Өлеңдер ✍️

  18.07.2021
  135


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Көктем

Қара жер қар, тоң кетіп қойнын ашты,
Көтерді, ашқан заман, гүлдер басты.
"Көрсет,- деп, - көпке тұрып түрлеріңді",
Бұлт бұған бу, буалдыр әтір шашты.
Ай мен күн осыларды қошеметтеп,
Қыздардай қылық көрсетіп, қақты қасты.
Көктердің бойы өсіп, буыны бекіп,
Бәрі де болып ырза, басты ырғасты.
Желегін жаңа жылдың көтеруге,
Жан-жақтан желдер де кеп, ұшырасты.
Сайрауға сандуғаш пен бұлбұл біткен,
Ішіне бау мен бақтың араласты.
Құлпырып қызыл күрең қырмызыдай,
Көрсетті шайқалып жер сондай нашты.
Кемпір, шал тоқсандағы тоңғанынан,
Көзінен, кетті ұмытып, аққан жасты.
Қызығып қылығына қара жердің,
Ел "егін ексек" деген ойға қашты.
Дайындап, қаптарына салып жатыр,
Тары, арпа, бидай, сұлы, күнжіт, машты.
Бұлардың былайынша біліп ойын,
Бұлақтар қай жердегі қайнап, тасты.
Қалайда отыратын уақыт емес,
Болмаса ақсақ, мешел көзі састы.
Осы еткен талаптарың оң болсын, - деп,
Олар да отырғанмен ақылдасты.
1918.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу