Өлеңдер ✍️

  18.07.2021
  152


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Көп екен көргеніңнен кермегенің

Көп екен көргеніңнен кермегенің,
Жақсы екен бәрінен де өлмегенің!
Болғасын атың — Адам, асылың — лай,
Бола ма басқылауға көнбегенің.
Еркі бар егіншінің тегістеуге,
Жерінің шұқыр – шоқат, доң дегенін.
Шаршатып шаруа да бас білдірер,
Аты мен атанының "жөң" дегенін.
Өзіне ұсталар да міндет көрер,
Көздігін келістіріп өңдегенің.
Болса олай, "болған іске болат болып",
Ұнайды ой-қиялды бөлмегенің.
Ақ отын ақымақ қанша үрлесе де,
Әркім де айтқан шығар сөнбегенін.
Өзің де екі бастан байқадың ғой,
Еш нәрсе уайымнан өнбегенін.
Түбінде түкті жүрек, туымды ерсің,
Табынан тайып төмен, төнбегенің.
Онан да өңің бұзбай отыр да ғой,
Бірдей боп ұзының мен көлденеңің.
Неше рет есің болса есіттің ғой,
"Шамасыз шапағаты оның мол" дегенін.
Кісінің көңіліне келіспейді,
Сырқаудай сылтауратып көнбегенің.
"Сары алтын — сабыр түбі" деген болып,
Көрерсің ісінді Хақ жөндегенін.
Осылар онда ойыңнан ұмытылар,
Толайым тілладай боп теңдегенің.
Көрсет деп кеңшілікті кешіктірмей,
Қоюлы көкіректе қол дегенің.
Ойыңа өтірік деп ала көрме,
Өткеннің: "Көп тілегі — қол" дегенін.
Қанығып қымызына қуаныштың,
Шат болып, шалықтарсың шөлдегенің.
Кешікпей кеңесте де есітерміз,
Бәрің де бұрынғыдай бол дегенін.
Қосылып Құдай қосқан қосағыңа,
Көрерсің ұл-қыз тауып төлдегенін.
Айырып, атын атап алып қалар,
"Осында, обалың жоқ, өл" дегенін.
Шыдайық, әзіріне ете берсін,
Өзінің заң мен жоба, жол дегенін.
Оларды осынша елдің сілесі ұрсын,
Күндесе Үкіметтің өрлегенін.
Қалмастан Қазақстан қолқалайды,
Сұмдарды сол сияқты серлегенің.
Себебі, қанша азамат қамауда отыр,
Аттың да ұнатпайтын терлегенін.
Көреміз күмәні жоқ, ол иттерден,
Солардың сондайынша шерлегенін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу