін.
Кім білген тобық жұтқан бұл өңештің,
Бір қасық сорпа жүрмей терлетерін?
Емес ем сойы тентек ұрыншақтың,
Зауалын тарттым сонша “зұлым шақтың”.
Жан даусы жетті ме, ана, шыңғырғанда,
Қылбұрау мықтап түскен “құлыншақтың?”.
Тырнағын салып жатыр жауыз қайғы,
Ұлыңа бір жұтым су, ауыз қайғы.
Жұмада, мүмкін, сені жерге берер,
Ал мені тағы да бір “бауыздайды”.
...Айтылмай кетер енді арыздарым...
...Білемін ана алдында парыз барын...
...Анажан, ақ сүтіңді кешіре гөр,
Өтелмес бұл өмірде қарыздармын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу