👈 қаріп өлшемі 👉

  19.05.2021
  240


Автор: Қадыр Мырза Әли

Ноян қоян

БАРАР ЖОЛДА

Қоян деген мықты
Саяхатқа шықты.
Поезға кеп мінді,
Көп ішіне сіңді.
Қорықты ма қатты,
Жоғарыға жатты.
Бадырайып көзі,
Қалғымады өзі.
Көретұғын маңды
Күтті жарық таңды.
Шыдамады ол бірақ,
Жол дегенің жырақ.
Жастық болды құлақ
Жатты ұзыннан құлап.
Болар деп ед жаман,
Оянды-ау ол аман.
Жүрді осылай үш түн,
Тимеді оған ешкім.
Сырларына қанып,
Алды жұртты танып.
Айтты сосын өлең:
— Саяхаттап келем!
Қалды белес-белең
Қандай байтақ әлем!
Жоқ вагонда бұзық,
Көретінің қызық.
Жоқ Қасқыр мен Түлкі,
Еститінің— күлкі,—
Дей бергенде Қоян,
— Бір Қоянға тоям!—
Деген дауыс шықты,
Ноян сасып бұқты.
Жолаушылар күлді,
Қоян енді білді:
Дей жаздаса «Көкем!»
Жәй бір әзіл екен.
Сапар жақсы болды,
Сәтті өткізді жолды.
Жасыл, қоңыр, ала
Қалды байтақ дала.
— Мынау біздің қала!—
Деді оған бір бала.
«Сарт-сұрт,
Сарт-сұрт!
Пухһ-пухһ!
Ухһ-ухһ!
Пыш-пыш!
Түс!
Түс!—
Деді поез жұртқа,—
Шығыңыздар сыртқа!»

МЕКТЕПТЕ
Қоян қыли көзді
Көшелерді кезді.
Трамвайға мінді,
Көрді дейсің кімді?
Екі-үш тентек бала
Мінген еді мана.
Әрі билет алмай,
Әрі түсіп қалмай
Келе жатыр көппен,
«Ұятсыздар неткен!
Мұндай бала жаман!
Мұндай бала жаман!»—
Деді Қоян налып,
Күрсіне дем алып;
Чемоданы қолда,
Түсті орта жолда.
Айналасы көктеп
Алдында тұр мектеп.
Қоян келіп кірді,
Кереметті көрді.
Алты, жеті, сегіз...
Қояндар жүр семіз.
Жоқ топырақ, шаң да,
Жоқ қауіпті аң да.
Бар бәрінің үйі,
Болса осындай күйі!
Алдарында нағыз
Тәтті тағам — сәбіз.
Жоңышқа мен сұлы,
Кім көріпті мұны!
Сусын да бар тұнық,
Ішіп ал да тынық!
Тұз да жатыр, кемір,
Міне, рақат өмір!
— Айтыңызшы маған,
Мынау түрлі тағам
Қайдан келді сізге?
Не бар тағы өзге?
— Анау бір топ бала
Бізге қамқор, пана.
Солар бәрін тапқан,
Солар бізді баққан.
— Мұндай бала жақсы!
Мұндай бала жақсы!!—
Деді Қоян мықты,
Сосын сыртқа шықты.
Аңдары жоқ шақар,
Ұнады оған шаһар.
Бірақ, бірақ, бірақ,
Бітіп қалды құлақ.
Ерсіл-қарсыл,
Тарсыл-тарсыл,
Даң-дүң,
Шаң-шұң,
«Шүу-шүу!»
У-шу —
Болды-дағы қасы,
Айналды оның басы.

ЗАВОДТА
Қоян қыли көзді
Талай жерді кезді.
Шаршаған ғой жаяу,
Келе жатыр баяу.
Салып асыр-ойнақ
Жүр топ бала ойнап.
Қоян қызық көрді,
Соған қарай берді.
Ойын десе, әлгі,
Не деуші еді, ләңгі.
Тиынға қыл тағып,
Қақпақыл ғып қағып,
Салп-салп етіп балақ,
Секіреді санап.
«Қор болған көк тиын!
Тозған аяқкиім!
Бұл ойынның қоры,
Ата-ананың соры!
Мұндай бала жаман!
Мұндай бала жаман!—
Деп тұр Қоян ойлап,—
Қайтем бұлай ойнап!»
Қалды шулап бәрі,
Қоян кетті әрі.
Заводқа кеп кірді,
Кереметті көрді:
Көп трактор жаңа,
Көп комбайн жаңа.
— Айтатұғын өлең
Машинаны кілең
Алдыңыздар қайдан?
— Түскен жоқ қой Айдан!
Өздеріміз жасап
Алдық!
— Ғажап! Ғажап!
— Балалардың жиған
Темірінен құйған
Тракторлар анау,
Білесің бе санау?
— Біреу, екеу,.. қырық!—
Деп санады ол тұрып.
Тракторлар көп-ті,
Жүзден асып кетті.
— Көп қой мынау мүлде,
Бересіздер кімге?
— Балалардың жиған
Темірінен құйған
Тракторлар бұлар,
Алады енді солар.
Тұрмайды олар мұнда,
Жібереміз тыңға.
— Мұндай бала жақсы!
Мұндай бала жақсы!—
Деді Қоян мықты,
Сосын сыртқа шықты.
Шарт-шұрт,
Жарқ-жұрқ,
Гүж-гүж,
Быж-быж,
Ду-ду,
Гу-гу! —
Деген завод қалып,
Чемоданын алып,
Кетті Қоян тыңға,
Қызығы бар,
Тыңда!

ТЫҢДА
Қоян қыли көзді
Кең даланы кезді.
Жарып бұлтты, көкті
Самолетпен кепті.
Сұр шапаны қолда,
Келе жатты жолда.
Бір топ бала көрді,
Сүртіп қойды терді.
Бұрды соған бетті,
Ә дегенше жетті.
Бірі айтысып көппен,
Бірі шылым шеккен.
Жатыр ойнап асық,
Ығар емес сасып.
Қоянды олар көрді,
Бірақ ойнай берді.
«Асықшылар азар,
Шылымшылар тозар!
Мұндай бала жаман!
Мұндай бала жаман!—
Деп тұр Қоян ойлап,—
Нем бар бұлай ойнап!»
Қалды олардың бәрі,
Кетті Қоян әрі.
Таң қалдырып елді,
Қырманға ол келді.
Жұрт та мұнда жарқын,
Жұмыста үлкен қарқын.
Кеңес беріп шал бір,
Өңшең бала алғыр
Еңбектері үстеп,
Жүрген жұмыс істеп.
Астық тау боп жатыр.
— Қайдан жүрсің, батыр?
— Шыққан жерім— қала,
Көрмегім — тың дала.
Мынау өңшең бала
Қайдан келғен, аға?
— Ағаларын жебеп,
Беріп жүрген көмек,
Еңбек сүйгіш әрі
Оқушылар бәрі.
Қайран жастық,
Жастық!
Еңбеккүнге астық
Алып биыл тағы,
Көрмек қоян бағып!
— Мұндай бала жақсы!
Мұндай бала жақсы!—
Деді Қоян мықты,
Машинаға шықты.
Гүр-гүр!
Дүр-дүр!
Пе-пеп!
Дө-дөт!
Зу-зу!
Еу-гу!—
Деген қырман қалып,
Чемоданын алып
Кетті ілгері Қоян,
Міне нағыз ноян!

ФЕРМАДА
Қоян қыли көзді
Талай жерді кезді.
Мініп алып атқа
Шапты ферма жаққа.
Болып сорлы күлкі
Қашты одан Түлкі!
— Жетсем, тірі соям?—
Деп қояды Қоян.
Қасқыр да одан састы,
Қырдан бір-ақ асты.
— Қорықтың ба, туған?
Қалай екен қуған!—
Деп те қойды Қоян,
Міне нағыз ноян!
Бір мезгілде алдан
Бұзау мініп алған,
Ұстап ноқта жіпті
Үш-төрт бала шықты.
Бұзаулары әлден
Болдырыпты әбден.
Кетті Қоян аяп,
Жетіп келді таяп.
— Бұларыңыз ұят!
Бұларыңыз ұят!
Мұндай бала жаман,
Мұндай бала жаман!—
Деді-дағы асты,
Атқа қамшы басты.
Жортып-жортып алды,
Айнала көз салды.
Жүрген бір топ қозы,
Түсті соған көзі.
Тепең-тепең етіп,
Келді соған жетіп.
Бір бала жүр бағып,
Қалды ол оған жағып.
— Қойшы бала, аман!
Қайда ата-анаң?
— Олар үйде, аман.
Қой бағады ағам.
Келеді ғой шамам,
Қозыны өзім бағам.
Басталғанша сабақ
Әлі де уақыт кеп-ақ.
Өстіп көмек берем,
Еңбек етіп көрем...
— Мұндай бала жақсы!
Мұндай бала жақсы!—
Деді Қоян тұрып,
Аттың басын бұрып.
Тағы жүріп кетті,
Бір фермаға жетті.
Азан-қазан,
Айқай-ұйқай,
Аухау-аухау!
Шөре-шөре!
Мө-мө-ө!
Мәһ-мәһ!—
Деген ауыл малды
Оны қарсы алды.

ҚАЙТАР ЖОЛДА
Бел-белесті басып,
Поез кетті асып...
Ноян Қоян жолда,
Чемоданы қолда,
Келе жатыр қайтып,
Өлең-жырын айтып:
— Саяхаттап келем!
Сұлу екен әлем!
Біздер түгіл Тазы
Жүрсе де қыс-жазы,
Шықпас Жерді кезіп,
Кетер өзі-ақ безіп.
Поез деген ұшқыр
Жатқан алып күш бір.
Самолеті ғажап,
Ұшсаң-дағы аз-ақ,
Болса да жер шеті,
Барасың тез жетіп.
«Аумаған бір маймыл,
Күшті дейсің қай бір!»—
Дейтіндер жәй надан,
Нағыз мықты — Адам!
Көк аспанға тиіп,
Тұрған үйлер биік,
Балаларды көп-көп
Оқытатын мектеп,
Кітап-дәптер, дәрі,
Қуыршақтың бәрін
Істейтұғын адам,
Кімдер мықты одан!
Балалары-ақ әйбат,
Шекпейді екен айбат.
Ұнатпаған мен тек
Болды аздаған тентек.
Әйтпесе ғой көбі
Бар қолының ебі,
Күш-жігері тасқан
Өнерпаздар асқан.
Бар керегін тауып,
Қоянды да бағып,
Өсіруде мән бар —
Емес тегін жандар.
Осы үшін-ақ өзім,
Тірі болса көзім,
Шықсам қыстан күйлі,
Жіберемін сыйлық.
Ал Түлкі мен Қасқыр,
Қара албасты басқыр!
Тіспен іреп сойып,
Кете берер тойып!—
Деп отырып Қоян,
Саяхатшы ноян
Жетті орманға қалың,
Білесіңдер халін...
Көк-көк!
Шиққ-шиққ!
Шыр-шырр! Ь
Ырр-ыр-р! —
Қоян бәрін ұмытып,
Кете барды зытып!


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы