Өлеңдер ✍️

  19.07.2021
  161


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Бітік еткей егінді

Бітік еткей егінді
Әлемге бірдей нұр шашып,
Көктем шықты, күн күлді.
Дүние балқып, нұрланып,
Ақ меруерттей төгілді.
Иісі аңқып жұпардай,
Жер беті гүлге көмілді.
Зердей болып тотыққан,
Көтерді шаттық көңілді.
Көңіл түгіл, күн нұры,
Балқытты жерде темірді.
Қыстан әрең сілінген,
Арық-тұрақ семірді.
Және күлді, күн күлді,
Төгілді нұр, төгілді,
Жер балқыды егілді,
Қыстай баққан қара өгіз,
Қосқа бастап жегілді.
Жер жыртылды, тілінді,
Тұқым бастап себілді.
Төгілді нұр, төгілді,
Бітік қылғай егінді.

1927.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу