22.07.2021
  185


Автор: Өтепберген Ақыпбекұлы

Үш қалаш

(Кәсіп туралы ертегі)

Ықылым заман...
Құлқыны –
Жұтып қояр сықылды:
Бір шал,
Қызы екеуі
Күн кешіпті жұпыны.

Артпаса бағасы,
Шүкірлік,
Бар дәм, асы.
Шал мен қыздың тұрағы –
Көк теңіздің жағасы.

Көк теңізді төрдегі,
Бұлар: «Тәңір», – дер еді:
Балық аулап, ау тартып,
Талған емес өзегі.

Қыз ба?..
Қыз ол – бойжеткен,
Күн келбетті,
Ой, көркем!..
«Тәуба», – дейді шал іштей,
Болатындай той ертең.

Бәрі бір: жаз, ақ қар ма,
Шілде ме, әлде ақпан ба:
Шал да,
Қыз да риза –
Таң атып, күн батқанға...
* * *

Бірде…
Кезі ақпанның,
Тым суық бұл шақта күн:
Нөкерімен сау етіп,
Ұлы келді патшаның.

Патша ұлы әдемі,
Кербез екен әрі өзі:
Аяз сорып қызартып,
Домбығып тұр сәл өңі.

Туғандай ол бағы асып,
Сөйлемеді жақ ашып.
Аңға шығып...
Бұл жаққа
Келген екен адасып.

Дәм татқызу – шарт,
Бұл – заң.
Оңбайды ғой салт бұзған.
Қонақтарға
Шал мен қыз –
Дәм татқызды ас-судан.

Жүзі нарттай құбылып,
Патша ұлы отыр сызылып:
Шалдың сұлу қызына
Қарайды тек сүзіліп.

Көз салмайтын таңданбай,
Күн дидарлы,
Аймаңдай –
Қызды,
Ұлы патшаның
Тым ұнатып қалғандай.

Сұрастырып жоқ-барды,
Қоштасатын шақта әлгі...
Патша ұлы
Нұр-қызды
Қимай-қимай аттанды...

* * *

Іс болмайды желеусіз,
Бақ дейсіз бе, не дейсіз:
Патша келді –
Шал мен қыз,
Тұрған үйге елеусіз.

Құрақ ұшып шал, бірақ,
Иілмеді салбырап.
Терезесі тең жандай,
Отырды нық хал сұрап.

«Қыз жоқтай...» – деп кеселмен,
Патша сәл-пәл жөтелген...
Көп күттірмей,
Бастады ол
Әңгімені төтеден.

Ол түксиді, түнерді,
Билеп-төстеп бір өзі:
Патшаның бар қолқасы –
Қызға келіп тірелді.

Қауқалақтап, абдырап,
Иілмеді шал, бірақ:
«Кәсібі не балаңның?..» –
Деп сұрады жалғыз-ақ.

«Жиған дәулет аз ба еді,
Әлде, өрең тар ма еді:
Кәсібің не?..
Ұлым ол!..» –
Патша аң-таң қалды енді.

Шамданбады шал бірақ,
Қысылмады абдырап:
«Кәсіп болмай, –
Деді, – адам,
Жинай алмас мал құрап.

Мейлі қорқыт,
Үгітте,
Мінеп, сына, күліп те...
Қыз бермеймін, –
Деді шал, –
Кәсібі жоқ жігітке!..»

Осы болар білгені,
Патша орнынан тұрды енді:
«Өзің әкеп бересің,
Қызыңды...» – деп зілденді...

* * *

Естіп, біліп тап мұны,
Тікіреймей жақ түгі:
Әкесінің ашуын
Өршітпеді патша ұлы...

«Жөн!» – деп,
Ұлы патшаның,
Шалдың істеп айтқанын:
Себет тоқуды үйренді,
Қаржы жинап қанша мың.

Жақсыны кім құптамас,
Ши-ыдыспен нұсқалас:
Себет тоқып,
Патша ұлы
Табар болды үш қалаш...

Себет тоқу – бұл бедел,
Қажетсінер күнде ел...
...Тартты –
Шалға,
Нұр-қызға,
Патша ұлы тым жедел...
* * *

Баяғы үй…
Тым ыстық!
Ауа құрғақ, тымырсық.
Көк теңізде –
Қиқулап,
Шағалалар жүр ұшып.

«Әдейілеп іздеп кеп,
Сәлем беру – ізет!» – деп,
Патша ұлын –
Шал мен қыз
Сыйлап жатыр құрметтеп...

Ырысы ма тағдырдың,
Көңілді еді шал бүгін:
Патша ұлына –
Ол енді
Ақтарды ашып бар сырын.

Нұрлы сәуле құйылып,
Көк теңіз де тұр ұйып.
Патша ұлы –
Нұр-қызға
Қарап қояр жымиып…

* * *

«Құлағымда зарлы үні...
Тарта алмадым нар жүгін...
Солай, балам!..» – деп қойып,
Шал ақтарды бар сырын...

– Патшасы едім бір елдің,
Қиындықсыз нұр емдім:
Күнде думан, той іздеп,
Күнде қызық тіледім...

Дәуірледі атағым:
«Әскерім бар қанша мың,
Мықты және қамалым», –
Деп өзіме тамсандым.

Айырылды ел – кәсіптен,
Айырылды ел – нәсіптен...
Жау шапты да бір күні,
Әзер шықтым қашып мен.

Қашып шықтым, нетермін,
Отбасым һәм нөкерім –
Бағытымыз белгісіз,
Бос сенделдік неше күн.

Жерге бұғып тасалы,
Қуғыншы-жау атады:
Бізді қорғап –
Нөкердің
Селдіреді қатары.

Басқа түсті зар заман,
Қатер болды әр қадам.
Бәрі өлді,
Тек осы –
Қызым жалғыз қалды аман.

Тентіредік текке біз,
Өшті әбден өкпеміз:
Өлі балық кезігіп,
Қорған болды – Көк теңіз.

Өзіме-өзім кейідім,
Өз-өзімнен жеріндім.
Жоқ – отбасым, серігім,
Кінәлі тек өзіммін.

Екі ете алмай бір қолды,
Күйге түстім тым сорлы:
Жалғыз қызды –
Аман-сау,
Сақтап қалу мұң болды.
Қолдан келер жоқ кәсіп,
Жүргендеймін шоқ басып.
Балықшы боп жалдандым,
Ау тартуға топтасып.

Патша көңіл тасынар,
Тіршілік бас қатырар:
Кәсіп деген,
Адамның –
Нәсібі екен асырар.

Асып тусаң да атадан,
Нәсіп ¬– ырыс,
Татар дәм.
Кәсібі жоқ адамның,
Нәсібі кем қашаннан...

Кәсіпсіздік –
Үгілу,
Боркемік боп бүгілу.
Кәсіп қылмау,
Үйренбеу –
Тіршіліктен түңілу.

Ит боп, шөпті қорыған,
Өткенді ойлап, торығам...
Өткенді ойлап, солығам:
Кәсіпсіз жан –
Өлі жан...

Бұл өмірдің мәні не?
Өкінемін әлі де:
Жұрттың қаны мойнымда,
Кінәлімін бәріне...

Шалдың жүзін жас жуды,
Толқын басын тасқа ұрды.
Көзден жасы мөлтілдеп,
Қыз қамдап жүр ас-суды...

Сөз жүйесі, төркіні,
Ойға бастар не түрлі:
Патша ұлы да –
Тастай боп,
Қатып қалған секілді...

* * *

Нұр сәулесін таратқан,
Күн батқан да, таң атқан...
Патша ұлы
Сыр түйді –
Оқиғадан шал айтқан.

Патша ұлы:
Текті, арлы,
Бір шешімге тоқталды.
Әкесіне –
Бұл шалдың,
Қойған шартын еске алды.

Ойы шалқып, тасынып,
Шал сөзіне бас ұрып:
Нұр-қызбен сөз байласып,
Аттанған¬-ды асығып...

Аттанды да патша ұлы,
Шал сөзіне бас бұрды:
Әр адамға –
Бір кәсіп,
Меңгеруді шарт қылды.

Түңіл, мейлі, түңілме,
Айналды бұл ілімге:
Кәсіп керек –
Үш қалаш
Табатұғын күніне.

Жұрт ұзатып күндерді,
Бос сенделіп жүрмеді.
Нәсіп үшін –
Әркім-ақ,
Адал кәсіп үйренді.

Қарсы тұрмай қасарып,
Пейілденді аса жұрт.
Патшалықтың іргесі –
Беки түсті қатайып...

* * *

Көркейді де аймағы,
Патшалық гүл жайнады:
Әркім ¬–
Күнде үш қалаш
Табу –
Шартқа айналды.

Міндеттеген бар елді,
Үш қалаштың –
Ал енді:
Түсінгенге,
Білгенге –
Терең мәні бар еді.

Міне, былай дұрысы:
Бір қалаш – өз ырысың.
Жұбайыңа ¬– ал бірі,
Бірі – ұлың мен қыз үшін!..

Жұрт ұзатып күндерді,
Бос сенделіп жүрмеді.
Нәсіп үшін –
Әркім-ақ,
Адал кәсіп үйренді.

* * *

Патша ұлы Ер еді,
Шал мен қызға келеді...
...Көбік шашып Көк теңіз,
Толқын жағаны өбеді.

Ер екенін көрді шал,
Өр екенін көрді шал:
Патша ұлы мен қызына
Ақ батасын берді шал!..

Үш қалаштың сыры бұл –
Таусылмайтын ұлы жыр.
Кәсіптің не екенін,
Енді өзің біліп жүр!..

Нәсіп табам десеңіз,
Кәсіп тауып көктеңіз...
...Шағалалар шарқ ұрып,
Толқып жатыр Көк теңіз!..


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз.
Жақсы